Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесінің бөлімшелері арасында “Газ-түтіннен қорғау қызметінің озат буыны” атағы үшін ведомстволық жарыс өтті.
Жазира ҚҰРМАНОВА,
СҚО ТЖД “ӨСж/е АҚЖҚ” ММ аға эксперті.
Жарысқа Өртке қарсы қызмет гарнизонының 11 командасы, соның ішінде Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Мамлют және Тайынша аудандық бөлімшелері қатысты.
Алдымен өртсөндірушілер психологиялық дайындықтың от жолағы арқылы өтіп, зардап шеккенді эвакуациялады және дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жарыстардың келесі кезеңінде олар тас қараңғыда, қалың түтінде жылу-түтін камераларынан өтті. Олардың алдына өрт шыққан жерді анықтап, өртті сөндіріп, зардап шеккен адамды тауып алып, оны эвакуациялау міндеті қойылды. Содан кейін өртсөндірушілер өрт сөндіру жеңдерін жайып, нысанаға жүгіріп келді. Әрбір жүгіріс секундтармен есептелді.
Қажырлы да қызу күрес нәтижесінде Петропавл қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеңіске жетіп, (бөлім бастығы – Сәкен Ағзамов), “Газ-түтіннен қорғау қызметінің озат буыны” атағына ие болды. Екінші орынды Петропавл қаласы №4 өрт сөндіру бөлімі (бөлім бастығы – Бахыт Кәрімов) иеленді және үшінші орынды Петропавл қаласының №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі (бөлім бастығы – Серік Битанов) алды.
Жарыс жүлдегерлеріне облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “ӨСжАҚЖҚ” ММ Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы Ерік Мәжитов кубокты және грамоталарды салтанатты түрде табыс етті.