Зекет ислам дінінің басты бес парызының бірі болғанымен, оның халық арасындағы насихатталуы әлі күнге дейін өз деңгейінде жүйелі түрде жүргізілмей келгені белгілі. Осыған байланысты жуырда “Қызылжар” орталық мешіті бас имамының міндетін уақытша атқарушы А.Алыпқашев, наиб имам Р.Қайыргелді және “Зекет” қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Н. Жұмабаев іс-сапармен Тайынша ауданына барып, діни қызметкерлермен, аудан кәсіпкерлерімен, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
А.Алыпқашев Тайынша аудандық мешітінде жамағатпен кездесіп, салиқалы уағыз айтты. Кейін аудандық мектептің залында жиналған ауыл ақсақалдарына, имам, молдаларға, кәсіпкерлерге Н. Жұмабаев пен Р.Қайыргелді зекет, оның мәні мен мағынасы жайында дайындаған уағыздарын айтып, арнайы бейнефильм көрсетті. Шара соңында жиналғандарға зекет турасында жасалған буклеттер таратылып, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың жоспары талқыланды.
“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз қызметі.