Серікбай ТҰРАЛИНОВ,
облыстық Ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында мал шаруашылығы саласын дамытуға айрықша назар аударылды, өйткені табиғи жайылымдық жерлердің болуы бәсекеге қабілетті және экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге тамаша мүмкіндік береді.
Бұған 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан қара мал етін өндірудің экспорттық қуатын дамыту жөніндегі жоба ықпал етеді. Жобаның басымдығы, оның өзекті құрамдас бөлігі етті мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды қолдау және дамыту, тауарлы мал табынын кең ауқымда өз төлінің есебінен өсіру үшін жағдай жасау болып табылады. Қойылған міндеттерді орындау үшін “Сыбаға” жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы жасалған, ол “ҚазАгро” Ұлттық басқару холдингі” АҚ-ның еншілес ұйымдары – “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ және “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ арқылы жүзеге асырылады.
Жобаны жүзеге асырудың айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділігі бар және ет экспорты үшін жағдай жасауға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Етті мал шаруашылығы саласының экспорттық қуатын дамыту оның экономикалық тартымдылығын арттыруға және агробизнесті әртараптандыруға ықпал ететін болады, өйткені ол бизнеске кредит түрінде мүмкіндік берді және демеуқаржы түрінде ынталандырып отыр.
Облыста “2011-2015 жылдары қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру аясында 6,7 мың басқа арналған 21 асылтұқымды репродуктор ұйымдастырылды, солардың ішінде мал басы мол “Зенченко және К” КС (600 ірі бас), “Алабота асылтұқымды мал зауыты” ЖШС – (578 бас), “Тайынша Астық” ЖШС (566 бас) және “Возвышенка СК” ЖШС (408 бас) сияқты шаруашылықтарды айрықша атап өткен жөн.
Осы жылдың соңына дейін АҚШ-тан жеткізілген ангус тұқымды 527 бас қашарлардан тағы 2 асылтұқымды репродуктор құрылатын болады, олар: Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “АФ Приишимский” ЖШС-інде – 181 бас және Уәлиханов ауданының “Жолдасбай АГРО” фермерлік шаруашылығында – 346 бас. Сонымен бірге Мамлют ауданындағы “Белое – Агро” ЖШС-нің асылтұқымды репродукторын кеңейту үшін оған 196 бас мал жеткізілді.
Бұл жерде атап өтерлік жайт – “ҚазАгро” АҚ-ның өзіне жүктелген жоспарын үш жылда 5,6 есеге асыра орындағаны. Шетелдерден жеткізілген мал АҚШ, Канада, Австрия, Германия, Дания, Нидерланды және Ресей елдерінің герефорд, ангус, симменталь және қалмақ тұқымдарына жатады. Олардан алынған төл облыс ішінде шаруа және фермерлік қожалықтарға өткізіледі. Биылғы жылы осындай 178 бас асылтұқымды қара мал төлдері өткізілді. “Мәмбетов және К” КС-інде және “Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-інде өз өнімділіктері бойынша бағаланған асылтұқымды бұқаларды өткізу жөнінде 2 аукцион өткізіліп, 28 бас бұқа сатылды.
6,9 мың бас мал сиятын 5 семірту алаңы құрылды, соның ішінде Қызылжар ауданының “СБИ АгроТашкентка” ЖШС – 1500, “Зенченко және К” КС – 1500, Тайынша ауданының “Вишневское” ЖШС – 500, “Алабота асылтұқымды мал зауыты” ЖШС – 400 және “Тайынша Астық” ЖШС 3000 басқа осындай орындар ашты. Сөйтіп, үш жылдың жоспары 57 пайызға асыра орындалды.
Облыс шаруашылықтары жоспардағы 9,0 мың бастың орнына 58,8 мың бас қара мал сатып алды, соның ішінде “Сыбаға” бағдарламасы бойынша алынғаны – 11,6 мың бас.
Жобаны жүзеге асырудың кейбір нәтижелері қазірдің өзінде белгілі, агроқұрылымдарда ет өндіру – 17, қара мал басы 23 пайызға өсті. Жобаны жүзеге асыру басталғаннан бері ауылда 290 шаруафермерлік қожалық қайта ұйымдастырылды, соның нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орыны құрылды, ал үстіміздегі жылы 76 ферма ашылды.
Етті мал шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жүргізіліп жатқан барлық жұмыс елімізде қара мал етін өндіру саласын тұрақты дамытуды қамтамасыз етуге, ет және ет өнімдерінің импортынан тәуелсіздікке қол жеткізуге арналған. Бұл еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады.