«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күлесің бе, жылайсың ба?..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Погребіңді алып кетші…

Ауылда жекеменшік үйлер болған соң оларды сату кеңес өкіметі кезінде де болды. Содан бір жеңгеміз үйін сатады ғой. Сатып алған кісі келіскен соманың жартысын ақшалай, жартысын малмен төлейді.

Алайда, жеңгеміз: “Погребті өзіміз қазып едік, кісі жалдап едік…”, – деп ара-тұра қыңқылдап қояды екен. Әбден мазасы кеткен үй сатып алған кісі бір күні: “Әй, соның бізге керегі жоқ, погребіңді алып кетші өзің!.. – депті.

 

“Сыйға – сый…”

Аяғының ақсайтыны бар Мұрат – ауылдың бақташысы. Құлағының мүкісі бар Мұхит – зейнеткер ақсақал.

Сілеті өзенінің бергі жағында ауыл орналасқан, арғы жағы шабындық және мал жайылымы. Сондықтан оны арғы жақ деп атайды. Бірде сол жақтан Мұхит сауын биеге шөп шауып әкелейін деп келе жатса, өткелдің маңайында Мұрат мал бағып жүр екен. Осыны бір сөзден сүріндірейін деп Мұхит:

“Әй, Мұрат, мына сиырлардың бәрі ақсақ қой шетінен…” – деп айғай салады. Сонда Мұрат іркілместен: “Ой, ақсақал, таңның атуы, күннің батуы осыларға, а-былай, а-былай деп айғайлайсың, біреуі де естімейді, бәрі де саңырау”, – деп жауап беріпті.

Қазақтың немісі

Қадекең ақсақал бәйбішесі дүниеден озған соң төсек жаңғыртамын деп бір неміс тәтемізді бірнеше баласымен бірге ауылға алып келді. Әлгі балалардың Тимуры – Төлеш, Артемы – Айдын болып шыға келді. Қадекең жылқышы еді, осы балаларды да жылқыға керемет үйретті.

Бір күні көршілес Қайрат ауылынан жоғалған жылқыларын іздеп бір-екі жігіт атқа мініп шығады. Тұздыкөлдің жағасымен келе жатады. Анадайдан бір мал көрінгесін соған қарай тартады. Жақындап келсе, салт атты кісі кәдімгі кинодан көрген немістен аумайды екен. Не немісше, не орысша білмейтін жігіттер сасқалақтап қалып, біреуі: “Әй, слушай, лошад нет, один ухо ломает, один нога хромает”, – депті тілі жеткенше.

Сонда Төлеш: “Ассаламағалейкум, жігіттер! Сіздердің іздеп жүргендеріңіз құлағы молақ, құйрығы шолақ, қарагер айғыр ма? Тұздыкөлдің арғы бетінде жайылып жүр”, – деп таза қазақ тілінде жауап береді. Жігіттер аттарынан түсіп, кешірім сұрап, япырым-ау қазақтың кең-байтақ даласына қайдан келген қазақтың немісісің деп таңғалыпты.

Балаң жетпей

жатыр ма?

Әнес ағамыз елдің ірі қарасын бағатын. Сөзге шешен, аяқастынан бірдеңе тауып алып, әрі жөнімен айтушы еді. Малдың алдынан кім шықты, кім шықпады – бәрін бақылап тұратын. Бірде көзі бір топ келіншектерге түсіп, солардың қасына шауып келеді. Араларындағы бір жеңгеміз дүниеге екі-үш рет егіз баладан әкелген еді. Ол жеңгеміздің жұбайы Әнекеңмен құрдас екен.

Сонда Әнес ағамыз: “Мынау келіншек малға шықса, баласы – қалада, ал мына кісінің күйеуі далада – шөп шауып жүр. Ал сен баланы қос-қостан тапсаң да, малға шығатын балаң жетпей жатыр ма?! – деген екен. Жеңгеміз алды-артына қарамай, үйіне бір-ақ зытып, содан кейін малдың алдынан шықпайтын болыпты.

Тай ауырса…

Елде Тоғатай деген кісі мал дәрігері боп еңбек етті.

Ал Жамантай дейтін ағамыздың есіміндегі алдыңғы сөзін алып тастап, жұрт оны бала кезінен Тай деп атап кеткен.

Бір күні Тай ағамыз ауырып қалып, түн ортасында ауылдық аурухананың дәрігері Сайлауға келеді ғой туыстары:

  • Сәке, Тай ауырып қалды, не істейміз – деп. Сонда Сәкең: “Тай ауырса, маған неге келдіңдер, Тоға-тайға барыңдар”, – депті.

Адамдар өлмей қойды ғой…

Ертеректе ауылымызда бір атақты молда болды. Ауылдың бір келіншегі ақшадан қатты қысылып, оған біреулер ақша болса, сол молдада болады, деп ақыл беріпті. Үйіне барса, молда көрші ауылдарға кетіп қалған екен.

Есік алдында жүрген бәйбішесі: “Молданы жай іздедің бе?” – деп жөн сұрайды.

“Қарызға ақша сұрайын деп келіп едім”, – деп шынын айтыпты келіншек. Сонда апамыз: “Ойбай, атаңда ақша қайдан болсын, соңғы кезде адамдар да өлмей қойды ғой…” – деп шынын айтса керек.

Бала бөлу

Алпысты алқымдап, жетпістің желкесіне шығып қалған нағашымыз – әзілқой адам. Бір құдасы келіншегімен ренжісіп, ажырасуға дейін барған ғой. 8 баласы бар екен. Құдасы тұтығып сөйлейді екен. Жұрт: “8 баланың ендігі тағдыры не болады, оларды тіпті қалай бөліп алады?” – десіп, қызу әңгіме жүріп жатса керек.

Сонда нағашым: “Өй, оған не бас қатыратыны бар? 8 баланы қатарға тұрғызып, сөйлетіңіздер. Қайсысы кекештенеді – солар құдамдікі, ал қалғандары келіншегінде қала берсін”, – депті.

Қайбір оңған кісілер дейсің?..

Бір ағамыз ішімдікке “кет әрі” емес жігіттердің қатарына жататын. Содан қыз баласы тұрмысқа шығатын болып, алдынан өтуге құдалар келеді ғой.

Ауылда бірге тұратын бажасы уақытында келе алмайтынын, кештеу келетінін ескертіпті. Кешігіп келсе, құдалардың ешқайсысы көрінбейді. Ал қыздың әкесі сап-сау. “Өй, құдалар келген жоқ па?” – деп сұрайды. “Келді, кетті”, – депті ағамыз көңілсіздеу.

Бажасы: “Әй, құдаларың өзі қандай адамдар екен?” – деп жөн сұрайды. Сонда әлгі ағамыз: “Ой, арақ ішпейтін құдалар қайбір оңған адамдар дейсің?” – деп арақ іше алмағанына ренішін сездірсе керек.

Аққайың ауданы,

Смирново ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp