Жолдың қашықтығына қарамастан, қиян шеттегі ауылға тез-ақ жеттік. Кейуанаға көптен бері жолығуды ниет етсек те, сәті түспей жүрген. Бұл жолғы сапарымызды жақсы ырымға баладық. “Іздегенге – сұраған”. Алыс жолдан оралған беті екен. Тіпті бел жазып та үлгермеген. Іссапар алдында апайдың үлкен ұлы Дауылбаймен хабарласқанымызда: “Анамыз 10 құрсақ көтерген. Олардан 7-еуі аман. Ініміз Бүркіт екі мүшелінде жол апатынан ажал құшып, артында Алтын атты алтын асықтай қызы қалған. Ардақты немересін өз қолыммен ұзатамын деп Түмен жаққа жолаушылап кеткен. Өзіміз де елегізіп күтіп отырмыз. Келе беріңіз. Анамыз уәдеге берік”, деген соң аттың басын әдейілеп бұрғанбыз. Әжей жайлы жан жадыратар жылы сөздерді сырттай естіп, әсіресе, суырыпсалма ақындық өнеріне қаныққанбыз.
“Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді”. Әдемі жүзін өрмекшінің торындай әрлі-берлі шырмаған әжім болмаса 80-нің сеңгіріне жетті деудің өзі қиын.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Түп елім – Қостанай. Шәйке деген кісінің қызымын. Әкем аумалы-төкпелі кезеңде “халық жауы” деген жаламен ұсталып кете барған. Бастапқыда аман шығып, екінші рет қамалған. Содан оралмаған. “Жау жағадан алғанда бөрі – етектен” демекші, ағайынның көреалмаушылығы, іштарлығы әкемді кескен теректей сұлатып салған. Мұрын боғына сүрініп жүрген көп Мырқымбайлардың бірі “Байдың тұқымы, жұмысқа малмен, ақшамен тұрды” деп сыбыр ете қалған болу керек. Әйтпесе, Сталин келіп, атамыздың байлығын таразыламаған болар? Әкем ұсталғанда шешем 4 баламен аңырап қалды. Мен 3 жастамын, түр-түсі есімде жоқ. Еш сурет қалмаған.
– Дариға апа, шамасы, әкеңіз атқамінер болған ғой. Көбіне елдің беткеұстар азаматтары Итжеккенге айдалып, атылып кетті емес пе?
– Жиен немерем Динаның Құдай қосқан қосағы Марат Ғ.Мүсірепов атындағы ауданды көп жылдан бері басқарып келеді. Сол сияқты аупартком, ауатком маңайында ірі қызмет атқарғанын анам айтып отыратын. Ұлы атамыз Айсары мың жылқы айдаған өте дәулетті болуымен қатар, еліне, жұртына қарайласып, жәрдемдесіп отырған. Мекке-Мәдинаға қажылық парызын өтеуге барып, топырақ жат жерден бұйырған. Ақтық дәмі шетте таусыларын күнілгері сезген. Пайғамбарымыздың туған жеріне аттанарда құрбандық шалып, ағайындар жылап-сықтап шығарып салған. Сонда шын тілесеңдер сүйегің сонда қалсын деп аманаттаңдар, деген екен жарықтық. Қалай ғана әулие демессің?! Мен ол кісінің шөбересі саналамын.
Әкем – бір кіндіктен тараған 9 ұл, 4 қыздың екіншісі. Бәрі де оқыған-тоқыған, еті тірі болған. 2-еуі соғыстан оралмады. Қалғандары өмірдің шыжығын да, қызығын да көрді. Алды 90 жастан асты. Әкем өкіметтің де, діннің де оқуын тауысқан. Құдай жолын қатты қадірлеген. Сүйегі Қостанайда қалды деп естиміз. Шешем түрмеге іздеп барса, “жоқ, өмірден өткен” деп шорт қайырған.
– Ресейге қалай өтіп жүрсіздер?
– Әкемнің жүзіктің көзінен өтетіндей пысық інісі Ахметқали біздің отбасыға көп көмектескен.
Қудалау-қуғындаудан аман алып қалу үшін бас сауғалап, іш жаққа алып өткен. Өзі құжатқа Алексей болып жазылып, үкіметтің малын бақты. Екі отбасыны асырап-сақтады. Ол кездері арттан қуғын келе ме деген қауіп, секемнің әлі сейілмеген кезі. Інілері әкеме аманыңда қараңды батыр деген. Сонда сау басымды неге қашқын қыламын деп жұмысын атқарып отыра берген.
Алдымен Абат, одан әрі Солдатский деген жерге бардық. Ол жақта көп аялдамай кері оралдық. Сөйтсек, қызыл кеңестің ұзын құрығынан жасырынып, із жасырған лажсыз амалдары екен. Сосын салып ұрып Түменге тарттық. Кейін Қостанайдың Ұзынкөлінде тұратын әкемнің інісі мал жинап, ферма ашып жатыр дегенді естіп, ұбап-шұбап сонда бардық. Осылай әрлі-берлі сабылып, көшіп жүргенімізде бойжетіп қалғанымды да білмей қалыппын. Шияп деген жігітке ұзатты. Жалғызтау маңы ата-баба қонысы делінгенімен, Түменде туған көрінеді. Үркіншілік жылдары бұлар да ауа кеткен болса керек. Бір шаңырақ астында 55 жыл отастық. Ұл-қыз өсіріп, азамат қатарына қостық. Топырақ ата-баба жұртынан бұйырса деген арманы қабыл болды. 2005 жылы Ресейден біржола қоныс аударып, тұрып жатқан жайым бар, қарағым!
– Ата-баба қонысына ертерек оралмадыңыздар ма?
– Қанша жерден жат жұрт десек те, іш жақ екінші атамекенімізге айналғанын несіне жасырайын? “Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес” демекші, заманның бұра-лаң-соқпағында пана болды. Содан орнығып қалдық. Әне-мінемен уақыт өте берді. Үйренісіп қалғаннан кейін қимайды екенсің. Әрі қайын атамның, қайын енемнің, дүниеден өткен балаларымның зираты сонда. Қазір Ресейде 2 ұл, 1 қызым отбасыларымен бірге тұрып жатыр. Қалғандары Қазақстанды мекен етеді. Бірі – Ақтөбеде, бірі Новоишимде дегендей. Үйдің тұңғышы – Дауылбайым мен келінім – Ләйләм қасымда, қолқанат. Екі шаңырақ деген аты ғана, әйтпесе ырысымыз да, несібеміз де ортақ, бөлінген емес.
Қара танымайтыным, әліпті таяқ деп білмейтінім болмаса көштен қалған жоқпын. Мен оң аяқпен аттаған шаңырақта атам, анасы және жұбайы болды. Әжемді мәңгілік сапарға өз қолыммен аттандырдым. Бірінші қайыненем 44 жасында көз жұмып, атам екінші рет үйленді. 95 жасқа келгенше баладай мәпелеп, 33 жыл күттім. Атам да, жұбайым да 74 жасында бақилық болды. 1 ата, 3 апаның ақ батасын, тәлім-тәрбиесін алдым, иншалла! Одан жамандық, кемдік көрген жоқпын. Жастайынан жетім қалған Тоқтар, Тоқтина деген қайын сіңлілеріме де барынша шарапат тигізуге тырыстым. Жасауын беріп, өз қолымызбен ұзаттық. Қазір екеуі де зейнетте.
Сексеннің сеңгіріне келсем де, әлі күнге дейін шалымның шаңырағын шайқалтпай отырмын. Жарықтық: “Бір кіндіктен жалғыздықтың зарын тарттым. Балалар үйленсе, еншісін беріп шығара бер. Одан жамандық көрмейсің”, – деп отыратын. Екеуіміз де жастайымыздан қара жұмысқа жегіліп, еңбекпен шынығып өстік.
– Ел іші Сіздің суырыпсалма айтыскерлік өнеріңіз бен имани, ұлттық салт-дәстүрлерді қатты ұстанатын қалпыңызға, кейінгілерге тәлім боларлық үлгілі өнегелеріңізге тәнті. Бес уақыт намазды да қаза қылмайтын көрінесіз?
– Еңбекке үйреніп қалған дағды ғой. Азын-аулақ ұсақ мал ұстаймын. Құс өсіремін. 1947 жылдан бері ораза тұтамын. Атам он жылдай молдалық құрды. Екінші енем намаз оқы деп миыма құятын. Дін иманды, кірпияз жерге қонады. Қара жұмыста қайбір тазалық болушы еді. Зейнетке шығысымен білмесем де, жығыламын дедім. Сөзімде тұрдым. Бұл парызды орындағаныма 30 жылға жуық уақыт өтті.
Әкем түрмеден жолдаған хаттарын үнемі өлеңмен жазады екен. Солардан есімде қалғаны:
Сыйынып хат жазайын бір Құдайға,
Сөйлеп қал, тіл менен жақ, осындайда.
Сұрасаң атым Шәйке Қастенұлы,
Қараған облысымыз Қостанайға.
Қараған Қостанайға 12 аудан,
Өрт тиіп күйіп жатыр қалың қаудан.
Жылында 37 тұтқын болып,
Аттандым амалсыздан мекен-жайдан.
Артымда 4 балапан тірі жетім,
Сендерге пана болсын құдіретім.
Арманым болмас еді бұ жалғанда,
Сендерді тірі көріп, сүйсем беттен.
Анам оңашада ыңылдап айтып отыратын ұзақ толғауды жаттап алған едім. Біразы ұмытылыпты.
Шешеме Шағырай ақын жақын аталас. Солардан жұққан болар, бәлкім. Жазу-сызу білмегесін құнттай қоймадым. Есте сақтау қабілетім жақсы еді. Қартайғасын суалайын дегені ме? Е, мына өлең жадымда қалыпты. Сайын деген күйеу жігіттің отбасысында егіз сәби дүниеге келіп, мені кіндікшеше қылды. Дақа, жылқы орнына ана ала өгізді әкелсеңіз жетеді”, – деді. Оның қандай есеппен мені кіндік шеше еткенін сезіп тұрмын. Жеңіл көлік алуға қаражаты жетпей жүргенін естігенмін. Ол кездері қылқұйрыққа қарағанда, қара малдың бәсі жоғарылау. Ал маған бір алтын сақина атаған.
Шақырды бізді Маннап бер
деп бата,
Ақ тілек, жөн сөзіңде болмас қата.
Өзіңмен бірдей жетіп ұлың-қызың,
Болыңдар бірің әже, бірің ата.
Кім жетер Сайын күйеу бағасына,
Той қылып егіз туған баласына…,
– деп біраз мақтап алдым да, оның маған қолқа салған іс-әрекеттерін келекелеп, мақтамен бауыздағандай сілейтіп салдым. Сөйтіп, өлеңнің арқасында екінші алтын сақина тағып қайтқаным бар.
– Ресей Президентіне не үшін шығарып жүрсіз?
– Өлең арнау да тұнып тұрған саясат қой, шырағым! Ол кезде Путин таққа жаңадан орнығып, қазақ диаспорасының құрылтайын өткізіп, көтермелеп жатты. Шамасы, өзін қолдап, дауыс берген қазақтарға деген ризалығы шығар. Өлең шығарып әкелген кісіміз бар деп мені қояр-қоймастан сахнаға шығарды. Губернаторымыз Собянин, Путиннен бастап мақтауын келістірдім.
Сайланды бір жас патша деген Путин,
Қазаққа адал қылсын ниет-құлқын.
Әйелін ертіп алып көп қыдырмай,
Жарылқа, дауыс берген елін-жұртын.
Түменнің жері де май, шөбі де май,
Ағылған мына бізден газ бен мұнай.
Кемшілік көреміз деп ойламаймыз,
Егін-шөп, арпа-бидай, малға да бай.
Ауданда бір жиенім Сағит бастық,
Сұрады Отан одан сүт пен астық.
Арақ, сыра, шылыммен жұмысы жоқ,
Жүрмейді ыржалаңдап, құрып мастық…
Жанындағы қазақ азаматтары орысшаға аударса керек, Собяниннің екі құлағы екі езуіне жетіп, жерден жеті қоян тапқандай мәз. Содан қыс бойы қорамыз жемшөптен үзілген жоқ.
Бірде суық тиіп, науқастанып қалдым. Ауруханда жатып, қайдағы-жайдағыны ойлайды екенсің. Іштей жаман шалыммен бақұлдасып жатыр екенмін деймін:
Бісмілладан мен бастайын сөз басын,
Сабыр етсін балалардың көз жасын.
Мен қорқамын осы ауру түрінен,
Сен қалай шамалайсың, жолдасым?
Амал бар ма, жазу солай болғасын,
Ойлап қорқып, мен төгемін көз жасын.
Омскінің бәлнісінде жатырмын,
Алла білер бұл сырқаттың жалғасын.
Өлім деген талайларды жалмаған,
Жетім болып, жастай талай зарлаған.
Дәм таусылып, өтіп кетсем бақұл бол,
Балаларды тапсырамын, шал саған!
Өтіп кетсем, тәрбиелеп көмерсің,
Қырқым менен жылымды да берерсің.
Бойды түзеп, сақал-мұртты қырынып,
Кемпір іздеп, талай қырды кезерсің.
Ұл-қыздарым бесік жырын тыңдап, ана әлдиімен өскендіктен, шүкіршілік, шетінен ибалы, тәрбиелі. Күйеу балаларым да, келіндерім де “апалап” құрақ ұшып тұрады. Қолымды жылы суға малып, немере-шөбере қызықтап отырмын. Өткен өмірімде қанша қиыншылықты бастан кешірсем де, еш өкінбеймін. Барға – қанағат, жоққа – салауат айтып үйреніп қалған біздің буын жалған дүниенің қадірін жақсы біледі. Жастар осы жағын ұмытпаса екен деген тілегімді күнде қайталаймын. Еліміз тыныш, тұрмысымыз бақуатты болғай!
ТҮЙІН:
Қызылжар қаласына жеткенше
“О, аналар осындайсың бәрің де,
Осындайсың жасың дағы кәрің де.
Сыйынатын болса егер құдірет,
Сыйынайық ана деген Тәңірге!” деген жыр шумақтары есімнен көпке дейін кетпей қойды. Рухы мықты осындай аналар ғой, кең дүниеге тіршілік нәрін сеуіп, іргетасын нық ұстап тұрған!
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан,
Тоқсан би ауылы.