«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкіметтің 11 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев индустрияландырудың алғашқы бесжылдығының табыспен аяқталғанын атай отырып, алайда көптеген жобалардың тоқырауға ұшырағандығын сынаған болатын. Енді осы жұмысты Елбасының өзі бақылауға алмақ. Соған орай өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталғалы отырмын.

Марат ЫСҚАҚОВ,

облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Облыста индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында инвестиция көлемі 40 млрд. 750 млн. теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 1800 жұмыс орны құрылатын болады.

Бүгінгі күнге дейін сомасы 25 млрд. теңгеден асатын 26 жоба іске қосылып, 1 мыңдай жұмыс орны ашылды.

Индустрияландыру картасы аясында тоқтап тұрған жоба жоқ.

Жыл соңына дейін заманауи технологияға негізделген “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің сүт өңдеу зауыты іске қосылады.  

Индустрияландыру картасының қалған жобалары пайдалануға берілу мерзімі бойынша индустрияландырудың екінші “бесжылдығында” өтеді.

Олардың арасында құрамында қалайы бар кен өңдеуге арналған Сырымбет кенметаллургия комбинатының құрылысы сияқты ауқымды жоба бар. Оның жоспарлы көлемі – жылына бір млн. тоннадан астам кен өндіру. Комбинат 2018 жылы пайдалануға берілуге тиіс. Инвестиция сомасы 70 млн. теңгеден асатын жоба 500-ден астам жұмыс орнын ашуды, жаңа технологияларды игеруді мақсат етеді. Қазіргі уақытта “Сырымбет” кен орнында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.

Индустрияландыру картасынан басқа өңір экономикасы үшін бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылмақ.

“С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-да үстіміздегі жылы әскери доңғалақты техниканы жаңғыртуға арналған жаңа цех іске қосылады.

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” (ПАМЖЗ) АҚ 2014 жылы энергетика жабдықтарын сериялы шығару жөніндегі жобаны аяқтайды. Бұл кәсіпорынның бірегей өніммен (қызудың экрандық үстіңгі қабаты) энергетика жабдықтары нарығына шығуына және республиканың ГЭС-терін барынша тапсырыстармен қамтуға мүмкіндік береді.

Индустрияландырудың екінші “бесжылдығында” да облыс кәсіпорындарына инновацияны енгізу жалғасады.

“ПАМЖЗ” АҚ “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында Қазгеологияның Ұлттық барлау компаниясы үшін бұрғылау қондырғылары өндірісін бірлесе игеруге қатысатын болады.

“ЗИКСТО” АҚ жартылай вагондар мен жүк арбаларын шығаруды игеруді және жүк вагондарының қалыпты дәнекерленген арбаша үлгісін әзірлеуді жоспарлап отыр.

“Мұнаймаш” АҚ ақпараттық терминалдар көмегімен өндірісті қолдау мен бақылаудың заманауи жүйесін жүзеге асырады.

“С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ Қорғаныс министрлігінің, темір жол, мұнай-газ кешендерінің мұқтаждары, сол сияқты сандық теледидарды ұйымдастырудың техникалық құралдары үшін радиоэлектронды аспаптар өндірісін дамыта береді.

Облыстың минералдық-шикізаттық әлеуетін игеру мақсатында бірнеше жобаларды жүзеге асыруға арналған жұмыстар жалғасын табады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Бақсы” кен орнында мысалтын кенін зерттеу және өндіру жұмысы. Ол зор әлеуетке ие, оны игеру кен байыту комбинаттары құрылысын салуға және шикізаттарды тереңдете өңдеуге арналған жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 6 жыл бойы құны 1 млрд. теңгенің барлау жұмыстарын жүргізуді қарастыратын келісімшарт жасалды.

Айыртау мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың қиылысқан жеріндегі “Володарское” кен орнынан полиметалдарды барлау және өндіру де қолға алынбақ. Венгерлік компания 6 жыл бойы барлау жұмысына 5 млрд. теңге бағыттамақ.

Сөйтіп, облыстың минералдық-шикізаттық әлеуетін дамыту болашақта шикізатты тереңдете өңдейтін тау-кен өндіру кластерін құруға мүмкіндік беретін болады.

Облыста құм, қиыршық тас, бетон өнімдері, есік-терезе, сэндвич панельдер, құбырлар және басқа бұйымдар сияқты құрылыста қолданылатын өнімдердің түр-түрі шығарылады.

“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің қатысуымен 2014 жылы облыста үй құрылысы комбинатын құру мәселесі де шешілді.

“Есиль Строй KZ” ЖШС-нің кірпіш зауыты құрылысы үшін грант алуға Технологиялық даму агенттігіне өтінім берілді.

Осы бағытта өсу әлеуеті “Қолжетімді тұрғын үй”, “Ақ бұлақ”, “ТКШ-ны жаңғырту” атты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы қамтамасыз етіледі.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағыттарының бірі Петропавл қаласында индустриялық аймақ құру және дамыту болмақ. Бүгінгі күні индустриялық аймақ құру тұжырымдамасы әзірленіп, оны орналастыруға арналған 148 гектар жер учаскесі белгіленді.

Сөйтіп индустрияландырудың екінші бесжылдығының тұжырымдамасы аясында қазіргі сәтте облыста үш басым салалық сектордың екеуі: базалық және нарықтық-бағдарланған секторлар көрініп отыр.

Біздің міндет – өңірдің (базалық сектордың) минералдық-шикізаттық әлеуетін пайдалануды барынша арттыру. Бұл тұрғыда шикізатты тереңдете өңдеуді арттыруға және қосылған құн тізбегін құруға баса көңіл аударылады.

Нарықтық-бағдарланған секторға келетін болсақ, онда агроөнеркәсіп және машина жасау кешендерінің негізгі рөлін сақтау қажет.

Қызметтің бұл түрлері ішкі нарықтың қажетін қамтамасыз етумен бірге, үлкен экспорттық ресурсқа да ие.

Қазір ықпалдасу жағдайында жұмыс істей отырып, кәсіпорын әріптес елдердің қысымын шүбәсіз сезінеді. Кәсіпорын басшылары өзіндік бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін толық жаңғыру, ең алдыңғы технологияларды пайдалану қажеттігін нақты түсінеді.

Технологияларды трансферттеу жағдайында жаңа жоғары кәсіби кадрлар қажет. Білім беру жүйесін, оның ішінде дуальды жүйені пайдалану арқылы жаңғырту да – күн тәртібіндегі мәселе.

Бұған қоса өңір жел энергиясын дамытуды да жоспарлап отыр. Оған “Зенченко және К” КС мысал бола алады. Онда орнатылған қуаты 1,5 мегаваттық екі жел энергиясы қондырғысы шаруашылықтың электр қуатына мұқтаждығын жауып отыр. Баламалы энергетиканы дамыту қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтады. Бұл біздің “Жасыл экономикаға” қосқан үлесіміз болмақ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp