«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК МАУСЫМЫ МӘРЕГЕ ЖЕТІП, үздіктер марапатталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Жасыл ел” және студенттік құрылыс жасақтарының еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Жиынға еңбек қозғалысының ардагерлері, “Жасыл ел” студенттік құрылыс жасақтары штабының жетекшілері қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан.

Шара басында Петропавл қаласы колледждерінің бірінші курс оқушыларының қатысуымен шеру өтті. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысы Самат Ескендіровтің құттықтауын жеткізді.

– Елбасымыз өз Жолдауында да жастардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайына ерекше мән берген. Жалпы біздің елімізде оқушылар мен студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту ісі де оң жолға қойылған. Соның бір айғағы – “Жасыл ел” мен студенттік құрылыс жасақтарында еңбек ететін жастарға тиісті жалақы төленуі. Жастарды “Жасыл ел” жасақтарына тарту да – жұмыспен қамтудың бір әдісі. Осы екі іс те біздің облыста қарқынды жүргізіліп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Үстіміздегі жылдың еңбек маусымына 1 мыңға жуық жастар тартылды. Олардың басым бөлігі еңбек биржасы арқылы облыс орталығындағы құрылыс алаңдарында тер төксе, 300-ден астам студент “Жасыл елде” табысты еңбек етті. Еңбек маусымында 20-25 адамнан жасақталған 20 бригада болғанымен, қазан айының өзінде қосымша күш ретінде 100 жас тартылып, оның сексені көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тазалауға жұмылдырылды.

Сондай-ақ маусым барысында 150 жастың күшімен облыстың ормандары, соның ішінде “Қарғалы аралы” қоқыстан тазартылды. Жасылелдіктер қоршаған ортаны көркейте жүріп, отбасыларына да қол ұшын тигізді. Себебі, жасақ құрамында тер төккен жастарға ай сайын 30-40 мың теңге көлемінде еңбекақы төленіп тұрды. Бұл мақсатқа бюджеттен 9,5 миллион теңге қарастырылған.

Жабылу салтанатында жасақтар арасындағы сайыстарда еңбекқорлығымен топ жарып, көзге түскен жастардың есімдері аталды. “Жасыл елдің” үздік сарбазы” атағын жаз бойы Петропавл қаласын көгалдандыру мен абаттандыру ісінде ерекше екпінмен жұмыс істеген Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Данил Югов иеленді. Ал СҚМУ студенті Нұржан Желдібаев “Құрылыс жасағының үздік сарбазы” атанды. “Ең үздік “Жасыл ел” штабы” аталымына қалалық құрылыс-экономикалық колледжінің “Жасыл ел” штабы лайық деп танылды. “Ең үздік “Жасыл ел” жасағы” аталымы Сәтбаев қаласының өңірлік “Жасыл ел” жасағына берілді.

Сонымен қатар, жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз еткен кәсіпкерлерге алғыс білдірілді. Жастардың студенттік еңбек биржасымен белсенді ынтымақтастықта болған құрылыс компаниялары – “Альфа-Север” және “Основание” ЖШС-нің басшылығына облыс әкімінің атынан дипломдар табыс етілді. Олардың қатарында “Кызылжар мемлекеттік орман мекемесі” ММ ерекше аталып өтілді.

Жиын барысында “Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл жастары одағы” корпоративтік қоры қолға алған “Мен – кәсіпқой – 2013” жобасының аясында “Поштаның үздік операторы”, “Үздік аспаз”, “Үздік тас қалаушы” және “Үздік медбике” аталымында жеңімпаз атанғандар марапатталды.

Сөйтіп, биылғы жазды ойдағыдай тамамдаған жасылелдіктер бүгінде келесі жылдың жоспарын түзуге кірісіп кетті.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp