Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де үш білім беру бағдарламасының “ASIIN” неміс агенттігінің аккредиттеуінен өтуіне орай брифинг өтті. Шараға білім ордасының ректоры, академик Оңдасын Әшімов пен өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Осынау игі жетістікті атап өтуге арналған шарада сөз алған Оңдасын Бәйкенұлы:
– 2011 жылы университет “ASIIN” неміс агенттігіне үш білім беру бағдарламасы бойынша аккредиттеуден өту туралы өтініш берген. Үстіміздегі жылы ЖОО сол сынақтан абыроймен өтіп, “Электроэнергетика” магистратурасы мен бакалавриаты және “Аспап жасау” мамандықтары халықаралық агенттік тарапынан қолдау тауып, тиісті құжаттарын алды. Енді ЖОО студенттері сапалы білім алатын болады, – дей келе, қол жеткізген тіркеудің маңызы қаншалықты зор екенін көпшілікке қуана жеткізді. Ректордың айтуынша, аталмыш тіркеуге ұстаздар мен студенттер 2 жыл қатарынан дайындалған.
“ASIIN” – білім беру бағдарламаларына жоғары талап қоюымен ерекшеленетін Еуропадағы бірден-бір танымал және беделді агенттік. “Осындай беделді агенттіктің тіркеуінен өту – университет тәжірибесіндегі ең алғашқы ірі жетістік. Себебі, халықаралық агенттіктің аккредиттеуінен сүрінбеу оқу ордасында қызмет атқарып жүрген оқытушылардың студенттерге заман талабына сай білім беріп келе жатқанының нақты дәлелі. Сондай-ақ студент жастардың білім жолындағы игі ізденістеріне берілген әділ баға”, – деп атап өтті университет басшысы.
Екі жыл ішінде университет ұжымы оқу үдерісі мен мамандықтардың әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуін жетілдірген. Дайындық аясында өндірістік ортаның өкілдерінің құрамынан тіркелетін бағдарламаларды дамыту бойынша жұмыс топтары құрылған. Бағдарламалардың модульденуі жүргізіліп, модульдік және кадрлық анықтамалықтар әзірленген. “Энергетика және аспап жасау” кафедрасы жергілікті кәсіпорындармен бірнеше келісімшарттарға отырып, ҚР БжҒМ гранттары бойынша ғылыми жұмыстарын жандандырған. Сондай-ақ “Энергетика және аспап жасау”, “Радиотехника және электроника”, “Ақпараттық жүйелер” кафедраларының оқытушылары үшін ағылшын тілінен курстар ұйымдастырылған.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында шетелдік сарапшылар оқытушылар, студенттер мен энергетикалық компаниялардың басшыларымен кездесіп, оқу-әдістемелік кешендер және басқа да материалдармен танысқан. Нәтижесінде қыркүйектің 27-сі күні солтүстікқказақстандық оқу орнының аталмыш мамандықтар бойынша оқыту жүйесіне оң баға беріліп, “EUR-ACE®” сапа белгісі берілді. Енді бұл бағдарламалардың түлектері “EUR-ACE® Бакалавр” және “EUR-ACE® Магистр” деген атаққа ие.
Брифинг соңында Оңдасын Әшімов 51 оқу бағдарламасы бар университет үстіміздегі жылы тағы 5 мамандық бойынша аккредиттеуден өтуді жоспарлап отырғандығын жеткізді.