Он екі мүшеміз сау бола тұра кейде өмірге өкпелеп, тағдырымызға налитын кездеріміз бар. Осындайда бойындағы қажыр-қайраты, темірдей төзімі жасықтарға үлгі болатын мүгедек жандарды көргенде тәнті боласың. Солардың бірі – жуырда Голландияда өткен мүгедектердің Бүкілдүниежүзілік ойындарында жүзуден жеңіске жеткен жерлесіміз Владимир Эрман.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осыдан 9 жыл бұрын тірек-қимыл жүйесі зақымданып, аяғын өздігінен басу қабілетінен айрылған Владимир – содан бері таяққа сүйеніп жүрсе де, қиындыққа мойымаған қайсар жігіт.
Владимир 1984 жылы Қостанай облысының Арқалық қаласында дүниеге келген. 1999 жылы отбасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Чкалов елді мекеніне көшіп келді. Жастайынан алғыр бала аға-інілеріне қарағанда спортқа бір қадам жақын болған. “Ауылдың мектебінде оқып жүріп, спортпен айналыса бастадым. Мектепте оқып жүргенде кикбоксингке бүйрегім бұрды. Сол сәттен бастап аталмыш жекпе-жектің қыр-сырын меңгеруге көңіл бөлдім. Мектепаралық және ауданаралық сайыстарға қатыстым. Бірте-бірте тәжірибемді жинап, біліктілігімді арттырдым. Кейін мүмкіндігімді шектемей, қалалық, облыстық сайыстарда бағымды сынадым”, – деп еске алады дарынды спортшы.
Жас спортшы 2003 жылы Петропавл қаласына көшіп келіп, облыстық жауынгерлік өнер және кикбоксинг федерациясында аға жаттықтырушы, бүгінде облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің қарамағында жаттыққан. Облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда өңір намысын қорғап, жүлделі орындардан көріне білген. Тек тағдырдың жазуы сол – 2005 жылы жиырма бір жасында тірек-қимыл жүйесі зақымданып, аяғын баса алмай қалды.
– Жанымдай сүйген спорттан қол үзіп, үш жыл үйде отырдым. Көгілдір экраннан паралимпиадалық спартакиаданы көріп, ондағы жарымжандардың он екі мүшесі сау адамдардан еш кем емес екендіктерін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрініп отырғандарын көріп, таңқалғаным бар. Адамның мүмкіндігінде шек жоқ екендігін мойындадым. Мен де 2008 жылдан бастап жүзумен айналысуды қолға алып, араға көп уақыт өтпей жақсы нәтиже көрсете бастадым. Кейін бәсі биік додаларда өңір, ел намысын қорғай бастадым, – деп еске алды ол.
Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Владимир Эрман жүзумен алты жылдан берi айналысып келедi. Жаттықтырушысы Наталья Предеинаның басшылығымен жаттыға бастаған едi, ал қазiр спортшының дербес жаттықтырушысы бар. Ол – жас маман Дмитрий Гапотченко. Владимир Эрман Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң 50 метрлiк бассейнiнде жаттығады.
Аптасына бес рет жаттығуды әдетке айналдырған Владимир 50-100 метр қашықтыққа дейін, ал кейде 200-400 метрге дейін жүзеді. Жүзумен айналысқан екі жылдың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Араға тағы бір жыл салып, ел чемпионы атанды.
Спортшыдан өзінің спорттық мансабындағы ерекше жарысы туралы айтып беруін сұрағанымда: “Ешбір жан жарымжандықты Құдайдан сұрап алмайды. Тағдырым солай болғанымен, еңсемді түсірген жоқпын. Жігерімді жанып, рухтандым. Өзіме өзім талап қойып, алдағы жылдарға мақсатымды айқындадым. Бұл жолымнан айныған емеспін. Айнымаймын да. Өзге паралимпиадашы спортшылардың алдағы күнге деген талпынысы мен еңбексүйгіштігін жоғары бағалаймын. Дәл осы қасиет бойымнан табылса екен деймін”, – деген Владимир спорттағы қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен бөлісті. Оның ірі жеңістерінің бірі – 2011 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында мүгедектер арасында өткен Бүкіләлемдік ойындардағы жеңісі. Ол жарыс спорттың тоғыз түрі бойынша өтті. Қазақстан жеңіл атлетика мен жүзу бойынша қатысқан еді. Ойындарға барлығы 49 ел қатысса, оның ішінде 11-і жүзу бойынша бақ сынасты. Қазақстанның құрамасы жалпыкомандалық есепте қола жүлдегер атанды. Сөйтіп, әлем чемпионатына теңелетін бұл жарыста спортшы біліктілік көрсеткішін орындап, 2012 жылы Лондон қаласында өтетін паралимпиадалық ойындарға “В” тобы бойынша лицензия алды.
– Жүзу бойынша жарыстарда үш қашықтықтың барлығынан да медаль алдым. 100 метр қашықтықта және брасс стилі бойынша жүзуде алтыннан алқа тағындым. Сонымен бірге 50 метрге шалқалап жүзуде және дәл осы қашықтықта еркін стиль бойынша екінші орындарды олжаладым. Бірақ та жеңіс оңайлықпен келді деп айта алмаймын. Қарсыластарым да мықты болды. Халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жарысым болған соң қатты қобалжыған едім. Дегенмен жаттықтырушыларымның және жерлестерімнің артқан сенімін ақтауға барымды салдым. Аталмыш халықаралық жарыс нәтижесі бойынша отандастарымыз үшінші орынға табан тіреді. Бірінші орында Қытай болса, Польша спортшылары күміс медальға қол жеткізді, – деп бәсекелі сайысты есіне алған спортшы өз жеңісін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған.
Қазіргі таңда Владимир – паралимпиадалық ойындарда жүзуден өңір намысын қорғайтын жалғыз спортшы. Суда өзін балықтай сезінетін жерлесіміздің өмірге деген құлшынысы зор. Соңғы уақытта ол тағы да бір ірі жеңіске қол жеткізді. Владимир Голландияда өткен мүгедектердің Бүкілдүниежүзілік ойындарында екі медаль жеңіп алды. Аталмыш жарысқа әлемнің 35 елінен келген 500-ге жуық спортшы қатысса, Қазақстанның намысын спорттың үш түрінен 16 үміткер қорғаған еді.
Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын додада 100 метрлік қашықтыққа жүзуде – алтын, ал 100 метрлік қашықтықта брасс әдісімен жүзуде қола медальды ұтып алған Владимир Эрман жүзуден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері нормативін де орындады. Бұл жолы медальдар аз, оның есесiне қашықтықтар салмақты болды, 50 метрдiң орнына Владимир 100 метрдi әртүрлi әдiспен жүздi. Ол өзiнiң Голландияда аяқ-қолы жарымжан спортшылардың халықаралық қауымдастығының Бүкiлдүниежүзiлiк ойындарына қатысқанына риза екенiн бiлдiрдi. “100 метрлiк қашықтықта еркiн жүзу әдiсiмен алтынды жеңiп алып, мен ресейлiк мықты жүзгiштердiң алдына шықтым, – дейдi спортшы. – Бұл нәтижені келесi 100 метрлiк қашықтықта брасспен қайталауға мүмкiндiк болмады. Тек Қытайдан келген қарсыластарыма жол берiп, қола медальды ғана иелендiм. Дегенмен бұл жолы да ел сенімін ақтап, туған жеріме жеңіспен оралғаным – мен үшін абырой”, – деген Владимир Эрман спорттық мансабындағы екінші Бүкілдүниежүзілік ойындарды өзге елдер спортшыларымен танысып, достық қарым-қатынас орнатқанын да айтты.
Тағдырдың жазуымен жарым-жан болған Владимир облыс орта-лығында мүмкіндігі шектеулі адам-дарға арналған “Үміт” спорт клу-бында жаттығады. Мұнда мүгедек-тер шағын футбол, футбол, жағажай футболы, пауэрлифтинг, спорттық қоларбамен жарыс, шаңғы жарысы, жеңіл атлетика, дартс және жүзу бойынша жаттығады. Қазіргі таңда клубта 70-тен астам адам спортпен шұғылдануда. Клубтың ашылуының арқасында мүгедек спортшылардың жоғары спорттық нәтижелерге ие болуына мүмкіндік туды.
Болашағынан мол үміт күттірген спортшының айтуынша, өңірде мүгедектер спортына баса назар аударылады. Облыс әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауы арқасында Петропавлда арнайы спорт клубы ашылып, автокөлік бөлінген. Екі мүгедек спортшы облыс әкімінің стипендиясын алып тұрады. Олардың қатарында Владимирмен қатар, Лондонда өткен паралимпиадалық ойындарға қатысушы Сергей Харламов бар. “Мен сияқты спортшыларды қолтығымыздан демеп жүрген облыс басшылығы мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ бар білген-түйгенін үйретуден аянбай жүрген, ақыл-кеңестерін беріп, жеңіске талпыныс, өмірге деген құштарлық үмітімнің шоғын үрлеп жүрген жаттықтырушыларыма қарыздармын”, – деген дарынды спортшы алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Владимир ең алдымен Астанада өтетін тірек-қозғалыс аппараты зақымданған мүгедек спортшылар арасындағы сайыста топ жаруды көздеп отыр. Сондай-ақ Рио-де-Жанейрода өтетін паралимпиадалық ойындарға жолдама алу үшін тиісті көрсеткішке жету мақсатын көздейді.
“Өмір жолымда қандай қиыншылық кездессе де, жеңілмеймін” деген Владимирдің сөзіне қарап, қиындықпен күресу, оны жеңе білу нағыз батыл адамның ғана қолынан келетіндігін тереңірек түсінгендей боласыз.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.