Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс орталығындағы ЕС 164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан нәзік жандардың саны – 260. Бұл – қаншама қыз-келіншек заңды белден басып, сол үшін тар қапастың арғы жағына тоғытылған деген сөз. Олардың барлығы да біреудің анасы, біреудің бауыры. Туған-туыстарынан қол үзіп, уақытша болса да, колония қабырғасында жазасын өтеп жатқандардың бірі – Диана Нұрпейісова. Ол отбасының тұңғышы. Бала кезінен өнерге жақын болып өскен Диана ән салып, би билеумен шұғылданған. Оның ішінде балеттің қыр-сырын меңгеру үшін төрт жыл бойы мамандардан сабақ алған. Сөйтіп, арманына қанат бітіріп, оқу оқып, еңбек етемін деп жүрген кезде тағдыр оны аяқтан шалып, ақыры жазасын өтеушілер колониясына отырғызылған.
– Өмірім жаңа басталып келе жатқанда осындай ағаттық жібергенім үлкен қателік болды. Енді мен үшін бұл болашақта сабақ болады. Қыз-келіншектерге жаман жол жақсылыққа әкелмейді дегенді айтқым келеді, – дейді ол.
Ой десе ойы, бой десе бойы бар қазақ қызы сол қателікті істемегенде бүгінде бір мамандық иесі болар ма еді, әлде ана болып бесік тербетіп отырар ма еді, кім білсін? Бірақ қалай болғанда да, оның үміт артып отырған ертеңі бар. Сондықтан да бостандыққа шыққан соң жаңа өмір бастап кетеріне сенімді.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.