3 қараша күні Нью-Йоркте WВА нұсқасы бойынша 72,6 килограмм салмақ дәрежесінде үміткер Кертис Стивенспен жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтап, жеңіске жеткен отандасымыз Геннадий Головкин арада сегіз күн өткен соң Астанаға келгенді. Оны елордада қуанышпен қарсы алғаны түсінікті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Г.Головкиннің кәсіпқой рингтегі жиырма сегізінші жеңісін және өзге жиырма төрт жекпе-жектердегі сияқты осы соңғысын да нокаутпен тамамдағанын дүниежүзінің танымал ақпарат құралдары бірінен-бірі қалмай жазып, көрсетіп жатқанын қазақстандық бұқаралық басылымдар жариялауда.
Алдын ала жасалған жоспар бойынша Геннадийдің келесі жекпе-жегі 2014 жылдың 1 ақпанында Монаконың Монте-Карло қаласында өтуге тиіс. Бұл ретте боксшының промоутері Том Леффлер қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыластарын атап айтуда.
Г. Головкиннің К. Стивенспен жұдырықтасуынан бұрын осы жекпе-жектің жеңімпазының қарсыласы күні бұрын анықталған болатын. Бұл ретте британиялық отыз бір жасар Мартин Мюррейдің есімі аталған еді.
М. Мюррей кәсіпқой рингте жиырма бес рет жұдырықтасып, он бір кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Жеңілісі де жоқ емес.
Ол соңғы рет 2013 жылғы сәуір айында аргентиналық Серхио Мартинеспен ұрыс өткізіп, ұпай санымен ұтылған.
Г. Головкиннің 3 қарашада К. Стивенсті қалай ұтқанын көрген болар, британиялық боксшы енді қазақстандық жеңімпазбен жұдырықтасудан қашқақтап отыр. Оның промоутері бұл жалтарудың жай-жапсарын айтпайтын көрінеді.
Егер М. Мюррей жекпе-жекке шықпаса, Г. Головкин С. Мартинеспен Монте-Карлода келесі жылдың 1 ақпанында қолғап түйістіреді.
“Маған Мюррей ме, Мартинес пе – бәрібір!” – депті Г. Головкин өзінің сұхбаттарында.