Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жуырда Тайынша қаласына іссапармен барғанымызда ауданның бір тұрғыны біздің “Солтүстік Қазақстан” газетінің қызметкерлері екенімізді естіп, өзінің ойын басылым бетінде көргісі келетінін жеткізді. Таныса келе, оның Большой Изюм ауылының тұрғыны Жәнібек Сәдуақасов екенін білдік.
Ол былтырдан бастап мал өсірумен айналысуды ұйғарғанын айтты. Осы мақсатпен “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ арқылы несие қаржысын алуға ниет білдіреді. Оның ұсынысы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына сәйкес келетіндіктен, өтініші мақұлданған. Аталмыш бағдарлама бойынша Жәнібек Балтөреұлы 1 миллион теңге несие алады. Бірақ осы қаржыға қол жеткізу үшін үш ай бойы табанын тоздырған кәсіпкерді несиені құжаттау үшін 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсағаны қапаландырады.
– Бүгінгі таңда Елбасымыз шағын кәсіпкерлікке үлкен жол ашып, жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттің несие қаржысы ісін жаңа бастаған адамға өте тиімді. Оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі де, қарызды өтеу мерзімі де көңілден шығады. Бірақ бағдарлама талаптары мен шарттарын түсіндіру және несие беру жұмысының ұйымдастырылуы қарныңды ашырады. Олай дейтін себебім: біріншіден, осы несиені алу үшін мені толып жатқан қағаз әлегі шаршатты. Екіншіден, бұл бағдарлама шеңберінде қандай құжаттардың керектігін, оның қалай дұрыс толтыру қажеттігін түсіндіріп бере алмайтын мамандар ашуымды келтірді. Мемлекеттің осы көмек қаржысын алу үшін тұратын ауылымнан аудан орталығына, ауданнан облыс орталығына үш ай бойы келіп-кеткенім есіме түссе, қарадай налимын. Жеме-жемге келгенде, несие қаржысы қолыма тигенге дейінгі әрі-бері “шапқылауға” кеткен ақшаны жұрттан қарызға алып, оны несие қаржысынан қайтарған кезде қалған сомаға төрт сиыр ғана сатып ала алдым. Ал бағдарламада көрсетілген келісімшарт бойынша мен бес ірі қараны қорама кіргізуім керек болатын. Енді, міне, көп кешіктірмей шартты орындау үшін тағы бір бас мал сатып алуым керек, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер малды жаз ортасында сатып алып, мақсатты ісін бастап кеткен. Алған малы сүтті болып, әр сиырдан күніне 20 литрден сүт сауып, оны тапсырып отырған. Бұдан біраз табыс түскенімен, малды әрі қарай асырау үшін жеткіліксіз екендігі тағы белгілі. Алты ай қыс қорада ұсталатын малға қыруар жемшөп керек. Ал жаз айларында бақташы әрбір ірі қара үшін 1200 теңге төлем алады. Осының барлығын есептей келе, кәсіпкер сүт қабылдаушылардың шикізатқа қойып отырған бағасының төмендігін айтып ренжіді. Қазан айына дейін ол сүттің литрін 46 теңгеден өткізсе, қазір баға 6 теңгеге ғана көтерілген.
Сондай-ақ Жәнібек Балтөреұлы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, оларды жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар елді мекенде тұратын ағайындарға жете түсіндірілсе, кімге қайсысы тиімді екені айтылса, оған ниет білдіргендерге құжаттардың сауатты толтырылуы үйретілсе деген пікірін де жеткізді.
– Біз “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бар екенінен құлағдармыз. Бірақ оның тетіктерін дұрыс түсінбегендіктен, маңайлай алмай жүрміз. Ал 1-2 күндік жедел курстарда адам не үйрене алады? Ал оның қаладағы мекемесіне барып, ақпарат алуға кез келгеннің жағдайы келе бермейді. Сондықтан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін шаралар көбірек ұйымдастырылса екен, – дейді Жәнібек Сәдуақасов.
Тайынша ауданы.