«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҒИПТАРҒА МЕКТЕП АШУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Любовь Молчанова – туабітті дертпен дүние есігін ашқандардың бірі. Ауылдық отбасыда дүниеге келген қыздың денсаулығында ақауы барын ата-аналары білгенмен, оған қалай көмектесу керектігін білмеген. Оның өмірінің күрт өзгеруіне септігін тигізген Петр Хоритонов еді. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдары облыстың ауыл-аймақтарын аралап, мүгедек балалардың білім алуына мүмкіндік жасаған екен. 7 жасар қыз Қарағанды қаласында орналасқан зағип балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа оқуға түседі. Онда 9 жыл білім алады. Соның арқасында көзі көрмесе де, өзге адамдардай кітап оқи алады. Ол – облыстағы зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың оқырманы.

– Бұл кітапхана бізді әлеммен байланыстырып тұрған көпір іспеттес. Мұнда келіп кітапхана қызметкерлерінің көмегімен облыстағы, республикадағы соңғы жаңалықтарды газет-журналдардан оқып, құрбы-құрдастарымызбен, достарымызбен кездесеміз. Әңгіме өрбітіп, сырласамыз. Өмірімізде жолыққан түрлі қиындықтарымызды бөлісеміз. Осылайша шерімізді бір тарқатып аламыз, – дейді Любовь Валентиновна.

– Ол көбінесе шетелдік жазушылардың шығармаларын оқуды ұнатады. Қазіргі таңда 18 кітаптан тұратын Чарльз Диккенстің “Холодный дом” атты шығармасын оқып жүр екен. Брайльдің зағиптарға арнап шығарған рельефті-нүктелі шрифтпен жарық көрген кітап. Ол саусақтардың ұшымен нүктелерді сезіп, оқуға арналған. Мұндай кітаптың кітапханада бірнеше түрі бар. Атап айтар болсақ, рельефті-нүктелі шрифтті кітап 14 мыңнан астам болса, таспаға жазылған аудио кассеталы кітаптардың 15 мың данасы сақталған. Кітапхана қызметкерлері аудио кассеталы кітаптарды өз ішінде “өлі жүк” деп те атайды. Себебі, бұл кітаптарды бұрынғы кассеталы магнитофоны бар оқырман ғана анда-санда алып оқиды екен. Сондықтан да, осы сияқты құнды кітаптарды электронды нұсқаға көшіру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр, – дейді кітапхананың меңгерушісі Галина Шахмантова.  

Бұл кітап үйінің өзге кітапханалардан айырмашылығы жоқ. Көркем әдебиет, математика, география, саяхат – барлық тақырыптарды қамтыған кітаптарды табуға болады. Ең өкініштісі – қазақ тілінде рельефті-нүктелі шрифтпен жазылған кітаптар саусақпен санарлық екен. Көзге ыстық көрінгені Мұхтар Әуезовтің “Абай” эпопеясы мен “Дымбілместің айға саяхаты” ертегісі болды. Брайль бойынша жарық көрген аталмыш шығармаларды қолға алған оқырмандар қатары да сирек. Кітапхана Петропавл психоневрологиялық балаларға арналған мектеп-интернат ғимаратының бір бөлігін жалға алып отыр. Тозығы жеткен ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жасалмағанына көп болған. Едені сықырлап, төбесі де көңіл көншітерлік емес.

Кітап қоры 40 мыңнан асады. Ал оқырмандардың орташа жасы қырықтың бел ортасында. Жастардың дені сирек келеді, дейді кітапханашы. Бұл облысымызда көз жанарынан айрылған балалар мен жасөспірімдердің жоқтығын білдірмесе керек. Керісінше, әріп танымайтын жастардың көптігінің дәлелі болса керек. Өңірімізде мектеп жасындағы зағип балалар бүгінгі таңда 200-ден асып жығылады. Облысымызда көз жанарынан айрылған балаларға білім беретін мектептің жоқтығынан жастардың тең жартысы білім нәрімен сусындау мүмкіндігінен айрылып отыр, дейді бұл мәселемен 10 жылдан астам уақыт бойы айналысып келген “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі Минвали Хайрулин.

– Көз жанарынан айрылған жандардың бет қимылының дамуында ауытқушылық болған соң, сырт көзге біз есі дұрыс емес адамдай көрінеміз. Бірақ біздің көзіміз көрмесе де, миымызда ақау жоқ. Кәдімгі көзі көретін адам сынды білім алып, қызмет ете аламыз. Бірақ өңірімізде зағип балаларға арналған мектептің жоқтығы оқимын деп ұмтылып тұрған балаларға қолбайлау болып тұр. Арнайы мектеп болмағандықтан, көзі нашар көретін балалар кәдімгі мектепке барып, оқуға мәжбүр. Сондықтан да, көзі кішкене болсын көретін бала мүлдем соқыр болып қалуы мүмкін. Себебі, ол оқулықтардағы берілген тапсырманы өздігінен оқу үшін көзіне салмақ түсіреді. Қатарластарының соңынан ілесе алмай қиналады. Сондықтан да өзін қоғамға керек еместей сезініп, түңіле бастайды, – дейді Минвали Ғабиденұлы.

Сол себепті ол отбасында зағип бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға балаларын арнайы мектепке оқуға беруге кеңес береді. Оның кеңесіне құлақ салған отбасылардың бірі – қызылжарлық Әубәкіровтер отбасы. Бұл мәселенің мәнісін тереңірек білетін Балқия Әубәкіровамен кездесудің сәті түсті.

