«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКШЕ КӨРЕРМЕНДЕРІНІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері 22-26 қазан аралығында Көкшетауда гастрольдік сапармен болып қайтты. Осыған орай біз театрдың директоры Қуандық Қасымовты әңгімеге тартқан едік.

– Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының қай салада болсын байланыстары ежелден берік қой. Біздің театрдың гастролі соның тағы бір айғағы емес пе?

– Еліміздегі бізбен ең жақын, ең тілеулес өңір осы Көкше өңірі десем, жаңалық ашқаным емес. Ағалы-інілідейміз. Қарым-қатынасымыз үзіліп көрген емес. Соның ішінде мәдени өмірдегі байланыстарымыз берік. Осыған бір дәлел – Ақмола облыстық орыс драма театрының біздің сахнамызда 22-26 қыркүйек аралығында қызылжарлықтарға өз қойылымдарын тарту еткені. Көрермендеріміз көрші өңірдің өнер иелеріне осы спектакльдер арқылы жоғары бағасын берді. Біздің сапарымыз осыған сай қарымта тарту жасау мақсатын көздеді.

– Білуімше, Көкшетаудағы орыс драма театрының айтарлықтай биіктерге қол жеткізген сәттері аз емес сияқты.

– Бұл анық. Аталған театр 1977 жылы шаңырақ көтерген. Әсіресе, рок-қойылымдармен аты шыққан. Бұрнағы жылдарда Ресейдің Марий-Эл республикасының астанасы Йошкар-Ола қаласында өткен халықаралық театр фестивалінде бас жүлде еншілегенінен хабарымыз бар.

– Өзіңіз басқарып отырған театрдың өнер сапары жайына көшсек.

– Біз биылғы премьерамыз – “Өйтпесе, Мағжан бола ма!” және “Қыз Жібек” спектакльдерімізді, соған қоса “Шойын қатын” күлдіргі қойылымы мен балаларға арналған “Қорқынышты қоян” комедиясын ұсындық.

Мағжан есімі бүкіл Қазақ еліне ардақты десем де, оны өз өңіріміз бен Көкшетау аймағы айрықша қастерлейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл қойылымға көкшеліктердің ықыласы ерекше болды. Қазақ театрының залы төрт күн бойы көрермендерге, әсіресе, жастарға лық толды. Көрермендердің сұрауымен бұл спектакльді жоспарлағаннан артық көрсеттік.

Ұлы Мағжан бейнесін кескіндеген Дәурен Тойбазаров пен ақын жары Зылиқаны мүсіндеген Шолпан Айтибаеваға көкшеліктердің көрсеткен құрметіне баршамыз риза болдық. Ал “Қыз Жібек” трагедиясын тамашалаған көрермендер, әсіресе, жасамыс адамдар көздеріне жас үйіріп, үсті-үстіне қол шапалақтап, әртістерімізге кошемет жасағаны бізді қанаттандыра түсті.

– Сапарларыңыздың сәтті болғанына біз де қуаныштымыз.

Әңгімелескен Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp