Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы X форумы аясында “Лукойл” ААҚ президенті Вагит Алекперовпен кездесті.
Кездесу барысында компанияның мұнай-газ саласындағы қызметі мәселелері және елдің мұнай-химия саласындағы жобаларды іске асыру аспектілері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев X форум аясында Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығы мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өңіраралық және шекарааралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ отын-энергетика, ғарыш, атом және ауыл шаруашылығы салаларындағы серіктестік аясын кеңейту перспективалары сөз болды.
Қазақстан Президенті екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдету үшін шекарааралық және өңіраралық сауданы дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу идеясы бұдан 10 жыл бұрын айтылды. Бүгін біз мерейтойлық кездесу өткізіп отырмыз. Осы уақыт ішінде көп жұмыс жасалды және өзара ықпалдастықтың нәтижесі Кеден одағының құрылуына негіз болды. Бүгінде біз интеграцияның сапалы жаңа деңгейіне қадам бастық. Көршілес өңірлер арасында тауар айналымы едәуір артып, өзара тауар айналымы 70%-ға жуықтады, бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Біз Екатеринбургте – Ресей мемлекетінің өнеркәсіп орталығында кездесіп отырмыз. Бұл – тығыз байланысымыз бар бізге жақын өңір. Құрылып отырған Еуразиялық экономикалық одақ өңірлер үшін де, біздің жалпы елдеріміз үшін де ынтымақтастыққа бұдан да мол мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Өңіраралық ынтымақтастық форумының екіжақты серіктестікті дамыту мен нығайтудағы маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті.
– Кеден одағы толыққанды жұмыс істей бастаған соң саудаға байланысты көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Бұл ретте Қазақстан тарапынан Ресейге тауар ағыны Қазақстанға біздің тасымалымыздан гөрі әлдеқайда жеделірек молаюда. Инвестиция да ұлғаюда: Қазақстанға салған ресейлік инвестиция 2012 жылы миллиард долларға жуықтады, ал қазақстандықтардың Ресейге салған инвестициясы 1 миллиард 700 миллион доллар болды, – деді Владимир Путин.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы X форумының пленарлық сессиясына қатысты.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев форум өзі өмірге келген он жыл ішінде екіжақты өзара ықпалдастықтың тиімді алаңына айналғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі өнеркәсіп кооперациясы екенін атап өтті. Екі елдің мемлекетаралық кооперация бизнесінің табысты үлгілері ретінде машина жасау, тау-кен металлургия кешені, уран және химия өнеркәсібі тәрізді салалардағы өзара ықпалдастық аталды.
– Қостанай облысы Ресейдің металлургиялық кәсіпорындарына құйма, Павлодар облысы алюминий шикізатын жеткізеді. Ресейдің “Евраз Холдинг” компаниясы Қостанайда прокат зауытын салуды аяқтап қалды. Өнім жиынтығының 30 пайызы ресейлік болып келетін дизельдік қозғалтқыштар кәсіпорынының құрылысы басталды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын қазақстандық-ресейлік 50-ден астам ірі жоба іске асырылуда екенін және жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл ретте екі мемлекет үшін қосымша құны жоғары бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісі спектрін ұлғайтудың зор маңызы бар. Кооперацияны дамыту тек қана өнеркәсіп саласынан тыс жүзеге асады.
– Электр энергетикасында, ауыл шаруашылығында, елдеріміздің көлік саласы әлеуетін дамытуда серіктестік кооперациясының орасан зор әлеуеті бар. Ғылым саласындағы ынтымақтастық мүлде жаңа мүмкіншіліктерге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.
Жаңа технологияны дамытуда екі елдің күш-жігерін біріктіруге шақыра отырып, Нұрсұлтан Назарбаев бұл саладағы серіктестік аясын тереңдетуге 2017 жылы Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі жаңа серпін беретініне тоқталды. Жалпы кооперацияны кеңейтудің жаңа тетіктерін әзірлеп, қолданыстағы тетіктерін жетілдіру қажет.
– Мен бұл міндеттердің шешілуін, біріншіден, біздің серіктестік келісімдеріміздің іске асырылуынан көремін. Біздің мемлекетаралық шешімдерімізден кәсіпкер нақты экономикалық жағдайдың жақсаруын, өз жұмысының жеңілдеуін күтеді. Екінші шарт – кәсіпорындарымыздың әрекетін үйлестіру. Бүгінгі форум тақырыбының жүйелі дамытылуы бұл бағытта пәрменді ынталандыру қызметін атқаруы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ортақ әлеуетті ұлғайтуда Қазақстан, Ресей және Беларусьті біріктірген Бірыңғай экономикалық кеңістік маңызды рөл атқарды. Енді бизнес елдің тек ішкі ресурстарына ғана емес, Кеден одағына мүше өзге де мемлекеттердегі серіктестерге сүйене алады.
– Кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсете отырып, біз өндірісті ұтымды орналастыру қағидаттарын басшылыққа алуға тиіспіз. Бұл оны барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін де, өзіміздегі өткізу нарығына табысты шығу үшін де маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Кеден одағы елдерінің экономикасының ең соңғы үлгідегі технологиялық прогресс трендтеріне уақтылы бейімделуі зор маңызға ие екендігін атап өтті. Сонымен бірге олар дәстүрлі базалық саланы да қамтуы тиіс.
– Біз үшін жаңа саланы дамыта отырып, мұндай өзгерістердің қаржылық көзі қызметін атқаратын ресурстық база жөнінде ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан дәстүрлі шикізаттық секторларды жаңғыртуға да назар аудару стратегиялық тұрғыдан маңызды. Осыған байланысты келесі форум тақырыбын “Көмірсутегі саласындағы инновация” деп белгілеп, оны 2014 жылы Атырауда өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Владимир Путин өңіраралық форумдар өзінің қажет екендігін және тиімділігін көрсеткенін атап өтті.
– Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 93 субъектісінің 76-сының Қазақстанның барлық 14 облысымен, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларымен экономикалық байланысы бар. Түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы 200-ден астам өңіраралық келісімге қол қойылған. Қазақстан Ресейдің көптеген өңірлері үшін жетекші сауда серіктестерінің біріне айналды, олардың арасында Татарстан, Свердловск, Челябі, Орынбор облыстары бар. Бұл субъектілердің әрқайсысының қазақстандық серіктестерімен тауар айналымы миллиард доллардан асады. Бұл Ресей-Қазақстан экономикалық байланыстарын дамытуға зор үлес қосып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде екіжақты сауда көлемі төрт есе өсіп, 2003 жылғы 5,8 миллиард доллардан 2012 жылы 22,4 миллиард долларға жетті, – деді Ресей Президенті.
Бұған қоса, Владимир Путин Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында кездесіп отырған бөгеттер мен шектеулерді алып тастау елдердің одан арғы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Сөз жоқ, бір-біріне нарықтар ашуда интеграциялық жобаларды іске асыру – әрқашан күрделі процесс, әсіресе, бастапқы кезеңдерде. Белгілі бір сауда үйлесімсіздігі, артық шығын орын алады. Бұл – табиғи нәрсе. Шын мәнінде, барлық интеграциялық бірлестіктерде ондай болады, бірақ интеграцияның ұзақмерзімді, жүйелі артықшылықтарының салмағы әлдеқайда басымырақ. Мысалы, бизнес кедендік рәсімдерді қысқартудың маңызы неде екенін, ұлттық юрисдикция бәсекелестігі қандай пайда әкелетінін қазірдің өзінде жақсы түсініп, бағалап отыр, – деді Ресей Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы X форумының қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге және ресейлік делегацияға қонақжайлығы үшін ризашылық білдірді.
– Бұдан он жыл бұрын біз бұл форумға бастамашы болған едік. Осы жылдар ішінде ол оң бағасын алып, біздің екі елдің ынтымақтастығының маңызды факторына айналды. Қазақстан мен Ресей адамдардың, кәсіпорындардың, экономиканың өзара байланысы сақталуы үшін посткеңестік кеңістікте, сірә, барлығынан да көп жұмыс жасаған болу керек. Біз көршіміз, ал көршіні таңдамайды. Біздің бабаларымыз осылай тіршілік етті, біз де солай тіршілік жасаудамыз және біздің ұрпақтарымыз да осылай өмір сүретін болады. Қарым-қатынасымызды жақсартуға жұмыс істеу маңызды. Ол – болашақ ұрпақтың өмірінің іргетасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңіраралық ынтымақтастықтың оныншы форумы тақырыбының өзектілігін, оның өңірлік интеграцияны тереңдетудің, әлемдік нарықта екі ел өнімдерін бірлесіп ілгерілетудің маңыздылығының белгісі екенін атап өтті.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре отырып, құрылған Кеден одағының аясындағы бәсекелестік күресте алдын ала шыңдалып шығу өте маңызды. Ол осы екі жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алға қойылған міндетті шешудің жүйелі даму үстіндегі Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті жеңілдете түсетінін айтты. Бұл интеграциялық бірлестіктер екіжақты қарым-қатынастардың дамуына берік негіз болады.
Мемлекет басшысы форум жұмысын қысқаша қорыта келіп, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылау нәтижелі болғанына тоқталды.
– Екатеринбургтегі форум өте табысты өтті. Оның нәтижелері саудадағы өзара қарым-қатынасымыз, экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуіне ықпал ететін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың стратегиялық серіктестікке жаңаша қарқын қосып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Форумның тарихи оқиғасы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілестік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылуы болды. Құжат Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығының барлық негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда қазіргі заманғы жаңа сынқатерлер ескеріле отырып, анағұрлым тығыз өзара ықпалдастық бедерлері көрініс тапты.
Өз сөзінде Ресей Президенті мерейтойлық форум іскерлік, сындарлы ауанда өткеніне тоқталды.
– Қазақстан Президентімен әңгімелесу барысында, одан соң пленарлық отырыс кезінде біздің көпжоспарлы серіктестігіміздің ең өзекті мәселелері талқыланды. Өңіраралық ынтымақтастық форумдары 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және екіжақты практикалық кооперацияны дамытуда маңызды рөл атқарады. Мұнда өңірлердің транзит-көлік әлеуетін дамыту, энергетика саласындағы, орнықты экономикалық даму мен жоғары технологиялар саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту тәрізді маңызды мәселелер қаралады, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті экономикалық өзара ықпалдастықтың жоғары қарқынына тоқтала келе, биылғы жылдың 9 айында ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 15%-ға өсіп, 18 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
***
Форум қорытындысы бойынша мемлекетаралық серіктестікті тереңдетуге бағытталған төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілестік пен одақтастық туралы шарт;
– Қазақстан мен Ресейдің “РОСТ-ӨРЛЕУ” өнеркәсіп колледждері қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнай тасымалдаудың алдын ала шарты және кепілдігі;
– Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2013-2014 жылдарға арналған өнеркәсіп кооперациясын жандандыру жөніндегі Жол картасы;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Имашев кен орнының газ конденсатын игерудегі ынтымақтастық туралы келісімге хаттама;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу мен сөндіру жөніндегі келісім.
Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының келесі XI форумы 2014 жылы Атырауда өтеді.
(akorda.kz.).