«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІЛІМДАРЛЫҒЫМЫЗБЕН ҒАНА ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРАМЫЗ”, – дейді “БЭСТ” гимназиясының директоры

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“БЭСТ” гимназиясы “Үздік орта білім беру ұйымы – 2013” байқауына қатысып, 14 млн. теңгенің сертификатын ұтып алғаны мәлім. Бұл білім ошағының алғашқы жеңісі емес. Соңғы төрт жылдың рейтингтік көрсеткіші бойынша гимназия қалалық және облыстық олимпиадаларда бірінші орындарды иеленді. Гимназия түлектері биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде де орташа 100,6 балл жинап, қала мектептерінің арасында алдыңғы орыннан көрінді. 

Гимназияның тарихы 1925 жылдан басталады, онда бұл білім ошағы 4 жылдық бастауыш мектеп болып ашылған. 1972 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, “Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп”, 1996 жылдан бастап “БЭСТ” гимназиясы деген атауға ие болды. “БЭСТ” гимназиясының атауы – ағылшын тілінен аударылған “үздік білім беру” деген сөз тіркесінің қысқартылған нұсқасы.

– Гимназия – оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға қолайлы жағдай жасау және жоғары зияткерлік ойларын қалыптастыру үшін ағылшын, неміс және француз тілдерін терең меңгерту негізінде бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі балаларды оқытуға бағытталған жаңа үлгідегі көпбейінді орта білім беру мекемесі. Біз ағылшын тілін жақсы меңгерген және білім деңгейі жоғары түлектерді қазақстандық, шетелдік жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруға даярлауды мақсат етеміз. Оқушыларды еліміздің зияткерлік мүмкіндіктерін жетілдіруге, еңбекқорлыққа, материалдық және рухани жетістікке негізделген қоғамды құруға бағыттаймыз. Бізге үздік білім беру мекемесі атағы оңайлықпен келген жоқ. Оған жету үшін білім ошағы бірнеше кезеңнен өтті. Конкурста әр мектептің көрсеткіштері бойынша арнайы құрылған комиссия жеңімпаздарды анықтады. Біз оған арнап кітап шығардық, онда мектептің жетістіктерін көрсеттік. Қазір гимназияға бөлінген қаражатты игеріп жатырмыз. Оған жиһаздар, спорт құрал-жабдықтарын алдық. Кітапхана мен мәжіліс залын жабдықтадық, – деген мектеп директоры Надежда Заиченко бұған дейінгі жетістіктерін де саралап өтті.  

2000 жылы Петропавл қаласының Құрмет кітабына енгізілген гимназия 2009 жылдан бастап жыл сайын Қазақстанның үздік мектептерінің қатарында келеді. Гимназия мұғалімдері 2007 жылдан бері облыстық, республикалық деңгейлерде онлайн сабақтар өткізе бастаған. 2012 жылы электрондық оқыту енгізілген. Білім ошағының Алғыс хаттары, мақтау қағаздары мен сертификаттары – жетістіктерінің жемісі. Солардың бірі – ҚР Білім және ғылым министрі қол қойған “Олимпиадалық қозғалысқа берілгендік үшін” алған марапаттары. Шет тілдерін тереңдете оқытатын білім ошағының Қазақстандағы үздік мектептердің қатарында көрінуіне ынтымағы жарасқан ұжымды басқарып отырған тәжірибелі педагог Надежда Заиченкомен бірге мектептің мұғалімдерінің де еңбегі ерекше.

– Ондай ұстаздардың алдыңғы легінде ағылшын тілінің мұғалімі және осы пән бойынша әдістемелік бірлестіктің меңгерушісі Л.Соленконы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері К.Хужинованы, Н.Карпенконы, О.Пирматованы, француз тілі пәнінің мұғалімдері С.Куликті, Е.Комаренконы, неміс тілі пәнінің мұғалімдері Н.Кадырованы, Л.Неверованы, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері С.Михайлованы, Т.Ченцованы, тарих пәнінің мұғалімі Л.Трифонованы, тағы басқаларын атауға болады. Гимназияда еңбек ететін 105 мұғалімнің 45-і – жоғары, 37-сі – бірінші санатты ұстаздар. 7-8 мұғалім – жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар. Олар негізінен өзіміздің гимназияны бітіргендер, – дейді Надежда Заиченко.

