«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕСКІНДЕМЕНІҢ ХАС ШЕБЕРІ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

…Бірде кешкілікте Бескөл ауылынан қалаға келе жатып, кіреберісте бір жарқыраған ғажайыпты шырамыттым. Оны Бескөлге бара жатқанымда байқамаппын. Атауы “Бәйтерек” екенін сол жерде ойладым. Мұны қай уақытта салып үлгерген?! Сәулеті ғажайып екен. Сол сәтте ойыма суретші Анатолий Бургаевтың “Бескөлден тартылған жол” деген туындысы орала кетті. Онда қысқы жол, оның бойындағы бағандар және шағын қонысжай бейнеленген еді.

Қарындашпен салынған осы сурет, сондай-ақ “Ай”, “Автобус”, “Саябақта” және басқа туындылары 1966 жылы салынғанын білетінмін. Бұл Петропавл телестудиясындағы бағдарламаға арналған еді. Бағдарламаның авторлары Анатолий Бургаев пен режиссер Зинаида Донец (Басаргина) болатын.

Бұл хабарлар туған өлкеге деген сүйіспеншілікті ояту мақсатын көздегенді. Оларда Петропавл қаласының көріністері қамтылғанды. Аудандарға да шығып, ауыл ажарын, тұрмыстық ахуалын қамти отырып, кескіндеген еді. Әрбір кескіндеменің мәнін диктор кадрдың сыртында баяндап, режиссердің көмекшісі осы суреттерді экраннан көрсететін.

Жоба авторлары рухани тәрбиеге және отаншылдыққа баулуды мақсат ететін. Өйткені, туып-өскен ортаға деген сүйіспеншілік әркімнің бойында оған өзінің көзқарасымен қалыптасатыны белгілі ғой.

Бірақ Анатолий Николаевич содан 45 жыл өткен соң өзінің осы суреттерінің тарихқа айналатынын болжай қоймаған да шығар.

Оның 1964-1966 жылдар аралығындағы кескіндемелері, мәселен, “Базар алаңы” немесе Сергеевка су қоймасының құрылысы жөніндегі суреттер шоғыры, кейін адамдардың ықыласын аударып, олардың тарихи құндылығы барына көз жеткізді.

Петропавл телестудиясының осы көріністері екі жыл бойы күн сайын көрермендерге ұсынылып, олардың саналарына сіңгендей болды.

А.Бургаев 1991 жылы Қазақстан Республикасының “Еңбек сіңірген өнер қайраткері” атағын иеленді. 1970 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды. ҚР Суретшілер одағының да мүшесі болды. 2002 жылы облыс әкімінің жүлдесін алды. 2010 жылы “Еуразия. Ертістен Волгаға дейін” халықаралық симпозиумының да лауреаты атанды. Осындағы көрмеде оған екінші жүлде табыс етілді, ал “Бастауларға саяхат” деп аталатын туындысын Тұңғыш Президенттің Қоғамдық қоры өз жәдігерлерінің қатарына қосты.

Анатолий Николаевичтің туындылары Қазақстан Республикасының көптеген мұражайларынан орын алған. Мәселен, Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері мұражайында, сурет көрмелерінде, Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында оның суреттері қойылған.

Әр жылдарда суретшінің туындыларын КСРО Мәдениет министрлігі, КСРО Суретшілер одағы, Германияның, Англияның, Канаданың, Польшаның, Финляндияның, Францияның, Ресейдің, Испанияның және де басқа да бірқатар елдердің жеке галереялары мен суреттер жинаушылары сатып алған.

Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Камила Лидің айтуынша, А.Бургаевтың шығармашылығында өзіндік айқын қолтаңба байқалып, олар ерекше танылады. Автордың өзі бұл ерекшелік оған Петропавл телестудиясында еңбек еткен жылдары қалыптасқанын тілге тиек етуші еді.

Өмірінің соңғы он бес жылында Анатолий Бургаев “Түрік әуендері” деген тақырыпқа бейімделді. Осы бағыт бойынша ол 60-қа тарта сурет салды. Бұл үшін суретші үнемі белгілі археологтар және зерттеушілер Әлкей Марғұланның, Кемел Ақышевтің және Лев Гумилевтің ғылыми еңбектерін оқыды. Жерлес ғалым-археологтар және зерттеушілер Виктор Зайбертпен, Андрей Плешаковпен, Олег Мартынюкпен ақылдасып, кеңесіп жүрді.

А.Бургаев “Қазақтың ұлттық әуендері” деген туындыларының шоғырын теледидар арқылы көрсетуге оқталған еді. Оған қазақ және орыс тілдерінде этнограф, археолог және тарихшы ғалымдарды қатыстырғысы келді.

Суретшінің рухани дүниесі аса бай, танымы терең болатын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp