Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Марал Нұржауыпова – облыстық Статистика департаментіндегі тәжірибелі қызметкерлердің бірі. Осында қызмет еткен 18 жылдың ішінде басында қатардағы маманнан бастаған ол ондағы қызмет баспалдақтарының бәрінен өтті десе болады. Алдымен статистика ардагері Лейла Мамлютованың қарамағында әлеуметтік бөлімде қызмет етіп, сол кісіден көп нәрсеге үйренді, содан кейін екі-үш жылдап өндіріс және құрылыс статистикасын жүргізген кездері бар. Одан соң төрт жыл қалалық Статистика басқармасында қызмет статистикасы бөліміне жетекшілік етті.
– Бәрін де білген дұрыс, департамент басшыларының жолдаған жеріне барып отырдым. Олардың мені үнемі жұмыстың ең осал тұсына жіберіп, оны көтеруді талап еткені алдымен өзіме пайдалы болды. Адамдарды танып, сан салалы бағытта жұмыс істеуге үйрендім. Қазірде департаменттің өндіріс, құрылыс, инвестициялар және қоршаған ортаның статистикасы басқармасына басшылық жасап отырғаным соның арқасы, – дейді Марал Рыскелдіқызы.
Марал жүрек қалауына сәйкес келетін осы статистикалық қызметінен бұрын өндірісте өзі де еңбек етіп көрген. Ресейдің Қорған қаласындағы машина жасау институтында инженер-механик мамандығын алған жас маман өзінің туған қаласы – Петропавлдағы Куйбышев атындағы зауытқа жабдықтау жөніндегі экономист болып орналасты. Тоқырау жылдарында кәсіпорын әбден тығырыққа тіреліп, күйзелісті жағдайға түспегенде, кім білсін, әлі де сол машина жасаушылар қатарында жүрер ме еді? Мүмкін, маңдайына жазылған бағы болар, басқа қызмет іздегенде жолы осы статистика мекемесіне түсіп, оның сол кездегі басшысы Алтай Қожахмет жас маманның бетінен қақпай, қызметке алды. Оған сол жақсылығы үшін осы күнге дейін айтар алғысы зор.
Басында айтқанымыздай, қызмет жолындағы жетістіктерінің бәрі өзінің адал еңбегімен және жұмысқа деген құлшынысымен келді. Сондай-ақ соған лайықты білім алуға тырысып, 2000 жылы Алматының экономика академиясының статистика бөлімін сырттай оқып бітірді. Экономиканың нақтылы секторындағы сан алуан статистикалық деректерді еркін саралай алатын дәрежеге жетті. Бүгінде Марал Рыскелдіқызының өзін де тәлімгер деп айтуға толық негіз бар. Өзі жетекшілік ететін басқармадағы сегіз қызметкерге өз білгенін үйретіп, ақыл-кеңес беріп отырады.
Ол басқаратын өндіріс, құрылыс, инвестициялар және қоршаған ортаның статистикалық көрсеткіштері оңай шағылатын жаңғақ емес. Осы деректер бойынша облыс және аудан басшыларының рейтингтік көрсеткіштері түзіледі. Сондықтан оларда жаңсақтыққа жол берілмеуі керек. Біздің облыс бойынша мемлекеттік 30 жобаға мониторинг жүргізіледі. Сол сияқты инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылап отыру да осы басқармаға жүктелген. Айталық, инвестициялық салымдар бойынша ғана 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік құрылымдар есеп береді. Ал олардың қорытындысын түзу – статистиканың міндеті. Сонымен бірге облыстағы барлық 13 аудандық басқарманың статистикалық деректерінің өздеріне қатысы барлары сараланып, өңдеуден өтеді.
Қандай да болсын статистикалық деректерге қашанда зор қызығушылықпен қарайтын Марал Рыскелдіқызы қазір сыртқа шығарылатын зиянды қалдықтарға зер салып жүр. Өйткені, қаладан жылына әуеге 75 мың тоннадай зиянды қалдық шығарылатыны оны да алаңдатады. Бірақ оны статистика емес, ластаушы кәсіпорындар азайтуы тиіс. Сонда ғана оң сипатты көрсеткіштер статистикада көрініс тауып, баршаны қуантатын болады. Деректерді жақсы түсінетін статистика маманының қалайтыны да осы.
СУРЕТТЕ: М.Нұржауыпова.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.