«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СМИРНОВОНЫҢ СЫРТ ЖАҒЫНДАҒЫ 35 ОТБАСЫ суға жарымай, сергелдеңге түсуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Бірнеше жылдан бері біз үшін ауызсу күрмеуі қиын мәселе болып келеді. Жергілікті билікке мұңымызды айтып, шағымданып жүргенімізге де 3-4 жыл. Бірақ нәтиже жоқ. Көршімнен колонкадан су ағып жатыр дегенді естіп, құдық басына келген едім, өзіңіз көріп тұрғандай, бір тамшы су ақпайды. Жолдың түрі мынау. Екі үй арасына жетудің өзі машақат. Мен сияқты кәрі адамға осы өмір оңай ма? – деп жанары жасқа толған кейуана Екатерина Отт (суретте) құдық ішіне тасталған құбыршекті тартқылап, оның бұрандасын қайта-қайта бұрап қояды. Бірақ одан су ағар емес.

Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылының іргесінде қоныстанған 35 отбасы орналасқан қотанды жұрт “Кордон” дейді екен. Бұл атаудың өзі ондағы тұрғындардың көпшіліктен бөлініп қалғандығын білдіргендей. Олай деуге тағы дәлел – Смирново ауылына “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша 5,9 шақырымдық жаңа су құбырлары тартылып, ол былтыр қолданысқа берілгенде кордондықтар қуанған жоқ: су оларды айналып өтті. Бүгінде олар өз орамдарынан 400 метрге әрі салынған су трассасына қызыға қарайды. Бұл аумаққа жаңа құбыр, жаңа құдық орнату мәселелері жақын маңда жүзеге аспайтыны да анық.

Осы аумаққа орнатылған биік су мұнарасы ешқашан жұмыс істеген емес, ол тек “маяктің” ғана міндетін атқаратындай. Оның қасында тұрған шағын “үйшіктің” тұрғындар үшін маңызы зор. Бірақ оның да “саудасы біткен” көрінеді. Қыс айларында ескі құбыр арқылы аталмыш имаратқа жеткізілген су ондағы кішкентай пештің көмегімен қатырылмай, тұрғындар сол арқылы сумен жабдықталып тұрыпты. Алайда, оның бүгінгі апаттық жағдайы тұрғындардың көңілін құлазытады. Бұл – аталмыш ауданды сумен жабдықтап отырған “Е.Сергиенко” жеке кәсіпкерлігінің еншісіндегі имарат. Осыған орай кәсіпкерлік басшысы Елена Александровнаның пікірін білгенімізде ол:– Бұл имаратты қалпына келтіру үшін қыруар қаржы керек. Осыдан бір ай бұрын жергілікті тұрғындармен кездескен кезде су мәселесін шешудің бір жолы мұнаралы құдыққа су құбырын қосу деп ұйғарылған болатын. Тіпті, жұмысты да бастаған едік, бірақ тұрғындар тағы келіспей отыр, – деді.

Шын мәнінде, әлгі имараттың артынан 3-4 шаршы метрлік жер қазылып, оның іші лай суға толып, айналасы қоршалмастан ашық-тесік тұрғанына да 1-2 апта болып қалыпты. Қыс болса таяп қалды, ал тығырықтан шығудың жолы ретінде қазылған шұңқырдың құрылысы орта жолдан тоқтатылған. Ал алаңда тұрған жер құдықта тағы су жоқ. “Бұл елді мекеннің суға тапшылық көріп отырғандығына мен кінәлі емеспін. Өйткені, құбырдағы су қысымын реттеуге менің шамам жетпейді”, – деп ақталды сумен жабдықтаушы кәсіпкер. Бұдан кейін монополиялық субъект өзінің қыс мезгілінде бұл маңды ауыз-сумен жабдықтайтынына ешқандай кепілдік бере алмады.

“Сергиенко” жеке кәсіпкерлігі 2009 жылдан бері ауданды сумен жабдықтайды. Ол “Есіл су” кәсіпорнына судың текше метріне 47 теңгеден төлем төлесе, ал оны құдықтан алған тұрғындарға әрқайсысына 115 теңгеден немесе есептегіш құралдары барларға текше метрі 124 теңгеден сатады. Ендеше көрсетіп отырған ақылы қызметінің жауапкершілігі мен сапасы кәсіпкерді неге толғандырмай отыр? Бүгінде тұрғындар бір күн істеп, ертеңіне бір тамшы су бермейтін ескі құдық істен шықса, олар суды 400 метр қашықтықтағы, жолы жоқ алаңқай жердің үстімен, күзде балшыққа, қыста қарға оппаланып, су таситындарына қапаланып отыр. Ал жаңа су трассасынан бұл елді мекенге 400 метрлік құбыр тарту үшін қыруар қаржы керек. Ауданның келер жылғы даму жоспарында 35 отбасының су тапшылығы туралы шағымы ескерілмеген.

– Мүмкін, оны шаруашылық есеппен шешетін шығармыз? Ол жерге су құбырын тарту үшін келер жылға сметалық құжаттар жобасы жасалған жоқ. Ал аудан бюджеті ондай істі шеше алмайды. Тек республикалық бағдарлама бойынша бөлінген қаржымен шеше аламыз. Әрине, алдағы жылы оған да сметалық құжаттар жобасын дайындаймыз. Бірақ оның қашан мақұлданатыны белгісіз, – дейді Аққайың ауданының әкімі Қайрат Қасенов.

Екінші біздің ат басын тіреген Трудовое ауылы да қанша жылдан бері таза ауыз суға қол жеткізе ала алмай жүрген болатын. Бұл туралы былтыр “Солтүстік Қазақстан” газетінің бетінде Амангелді Бекмұратовтың репортажы да жарық көрген. Десек те, аудан әкімі бұл елді мекенді таза ауыз-сумен жабдықтау ісі ауданның келер жылғы жұмыс жоспарына енгізіліп, оған жаңа құбырлар тартылып, құдықтар мен гидранттар орнатылмақ, деді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 175 миллион 225 мың теңге бөлінгелі отырғанын естіп, көңіліміз орнықты. Сондай-ақ алдағы жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша бұл ауданның Власовка, Ивановка, Ленинское ауылдық округтері тұрғындарының да таза ауызсу мәселесі шешіледі деген үміт бар.

 

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp