Классикалық музыканы әуестеніп тыңдаушылар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында әйгілі пианиношы Жәния Әубәкіровамен қауышты. Дарын иесі виолончелист, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Женева, Мюнхен, Осака халықаралық конкурстарының лауреаты Олег Сендецкиймен бірлесе өнер көрсетті. Кешті өнерсүйер қауыммен бірге облыс әкімі Самат Ескендіров те тамашалады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
ҚР халық әртісі Жәния Әубәкірованың өнері Қазақстанмен қатар өзге елдерде де жоғары бағаланған. Бұған әртістің Францияның өнер және әдебиет орденінің, “Қазақстан мен Ресей достығын нығайтқаны үшін” ІІ дәрежелі Ұлы Екатерина орденінің (Ресей), Польша Республикасы ордендерінің кавалері және Еуропа сыйақысының иегері сынды атақтары дәлел. Бұған қоса, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, профессор Жәния Яхияқызы талай шәкірт тәрбиелеумен танылған. Оның басшылығымен консерватория әлемдегі жетекші музыкалық білім беруші жоғары оқу орындарының бірі ғана емес, сонымен қатар республиканың мәдени-ағарту ордасына айналды.
Өнерпаз бұл жолғы гастрольдік кешіне орай әлемдік камералық-аспапты музыка жауһарларынан құрылған қызықты бағдарламаны әзірлепті. Тыңдармандар Жәния Әубәкірова мен Олег Сендецкийдің орындауында Эдвард Григтің виолончель мен фортепьяноға арналған ляминор сонатасын, Фридерик Шопеннің виолончель мен фортепьяноға арнап жазған жалғыз туындысын зейін қойып тыңдады. Екі дүл-дүлдің танымал шығармаларды асқан шеберлікпен орындаулары ешбір жанды бейжай қалдырмады. Кеште Жәния Әубәкірованың шәкірттері – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлектері Анна Антипина мен Марина Алтухова әлем классиктерінің күрделі шығармаларын орындап, қошеметке бөленді.
Кеш соңында Жәния Әубәкіроваға облыс әкімі атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.