– Балқия Жоламанқызы, қайтсе де облысымыздан шалғай жатқан өңірге ұлыңызды жылына бірнеше мәрте апарып-әкелуді айтпағанда, алысқа жіберудің өзі Сіздерге оңай емес шығар?

– Баламның мүгедек болғанына қарамастан, білім алғанын қалаймын. Диас жасынан зерек болып өсті. Бар нәрсені білуге, оқуға құштарлығы әкесі екеуімізді таңғалдыратын. Бауыр етің – балаңның жарық дүниені басқа адамдар сияқты көре алмайтынын білу оңай емес. Дертіне шипа іздеп, бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Мүмкіндігі онсыз да шектеулі баламның білім алуына, оқуына шектеу қойғым келген жоқ. Әрине, өңірімізде мұндай балаларға арналған мектептің жоқтығы өкінішті. Онсыз да қиналып жүрген отбасылардың жағдайын бұл мәселе одан сайын қиындата түседі. Себебі, мұндай баланы не балабақшаға апара алмайсың, мектепте білім алуына да мүмкіндіктер өңірімізде қарастырылмаған.

– Диасты Сіз алғашында кәдімгі мектепке оқуға берген екенсіз…

– Балам болашақта қатарластары сияқты кәдімгі мектепте оқымайтындығын білдім. Қалай дегенмен зағип балаларға арналған арнайы мектепте оқитындығын түсіндім. Сондықтан да, баламды “Қазақ зағиптар қоғамының” Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында Брайль бойынша өткен курстарына беріп, рельефті-нүктелі шрифті оқыттым. Диас оны бірден меңгеріп алды. Ол №25 орыс мектебінде 3-сыныпқа дейін оқыды. Сыныпта бірінші партада отырса да, тақтада жазылған жаттығулар мен кітапты өздігінен оқуға қиналды. Сондықтан Қарағанды қаласындағы зағиптарға арналған мектеп-интернатқа оқуға бердік.

– Неліктен балаңызды қазақ мектебіне бермедіңіз?

– Себебі, елімізде зағип балаларды мемлекеттік тілде оқытатын не мектеп, одан қалды әдебиет те жоқ. Орыс мектебіне беруге мәжбүр болдық.

– Қарағандыдағы мектепте Диастан өзге солтүстікқазақстандықтар бар ма?

– Иә, бар. Тағы 2 бала оқиды. Біреуі – қызылжарлық, біреуі – бескөлдік. Ол мектепте еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар оқиды. Білуімше, Брайль әдісімен Алматы, Орал, Семей, Тараз және Қарағанды қалаларында оқытады. Біздің өңірге ең жақыны Қарағанды облысы болғандықтан, ол қалада баланы біз жоқта барып, хал-жағдайын біліп тұратын не туысымыз, не жақынымыз болмағанына қарамастан, оқуға бердік. Биыл Диас 5-сыныпқа көшті. Сыныбында үздік оқитын оқушы.

– Диас, саған Қарағандыдағы мектепте оқыған ұнай ма? Онда достарың бар ма?

– Ұнайды. Бірақ ата-анамды сағынамын. Достарым да бар. Біз бірге ойнаймыз. Оқимыз.

– Ал болашақта кім болғың келеді?

– Келешекте өзім сияқты балаларға сабақ бергім келеді.

– Сен Қызылжар қаласында Қарағандыдағыдай мектептің болғанын қалайсың ба?

– Иә, қалаймын. Қаламызда сондай мектеп болса, мен сияқты балалар жылына бірнеше рет пойызбен жол жүріп, үйінен жырақта оқуға мәжбүр болмас еді. Ата-аналарын сағынып жыламас еді. Және де Брайльмен жазылған қазақ тіліндегі кітаптардың көп болғанын қалар едім.

Қарсы алдымда саусақтарымен үнсіз ойнап отырған баланың сұрағыма осылай жауап береді екен деп күткен жоқпын. Бірақ Диастың өте зерек бала екені сөйлеген сөзінен бірден байқалады. Ол оқуымен қатар, мектепте музыка сыныбына да қатысады екен. Пианино пәнінің 1-сыныбын бітірген Диасқа ата-анасы жаз айларында қолын машықтандырсын деп пианино сатып алыпты. Ол, әсіресе, үйде шетел сазгерлерінің шығармаларын орындауды ұнатады. Музыкалық шығарманың мәтінін, яғни нотаны да рельефті-нүктелі шрифт арқылы оқи алатын Диастың талабына тамсанбасқа болмас. Жазғы демалысында босқа отырмас үшін ол Петропавл қаласының зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасына барып, кітаптармен қатар, Брайль әдісімен жазылған шетел классиктерінің шығармаларын қоса алады. Бір қуантарлығы, бұл кітапханада музыка саласын Брайль әдісімен меңгеруге қажетті материалдар жеткілікті. Сөрелер Шопен мен Бахтың шығармаларына, теориялық кітаптарға толы. Бұл кітаптар зағиптарға арналған музыка мектебі жабылғалы кітапхана қуысындағы сөрелерде сақтаулы тұрды. Шаң басқан кітаптар енді Диастай оқырманы табылған соң, көзге көрінетін жерге қойылатын болады, дейді кітапхана қызметкерлері.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Балқия Әубәкірова мен Диас.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp