«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАРДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол қауіпсіздігі мен Қазақстанның автокөлік жолдарының сапасын қатаң сынға алғаны белгілі. Соған орай Мереке Пішембаев: “Ең алдымен, біз қозғалысы қарқынды автожол учаскелерін жолақтар сызылған және жол шеттеріне қоршаулар орнатылған 1-ші техникалық санаттың қатарына ауыстырып жатырмыз, бұл шара көліктерді басып озған кезде жүргізушілердің жолдың қарсы бетіне шығып кетулеріне жол бермес үшін жасалуда. 2020 жылға дейін шамамен 4 мыңдай шақырым тас жолды – 1-ші техникалық санатқа, республикалық маңыздағы 7,2 мың шақырым тас жолды 2-ші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда. Осыған орай, “Астана-Щучинск” учаскесін мысалға келтіруге болады: бұл жол учаскесі 6 және 4 жолақты жол санатына ауыстырылғаннан кейін жолдардағы апат оқиғалары – үш есеге, ал кісі өлімі 22 есеге қысқарып отыр”, – деді. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда ведомство апатты оқиғалар кезінде арнайы қызметті шұғыл шақыру жүйесін енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жаңа жүйе жол-көлік оқиғаларына шұғыл әрекет етуші қызметтердің жедел үнқату уақытын орта есеппен 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Iшкi iстер министрлiгi Әкiмшiлiк полиция комитетiнiң төрағасы Игорь Лепеха мәлiмдегендей, жол апатының 90%-ы жүргiзушiлердiң кiнәсiнен орын алады. “Оның 24%-ының себебі – жылдамдықты шектен асыру. Апаттардың себепшісі – көше қиылыстарынан өту ережесiнiң бұзылуы – 11%, маневр жасаудағы қателiк – 10%, жаяу жүргiншiнiң жолдан өту ережесiн бұзуы – 10%, қарсы беттегi жол бөлiгiне шығып кету – 9%. Бiздiң әрқайсысымыз жол үстiнде бiр-бiрiміздi сыйлап, жол қозғалысы ережесiн сақтамасақ, онда қандай да бiр оң бетбұрыс болуы екiталай”, – дедi Игорь Лепеха. Оның айтуынша, елiмiздегi жолдарда барлығы 357 стационарлық автоматтық тiркеу жүйесі орнатылған.

Оның пікірінше, елімізде жол-көлік оқиғаларының өсуіне автокөлік паркінің артуы да әсер етуде. 2007 жылы 2 миллионнан астам автокөлік болса, бүгінде көлік саны 4 млн. 100 мыңға жетіп отыр. Осы орайда комитет басшысы республикадағы жол инфрақұрылымы өткен ғасырдағы көлік ағымына есептелгенін, ал қазіргі кезде тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігін сөз етті.

Елбасы Үкімет отырысында жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: “Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші – қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет”, – деп атап көрсеткен болатын. Осы ретте ІІМ жолда жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл көлемі арттырылып, адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасы үшін 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы жаңа өзгерістер әзірледі.

Игорь Лепеханың айтуынша, Қазақстанда жүргізушілерді оқыту үдерісіне немқұрайды қараған автомектептер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Комитет басшысының сөзіне қарағанда, мұндай шаралар бүгінде Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауындағы жаңа заң жобасында ескерілген. Осы орайда ол жүргізушілер мектептерінде тиісті білім берілмейтіндігін, ал оқыту деңгейі ҚР ІІМ ұсынып отырған талаптарға сай келмейтіндігін қадап айтты.

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да қомақты қаржы бөлініп жатқанын атап айтқан болатын. Алайда, әлі күнге дейін қызмет көрсету сапасы көңілден шықпай отыр. Өткен жылы жол апаты салдарынан 2145 адам, ал осы жылы бүгінгі күннің өзінде 2273 адам қайтыс болған.

Елбасының осы мәселені шешу жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі күре жолдардағы медициналық-құтқару пункттерін салу жұмысын жүргізуде, деді брифингте Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров.

Күре жолдардағы пункттердің ашылған сәтінен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін КЖМҚП бригадалары жол-көлік оқиғаларына 937 шығуды іске асырды, 2418 зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті. Барлығы 899 адам госпитальға жатқызылды. Сондай-ақ осы кезеңде күре жолдық пункттерде азаматтар тарапынан медициналық жәрдем сұраған 1300 өтініш тіркелген.

(Ресми ақпарат). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp