Есіл ауданындағы Чириковка орта мектебінің жылыту қазандығы жаңасына ауыстырылуда. Жаз айларында атқарылатын жұмыстың бүгінге дейін созылу себебі оған қатысты тендердің кеш ұйымдастырылуымен түсіндіріледі. Аталмыш мектепке биыл 13 миллион 506 мың теңге қаржы бөлініп, онда құрылыс жұмысын атқарып жатқан мердігер 15 қарашада нысанды іске қоспақ. Үш қабатты мектеп ғимаратының бірінші қабатына жапсарластыра орнатылған бұрынғы қазандық асхана мен мәжіліс залына қабырғалас екен. Бұл, әрине, мекемеде өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуына қайшы.
– Жаңа қазандық пен оның имаратына республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны өз бағытында игеріп жатқан – “Есіл Құрылыс” ЖШС-і. Оның жұмысын қабылдап алатын күн де алыс емес. Бұл мәселенің шешімі табылғанына қуаныштымыз. Мектебімізде басқа да шешімін күттірген мәселелер жетерлік. Солардың бірі – ескінің көзіндей болған ғимараттың ішкі көрінісі. Талай жыл күрделі жөндеу көрмеген мектебіміздің іші сұрғылт тартады. Ескірген есік-терезелер мен оқу үстелдеріне қарап, оқушылардың да, ұжымның да көңілі түседі. Бүгінгі мектебіміздің материалдық базасы жақсартуды қалайды. Өткен жылы компьютерленген сынып ашылып, интерактивті тақталар орнатылғаннан бері оқушыларға жаңаша білім берудің әдіс-тәсілдері қолға алына бастады. Аудандық Білім бөліміне өзімізге қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздарға тапсырыс беретін құжаттарымызды дайындау үстіндеміз, – дейді мектеп директоры Лилия Русина.
Биылғы оқу жылында аталмыш мектепте 122 оқушы оқиды. Бастапқыда орыс мектебі болған шаңырақта тоғызыншы жыл қазақ тілінде де оқушылар білім алуда. Биыл 11-сыныпта 5 қана оқушы оқып жатса, ал 1-сыныпқа 20 бала қабылданғаны ұжымды қуантады. Мектеп басшысының айтуынша, қазақ сыныптарына математика мен физика пәндерін оқытатын мамандар жоқ және оқулықтар жетіспейді.
– Елімізде білім беру жүйесі жақсы қаржыландырылады, бірақ біздің мектептің жаңаруға мүмкіншілігі жоқ. Көптеген құрал-жабдықтар мен кітаптарды өз ақшамызға сатып аламыз. Мен бұл мектепке биыл бірінші жыл басшы болып отырмын. Мектептің жұпынылығы оның табалдырығын аттаған бойда аңғарылады. Сондықтан ұжым болып мектебімізде білім алу жүйесін жаңартуды қалаймыз. Әрине, оған басты қажеттілік – қаржы. Сондықтан бізді басқарушы мекемелерге өтініштеріміз бен тапсырыстарымызды жиі естіртіп, олардың табалдырығын тоздыруға бекіндік, – дейді жаңа басшы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.