«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВЕЛОШАБАНДОЗДАРЫМЫЗ БӘЙГЕНІҢ АЛДЫН БЕРМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздің велошабандоздары үстіміздегі жылды да айтарлықтай жетістіктермен тамамдағалы отырғанына 6 қараша күні “Қарасай” стадионының баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатындағы әңгімеде қанықтық.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық және қалалық БАҚ өкілдерімен кездесуге велоспорттан облыстың аға бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Кручина, балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Владимир Овсянников және облыстық велоспорт федерациясының президенті Мұхтар Игібаев қатысты.

Алдымен сөз алған В. Овсянников жыл басынан бүгінгі күнге дейін өзі баптап жүрген балалар мен жасөспірімдер сынға түскен жарыстарда – ірі турнирлерде, республика чемпионатында барлығы қырық төрт алқа еншілегенін (18 алтын, 10 күміс және 16 қола) тілге тиек етті.

Жылды қаңтар айында Алматыдағы жиыннан бастаған Владимир Овсянниковтың шәкірттері ақпанда Өзбекстанда және табиғи жағдайлары қолайлы Оңтүстік Қазақстан облысының тас жолдарында даярлықтарын пысықтай түскен.

Осыдан соң команданың бірқатар мүшелері тас жолдардағы топтық және жекелей жарыстарда жаттығулардың нәтижесін сынға салды. Әсіресе, Богдан Гапотченконың, Александр Овсянниковтың, Арман Тұрлиннің және Кирилл Вяткиннің жолдары болып, үздік көрінді.

Өскеменде “Қазақстан оқушысы” жарысына қатысқан біздің жасөспірімдеріміздің құрамасы командалық үшінші орынға қол жеткізсе, Түркияда әлем чемпионатына қатысқан К.Вяткин мен А.Овсянников үздіктер қатарынан орын алды.

К. Вяткин өз тұстастарымен Ресей чемпионатында да есептен тыс сынға түсіп, қола алқа еншілеп қайтты Ал Б. Гапотченко мен А. Тұрлин де өздері қатысқан біраз турнирлерде жасөспірімдердің ел құрамысына орынды мүше болғандарын айғақтады. Бұлардан өзге де үздіктеріміз осы жеңімпаздарды өкшелеп келе жатқанын олимпиадалық резерв мектебінің аға жаттықтырушысы назардан тыс қалдырмады.

Ол тілшілер сауалына орай, тұтастай алғанда, жылға жасалған жоспардың орындалғанын айта келіп, әлі де жетілдіре түсетін жаңа шешімдердің ойда жүргенін жеткізді.

Бапкер өзге өңірлердің өкілдері де қол қусырып отырмайтынына, атап айтқанда, Астана және Талдықорған қалаларында соңғы жылдары велоспорт өрлеп келе жатқанына, әсіресе, соңғысында бұған жақсы жағдай жасалып жатқанына қанықтырды.

Облыстың аға жаттықтырушысы С. Кручинаның айтқанындай, солтүстікқазақстандық велошабандоздар жылдың алғашқы айларынан-ақ жаттығуларда төгілген терді жеңістермен ақтаған. Атап айтқанда, ақпан айында облыс құрамасы Пицунда қаласында Бүкілресейлік көпкүндікте сынға түсіп, үш бірдей жүлдені жеңіп алды: жеңіс тұғырының ең биігіне Олег Земляков көтерілсе, Кирилл Пролубников – екінші, Вадим Галеев үшінші орынға ие болды.

Сергей Ренев Хорватиядағы халықаралық жарыстан (наурыздың басында) екінші жүлдемен оралды.

Ал 27-30 наурызда облыс құрамасы ел чемпионатында екінші нәтиже көрсетті. Мысалы, О. Земляков, Т. Воропаев, С. Власенко және В. Галеев өз үлестерін қосты.

Артем Захаров, Владислав Горбунов Тайландта алдыңғысы – алтын, кейінгісі қола алқа тағынып, Азия чемпионатында ел мерейін асырды.

Сондай-ақ Бахтияр Қожатаевқа биылғы жыл олжалы болды. Ол түрлі ірі халықаралық жарыстардағы жетістіктері үшін “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атағына қол жеткізді. Осы орайда оның 18-22 маусым аралығында Талдықорғанда еліміздің ең үздіктері тоғысқан ҚР чемпионатында алдына қара түсірмей, жеңіске жеке-дара жеткенін атап көрсету орынды. Ал 27 тамыз – 3 қыркүйек аралығында Франциядағы “Ұлттар кубогына” қатысып, жеке жарыста – төртінші, жұптасып жарысуда әріптесі Тілеген Майдоспен бірге жеңіске жетті.

Андерлердің арасында өткен жылы әлем чемпионы болған Алексей Луценко биыл ең мәртебелінің бірі – “Тур де Франс” жарысында тұңғыш рет кәсіпқойлар сапында сынаққа қатысты.

Жылдың ең үздік нәтижесі – облыс құрамасының 10-18 шілде күндері Павлодарда өткен ел чемпионатында бас жүлде иеленуі. Жекелей есепте жеңіс тұғырының бірінші сатысы О. Земляковқа бұйырды.

2013 жылдың соңғы жарысы Шымкентте өтті. Онда Қазақстан Республикасының кубогы сарапқа салынды. Біздің велошабандоздарымыз жарыстың төрт бірдей түрінде шеберлік салыстырып, Б. Қожатаев, О. Земляков, Ж. Бижігітов және Г. Воропаев төрттігі бас жүлдені өңірімізге тарту етті.

В. Окишев, Т. Майдос, Б. Қожатаев және Ж. Бижігітов Италияда андерлердің әлем чемпионатында ел намысын ойдағыдай қорғаса, А. Луценко жоғары топта бас жүлдемен оралды.

Баспасөз мәслихатында мамандар жаттығуларға, жарыстарға қатысуға қаржылай көмегі, бұларға қажетті жабдықтарды алуға жақсы жағдай жасап отырғаны үшін өңір басшысы Самат Ескендіровке және федерация президенті Мұхтар Игібаевқа ризашылықтарын білдірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp