«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

E-LEARNING-ті ДЕ ЕҢСЕРЕМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Енді оқушы балаңыздың білімін тексеріп, бағасын білгіңіз келсе, ғаламторға кіріп, құпиясөзді терсеңіз, жеткілікті болмақ. Ал Е-әлемде балықтай жүзетін оқушыға форумдар мен чаттар, блогтар мен виртуалды зертханалардан қажетті ақпаратын алып, оқу үлгерімі мен сабақ кестесін қас қағым сәтте білуіне мүмкіндік туды. Бұл “E-learning” яғни Электрондық оқыту жүйесінің көмегімен жүзеге асуда. 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі білім беру ұйымдарына электрондық оқытуды (Е-learning) енгізу болып табылады. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен электрондық оқыту жүйесін қолданысқа енгізумен айналысатын Ұлттық ақпараттандыру орталығы бұл бағыттағы жұмысты 2011 жылы бастап, аталмыш жүйені қанатқақты жоба ретінде республика бойынша 44 мектепке енгізген болатын. Өткен жылы облыстағы 60 мектепте электрондық оқыту жүйесі енгізілсе, биылғы жылдың соңына дейін тағы да 35 мектеп аталған білім үдерісі бойынша білім беру жүйесіне көшпек. 2020 жылға дейін еліміздің барлық мектептерін электрондық оқыту технологиясымен қамтамасыз ету көзделуде.

– Электрондық оқыту жүйесін білім беру ұйымдарына енгізу міндеттерінің бірі оқу-тәрбие үдерісін автоматтандыру болып табылады. Ақпараттандыру орталығы сандық білім беру ресурстарын жаңа форматта, жаңа технологиялармен шығарады. Ауылдық жерлерге ғаламтор тарту мәселесін “Қазақтелеком” акционерлік қоғамымен бірлесе шешудеміз. Аталған жүйе оқушыларға әртүрлі пәндер бойынша өз үлгерім рейтингісінің өзгерістерін қадағалауға, электронды кітапхананы пайдалануға, сабақ кестесіндегі өзгерістерді, үйге берген тапсырмаларды уақытында білуге, автоматтандырылған жүйеде күнтізбесін, күнделігін жүргізуге мүмкіндік береді. Ал ата-аналар болса балаларының бағаларын, сабаққа қатысуын және дайындық сапасын бақылай алады, – дейді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық Ақпараттандыру технологиялар орталығының директоры Нариман Шахметов.

Мектептің де ұтары көп. Мәселен, біртұтас дерекқор жасау, электронды журнал жүргізу, мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, ата-аналармен кері байланысты қалыптастыру, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру жұмыстары электрондық оқыту технологиясы арқылы жүзеге аспақ. Мұғалім күнтізбелік-тақырыптық жоспары бар электрондық дәптерді, сынып журналын толтырып, алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына электрондық пошта немесе sms арқылы хабарламалар жібере алады. Ал оқытушылық жүктемені, сабақ кестесін, үлгерім мониторингі мен оқушылардық сабаққа келуін директордың орынбасары жүзеге асырады.

Электрондық оқыту жүйесі мүмкiндiгі шектеуi балалар үшін де қатарынан қалмай білім алуларына, сондай-ақ оқушылардың қыстың аязды күндері сабақтарын үйде отырып жалғастыруларына жағдай жасап отыр. Үйлерінде ғаламторға қосылған компьютер ғана керек бұған.

Кейбiр білім беру ұйымдарында кейбір пәндер бойынша мұғалімдер болмаған жағдайда электрондық оқыту технологиясы бұл олқылықтың орнын толтырмақ. Әсіресе, ауыл мектептерінде кадр тапшылығы өткір сезіліп отырғаны ешкімге жасырын емес.

Облыстық Ақпараттандыру технологиялары орталығының аға инженері Антон Елманов оқыту жүйесін енгізуде қиындық болмағанын айтады. Тек мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру деңгейінің әркелкілігі бар. Бұл мәселені шешуде министрлік арнайы қаржы бөліп, мұғалімдерге біліктілікті арттыру орталығында компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеп, үйренуге мүмкіндік беріп отыр.

– Интернеттің трафигі шектеусіз, ал жылдамдығы қала мектептері үшін 10 мегабит болса, елді мекендер үшін 4 мегабитті құрайды. Бағдарламаларға және оның техникалық жабдықталуына қатысты мәселелер болса, өтінімдер 1414 нөмірі арқылы тіркеліп, уақытында жауап беруге тырысамыз, – дейді аға инженер.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp