Самат ИБРАИМ,
“Ана тілі” газетінің бас редакторы.
Елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналу керектігін айта келе: “Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық” деген болатын.
Қазақ тіліне қатысты мемлекет саясатын қалың жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, бұл жолда қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымдардың бірегейі – “Ана тілі” газеті.
Газет өзі өмірге келген күннен ұлт үшін қасиетті саналатын қазақ тілінің жай-күйін жан-жақты қозғап келеді. Тіл тақырыбына байланысты мақалалар “Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры”, “Тілі мықтының – елі мықты”, “Толғауы тоқсан туған тіл”, “Тілін білген түбін біледі”, “Тіл мен тұлға”, “Тілбұзарға – тосқауыл” секілді айдарлармен жарық көріп отыр.
Ономастика мәселесі – өзекті мәселе. Осыған орай “Жеріңнің аты – бабаңның хаты” айдарымен мақалалар ұсынылуда. “Ұлы дала атаулары” айдарымен беріліп жатқан материалдардың маңызы ерекше. Бұл дүниелер арқылы оқырман еліміздегі жер-су атауларының қойылу тарихына, сөз сырына қанығуда.
Оқырмандарды көбірек толғандыратын тақырып – термин жайы. Бұл мәселе “Терминология және уақыт” айдарымен берілген мақалаларда көтеріліп жүр. Жұртшылықты халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру мақсатында “Сөзтаным” беті жыл басынан ай сайын ұсынылып келеді. “Атадан жеткен асыл сөз”, “Даналық мәйегі” айдарларымен берілетін жырлардың, қанатты сөздердің де сөз құдіретін тануда көмегі мол.
“Алты Алаштың ардағы”, “Тұғырлы тұлға” айдарларымен мақалалар берудегі мақсат – оқырман қауымды елге танымал тұлғалардың ел үшін тындырған жарқын істерімен хабардар ету, олардың тұлғалық қасиеттерін ашу. Білім мен ғылым да газет назарындағы маңызды мәселелер. Бұл тақырыптағы мақалалар “Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла”, “Білім көкжиегі”, “Талшыбық” айдарлары арқылы орын алады.
Отбасы өміріне арналып, ай сайын берілетін “Шаңырақ” бетінде отбасындағы өнеге боларлық ізгі қасиеттермен қатар, түйткілді жайттар да көтеріліп келеді. “Дулығалы дала перзенттері”, “Дәуір дауысы”, “Ойтолғам”, “Махаббат қызық, мол жылдар” айдарларымен беріліп жатқан мақалаларды да оқырман жұртшылық жылы қабылдап жүр.
Әдебиетке қатысты “Өлең – сөздің патшасы”, “Жыр жолдарынан”, “Проза” айдарлары оқырмандарға кеңінен танымал. Бұл айдарлармен талантты ақындарымыз бен жазушыларымыздың шығармалары ұсынылады. “Сирек кітаптар сериясы” айдарымен ескі жырлар, дастандар оқырмандармен қауышып жатса, “Жыл құсы” арнаулы бетінен жастар шығармашылығымен танысуға мүмкіндік бар.
Қандай басылым болмасын оқырманымен ордалы. “Ана тілі” де жер-жердегі оқырмандарымен тығыз байланыс орнатқан. Мүмкіндігінше олар жолдаған хаттардың дер кезінде газет бетінде жарық көрінуіне күш салынады. Газеттің тұрақты авторларына да ризашылығымызды білдіреміз.
Редакция ұжымы үшін атқарылар міндеттер жақсы белгілі. “Ана тілі” газеті мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеуде, ұлт рухын асқақтатуда бұдан былай да лайықты үлесін қоса беретін болады.
Сөз соңында, ана тілімізге, рухани мәселелерге қатысты жайттарды жүйелі түрде көтеріп жүрген “Ана тілі” газеті әр қазақ отбасының жақын серігі болса екен дейміз.
Құрметті оқырман, өзіңізді бұл басылымға 2014 жылға жазылады деп сенеміз.
“Ана тіліне” қолдау көрсеткеніңіз – тілімізге қолдау көрсеткеніңіз болып табылады.