Гимназияның физика пәнінің мұғалімі Рафаэль Рамазанов – қала және облыс бойынша үздік педагогтердің бірі. Оның оқушылары халықаралық “Сібір байлығы” деген конкурсқа жылда қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Олардың көпшілігі Новосібір, Томск қалаларындағы жоғары оқу орындарына түседі. 2010 жылдан бастап гимназияның 9 оқушысы Назарбаев Университетінде оқиды. “Болашақ” бағдарламасы бойынша 19 түлек оқуға түскен. Оның ішінде бітіріп, Қазақстанның әр түкпірінде еңбек етіп жүргендері де бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру кезінде оқушылары қала бойынша математикадан ең жоғары 20-дан 25-ке дейін балл жинаған ұстаз Елена Макеева:

– Жоғары нәтижеге жетудің аса құпиясы жоқ. Нәтижеге жету үшін оқушылардың теориялық материалды жақсы білуін талап етемін. Балалармен топтық та, жеке де жұмыс жүргіземін. Сонымен қатар бала – ата-ана – мұғалім бірлесіп жұмыс істегенде нәтиже жақсы болады. Ең бастысы, оқушыны еңбек ете білуге үйрету керек. Меніңше, жақсы нәтиже – оқушылар мен мұғалімдердің бірлескен еңбектерінің жемісі, – деді.

Жоғары санатты ұстаз Людмила Сұлтанова биылғы жылы неміс тілі мұғалімдерінің Италияда өткен халықаралық съезіне делегат болыпты. Съезге шақыртуды Орталық Азия республикалары: Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мұғалімдерінің Австрияда өткен біліктілікті арттыру семинарына барған кездерінде алған. Бұл семинар туралы ақпаратты Интернеттен тауып, қатысуға өтініш бергенін айтады.

– Жарты жыл бойы Мәдениет және ақпарат министрлігі семинарға қатысқысы келетіндерден өтінімдер жинап, іріктеу жүргізді. Бұл менің ізденуімнің арқасында қол жеткізген жетістігім болды. Негізгі мамандығым – ағылшын тілі, неміс тілі – екінші меңгерген тілім. Еуропада ағылшын, неміс, француз тілдерінен жалпы қабылданған үш деңгей бар. 5-ші сыныптың 29 оқушысы мамыр айында осы деңгейлік емтихандарда өз білімдерін қорғап, сертификаттарын алды. Настя Хабарова – болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушым. Ол 5 “а” сыныбында оқиды. Неміс тілін оқып жүргеніне екінші жыл. Настя барлық пәндерден өте қабілеттілігімен ерекшеленеді, – дейді Людмила Александровна.

Гимназия лингвистік бағытта білім береді. Оқушылар қазақ тілінен қалалық, облыстық конкурстарға қатысып, екінші, үшінші орындарды иеленіп жүр. Қазақ тілінен конкурсқа қатысушылар көп, орын алу қиын. Оның үстіне биыл қазақ тілінің сағаты да қысқарған. Мектептегі қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер мерекелерге арналған іс-шаралардың барлығын екі тілде өткізеді.

– Өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілін түсінеді, сөйлейді. Мектепте 20 этностың балалары оқиды, барлығы да қазақ тіліндегі шараларға қатысады. Бастауыш сынып оқушылары өздерінің жас ерекшеліктеріне қарай түрлі байқауларға, викториналарға қатысады. 8-10-сынып арасындағы оқушылар қазақ тілінен өтетін олимпиадаларға қатысады. Былтыр 8-сынып оқитын Артем Горбачевский қазақ тілінен қалалық олимпиадада бірінші орынды жеңіп алды. Олимпиадаға 11 оқушы қатысып, 9-ы жүлдегер болды, – дейді директордың мемлекеттік тіл мәселесі жөніндегі орынбасары Қамар Есқұлова.

Білім ошағына балалар бірінші сыныптан бастап қабылданады. Гимназия табалдырығын тұңғыш рет аттаған бүлдіршіндердің логикалық ойлауы, мектепке психологиялық дайындығы, тағы басқалары тест арқылы тексеріледі. Өйткені, бірінші сыныптан бастап 5-6 сабақтан жүргізіледі.

Мектеп директорының айтуынша, оқу тегін, бірақ мектептің қамқоршылық кеңес қоры немесе ата-аналар ұйымына ай сайын әр отбасыдан 1500 теңгеден жиналады. Егер оқушылар олимпиадаларға немесе гимназия атынан конкурстарға қатысып, орындар алса, оларға осы қордан ақшалай сыйақы беріледі. Сондай-ақ басқа жаққа конкурсқа баратын оқушылардың жолына, тереңдетілген ағылшын тілін оқыту үшін деңгейлік оқулықтар, мерекелерге сыйлықтар сатып алуға да осы қордан қаржы бөлінеді. Әр жылдың қазан айында түскен ақшаның қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беріледі.

 – Бізде би, эстрадалық-вокалдық, қуыршақ, театр студиялары, гитара үйірмесі, спорттың әр түріне арналған секциялар кешенді түрде жұмыс істейді. Олардың барлығы тегін. Интерактивті тақталармен жабдықталған жеті оқу кабинетіміз, Интернетке қосылған 96 компьютеріміз және екі сайтымыз бар. Балалардың жетістігі мен білім сапасы педагогтің біліктілігіне негізделген оқушы мен мұғалімнің сабақтағы қарым-қатынасына байланысты. Біз өзіміздің білімдарлығымызбен ғана әлемді бағындыра аламыз, – дейді гимназия директоры Надежда Заиченко. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp