«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКЕУІНЕ ӨМІР ДЕ, ӨНЕР ДЕ ОРТАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы Белое ауылының тұрғындары Елена Петухова мен Зоя Павловаға жолыққандағы мақсатымыз қос әжейдің қолөнерін тамашалау болатын. Сондай-ақ бізді жарты ғасыр бойы құдайы көрші болған құрбылардың бір-біріне деген сыйластығы тамсандырды. Елена Ивановна Свердлов облысынан аталмыш елді мекенге 1962 жылы көшіп келіпті. Араға жыл салып сол жақтан Зоя Петухова да қоныс аударып, жерлесіне көрші болып орналасады. Олар Свердлов өңірінде бір-бірін танымаған да екен. Содан бері бұл екі әйелдің сыры да, мұңы да – бір.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бірі – орыс, екіншісі – чуваш нәзік жандардың тағдыры да ұқсас па дерсің?! Екеуі де отыз жыл үздіксіз Белое ауылындағы май зауытында еңбек етіп, сол кәсіпорыннан зейнеткерлікке шыққан. Екеуі де екі бала өсіріп, бүгінде шөбере сүйген. Ал олардың ең басты ұқсастығы – рухани жақындықтары, яғни екеуінің де қолөнерге деген сүйіспеншілігі. Кесте тоқу өнері таныстықтың алғашқы күнінен бастап олардың ортақ ермегіне айналған. Құрбылар 50 жыл бойы түрлі-түсті жіптермен қолөнердегі шеберліктерін шыңдаған. Ең қызығы – олардың бір картинаны екі дана етіп жасайтындықтары. Оның біреуін Елена Ивановна кестелесе, екіншісінде Зоя Филипповнаның қолтаңбасы тұрады. Матаға кескіндеме салып, өрнектеу ісіне Елена Петухова бойжеткен кезінен бастап машықтанса, ал Зоя Филипповна өзінің ұстазы деп құрбысын санайды.

– Мәссаған, мені ұстазым дейді, – деп замандасын құшақтай алған Елена Ивановна әрі қарай сөзін былай жалғады: – Ол – 5 жасынан бастап қолөнерге баулынған қыз. Оның жас кезінде кестелеп тіккен киімдерін көрсеңіз, таңғаласыз! Олардың ұлттық киімдерінің өзі – көздің жауын алатын қолөнер туындылары. Ал картиналардың кестеленген көшірмесін жасауды менен көріп, қолға алғаны рас, бірақ, мен оны қолөнерге үйреттім деуге ауызым бармайды. Ол – менен өткен шебер!

Қос шебердің бірінің қолына әдемі сурет түссе, ол оның көшірмесін кестелеп шыққанша, екіншісі күтеді. Екіншісі жаңадан жасалған картинаның әр түсін, ондағы жіптердің әр күрмеуін дәлме-дәл қайталай отырып, жаңа данасын жасап шығады. Бұл дағдылы әрекет жарты ғасыр бойы жалғасып келеді. Бүгінде олардың үйлерінде қалған туындыларына қарап, әжейлердің арманшыл, қиялшыл, тәубешіл мінездерін аңғаруға болады.

– “Теңсіз махаббат”, “Олегтің тұлпарымен қоштасуы”, “Қайықта”, “Көгершін мен қыз” – бұлар өмірдің ең бір қызық кездерінде жасалған туындылар. Ал балама – Мәскеу шіркеуін, немереме – Санкт-Петербургтің ақ шіркеуін, өзіме – Ленинград храмын кестелеп, олардың әрқайсысын төрге іліп қойған жылдар – жасымыз ұлғайған кездегі ойымыздың жемісі. Бұл, әрине, Құдайға құлшылық етіп, ұрпағымыздың амандығын тілеуден туған туындылар болса керек, – дейді Елена Ивановна.

Кейуаналар осы күнге дейін қанша бұйым кестелегендерін айта алмайды. Жасаған бұйымдарының көбі сыйға тартылған. Алайда, олар жоқ дегенде жылына екі бұйым кестелеп шығатындарын айтады. