Кешкі сағат 8-дер шамасында 26 жасар қылмыскер қаладағы “Айсберг” сауда үйінің жанына келіп, сол жерге қойылған жеңіл автокөліктің есігін қайшының көмегімен ашқан. Дүкенге кеткен көлік иесі қайтып оралғанда оның ішінде бөгде адамның отырғанын аңғарады. Анау болса, бұлай боларын күтпесе керек, олжа етпек болған бейнетіркегішті лақтыра салып, қаша жөнеледі. Бірақ алысқа ұзамайды. Көліктің иесі ұрыны өзі қуып жетіп ұстап, орын алған оқиға жайлы полицияға хабарлайды.
Бүгінде қамауға алынған ұрының үстінен ҚР ҚК 175-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында бұл жігіттің бұған дейін де қылмыс жасап, істі болғаны анықталып отыр. Соған қарамастан, ол өзіне тағылып отырған айыпты мойындамай, жоғарыда аталған қылмысқа ешқандай қатысы жоқ екендігін білдіріп бағуда.
Ұрланған зат иесіне қайтарылды. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша автокөлікке қатысты 200-ге жуық ұрлық фактісі тіркелген. Оның 95-і ашылған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.