Өңірімізде орын алған жұмыртқа “жыры” бітер емес. Өткен аптада жергілікті билік облысымызды осы тауармен қамтамасыз етіп отырған құс фабрикаларымен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде тауардың кейбір сұрыптарын белгіленген баға бойынша сату қажеттігі ұйғарылған болатын. Өңір нарығында 1-ші сұрыптағы жұмыртқа ондығының бағасы 175 теңгеден аспауы керек делінгенімен, саудагерлердің барлығы бірдей оған көндіге алмай отыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мәселен, “Корона” сауда үйіндегі дел-дал-саудагерлер өткен аптаның сенбі-жексенбісінде қолдарындағы бар жұ-мыртқаның ондығын 175 теңгеден сатып жіберіп, дүйсенбі күні тауарлары болмай, қол қусырып қалды. Өйткені, бұл сауда үйін жұмыртқамен қамтамасыз ететін “Атай СК” құс фабрикасының оларға бел-гілеген лимиті бар, сол бойынша ғана та-уар жеткізіледі. Ал “Тайга” сауда орталы-ғында жұмыртқаның бағасы әлі де күйіп тұрған сыңайлы. Олардың ұстанып отыр-ған бағасы 175-220 теңге аралығында. Бағасы төмені – 45 грамдық жұмыртқа. Аталмыш сауда үйінің әкімшісі Людмила Ушакованың айтуынша, делдалдардың бағаны түсірмеуінің өзіндік себебі бар. Бұл сауда үйін өніммен қамтамасыз ететін кәсіпорын – Бескөл құс фабрикасы. Алайда, саудагерлер оны алыссынып, Петропавл қаласындағы көтерме сауда орталығында орналасқан “Алекри” фир-масының дүңгіршегінен 165-175 теңгеден сатып алып, өз пайыздарын қосқан кезде белгіленген бағадан әлдеқайда асып кетеді, дейді.
Жұмыртқаны жергілікті билік белгіленген бағамен ұстауға құс фабрикаларының арнайы дүкендері ғана қауқарлы. Сондықтан олардың саудасы жақсы жүріп тұр. Тіпті, таңертең әкелінген тауарлардың түске дейін жетпеуі күнделікті қайталануда. Мәселен, “Қызылжар” коммуналдық базарындағы “Алекри” мен “Атай СК” құс фабрикаларының арнайы дүңгіршектеріне келетін тұтынушылардың қатары күн сайын қалыңдау үстінде.
Сонымен жергілікті биліктің кәсіпкерлерге көрсеткен бағасын ұстану көтерме сауда жасаушыларға ыңғайлы болғанымен, бөлшек сауда кәсіпкерлері үшін табыстың жоқ екендігі байқалады. Ал осы жағдайдың қанша мерзімге созылатынын ҚР Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің СҚО филиалының басшысы Арман Өтегеновке жолыққанымызда ол:
– Бүгінде жұмыртқа бағасының көтерілуі Ресей нарығына байланысты екенін барша жұрт біледі. Бағаны жоғары қойып, саудагерлерге тиесілі мөлшер белгілемесек, ертеңгі күнгі өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтай алмаймыз. Бұл көрініс әлі де 1-2 ай жалғасуы мүмкін. Ал жұмыртқаның жоғары сұрыптарының көтерме бағасын өндіруші кәсіпорындар өздері белгілейді. Сондықтан нарықтағы баға 175-230 теңге аралығында болып отыр. Жалпы тұтынушылардың бүгінгі жағдайға түсіністікпен қарағаны абзал. Бұл – нарық. Баға ерте ме, кеш пе тұрақтануға тиіс, – деді.