Жақында Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде орта арнаулы оқу орындарының студенттері шахматтан және тоғызқұмалақтан облыстық “Сұңқар” спартакиадасының бағдарламасының аясында шеберліктерін сынға салды.
Тоғызқұмалақта сынаққа қатысқан командалардың топжарғаны – Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенттері. Екінші және үшінші орындар үшін жүлделерді гуманитарлық-техникалық колледж бен жұмабаевтықтар бөлісті.
Жекелей есепте қыздар арасында Алтынгүл Темірболатова (ПҚЭК) алдына жан салмады. Қалған екі орынды тиісінше Кристина Ласинскайте (Петропавл темір жол көлігі колледжінен) мен Гүлмира Ғабидуллина (Мағжан Жұмабаев колледжінен) еншіледі.
Ал жігіттер сайысында Мадияр Нұрахметтің жолы болды (ГТК). Жеңімпаздан кейінгі орындар Марат Бакинге (ПҚЭК) және Ердос Алтаевқа (Петропавл медицина колледжінен) бұйырды.
Шахматшылар жарысында да Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенттері қарсыластарына дес бермеді. Олардың ізін басқандар – ПГК және СҚУ командалары.
Қыздар арасында Диана Кенжеғұлова топ жарды (Петропавл медицина колледжінен). Екінші орын да оның командалас серігі Гүлдана Тілеубайға бұйырды. Үшінші жүлде иесі – Наталья Елисеева (СҚУ колледжінен).
Шахматшы жігіттердің алды – Исабек Жанғожин (СҚУ колледжінен). Екінші жүлдеге Уәлихан Баязитов қол жеткізді (ПҚЭК). Үшінші нәтиже көрсеткен Темірлан Жүкенов Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде оқиды.
Өңірлік Дене шынықтыру, спорт және алғашқы әскери даярлықтың оқу-әдістеме орталығы.