«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТАТИСТИКА, ШЫНЫНДА ДА, БӘРІН БІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Статистика департаменті “Ашық есік күнін” өткізді. Сондай-ақ статистикалық баспа жарияланымдарының көрмесі ұйымдастырылып, келушілер Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі мен облыстық Статистика департаментінің шығарған сан алуан деректер жинақтарымен және сараптамалық талдау бюллетеньдерімен танысты.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Дөңгелек үстел” басында департамент басшысының орынбасары Жанар Қызбикенова мемлекеттік статистика қызметінің міндеттері мен жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. Онда ол статистикалық деректердің жан-жақты зерттеулерге негізделетініне тоқталды. Өйткені, осындай деректерге негізделіп, әлеуметтік ұйғарымдар шығарылады, іс-қимыл жоспарлары белгіленеді. Мысалы, өткен жылы Елбасының тапсырмасы бойынша еңбек нарығындағы жастар және ауылдағы тұрмыс сапасы туралы мәселелер зерттеліп, оның нәтижелері жаңа әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларына арқау болып отыр. Сол сияқты қалың жұртшылықтың сұрауы бойынша алдағы жылы жеке үй шаруашылығы мен ауылдағы жұмыссыздық жайына зерттеу жүргізіледі.

Толық электрондық жүйеде жүргізілетін статистикалық деректердің аясы кеңіп отыр. Айталық, елдегі инвестициялық ахуалды білу үшін кез келген 560 инвестициялық бағдарламаны ашып, көруге болады. Статистика өзіндегі 850 негізгі базалық көрсеткіштермен ғана шектелмей, жиынтығы 11 мыңнан асатын басқа да салалық көрсеткіштерге бойлай ене алады. Баяндамашы сөз еткендей, статистикалық деректерде қызығушылық туғызатын көрсеткіштер аз емес. Оған бірер мысал, облысымызда ерлердің еңбекақысы әйелдерге қарағанда 12,5 пайызға жоғары, өңірде әрбір үшінші кәсіпорынды әйелдер басқарады, еліміз жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім өндіруде дүниежүзінде 49-шы орында.

Жиында облыстық департаменттің Интернет ресурсының байлығы, оның сайттары арқылы көптеген құнды деректер алуға болатыны айтылды. Оған өткен жылы 23 мыңнан астам адам еніп, өз қалаулары бойынша ақпарат алған. Бір сөзбен айтқанда, облыстық Статистика департаментінің ақпараттарына сұраныс жетерлік, электрондық мекенжайы бойынша да тапсырыс берушілер көбейе түсуде. “Ашық есік күні” осылардың бәрі ашық айтылып, келушілер өздерін толғантып жүрген кейбір мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлық жауап алды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp