“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіровтің осы аптадағы қоғамдық қабылдауында петропавлдық Царьковтар отбасы жеке істерін жүргізуге қалалық әкімдік мамандары кедергі келтіруде деп шағымданған болатын. Лифт жөндеуді 15 жылдан бері кәсіп еткен серіктестік биыл “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында бірде-бір тапсырма алмапты. Өңір басшысы мәселенің мән-жайын анықтауды қала әкіміне жүктеген болатын.
Облыс орталығының басшысы лифт жөндеу жұмыстарына лицензиясы бар “Петропавл-Лифт” және “Техносиб” ЖШС-нің басшыларымен, осы жұмыспен айналысатын әкімдік қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Оның барысында анықталғанындай, биылғы тендерлерде үнемі “Техносиб” ЖШС-і жеңімпаз атанған, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары бұзылған. Тараптардың уәждері тыңдалып, мәселе егжей-тегжейлі тексерілген соң қала әкімі Төлеген Закариянов осы жұмысқа жауапты заңгер Жанар Есетованы жұмыстан шығаруға ұсыныс жасап, бұрмалаушылыққа жол берген Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Александр Черновқа сөгіс жариялады. Алдағы уақытта бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан өз шешімін табады.
(Өз тілшімізден).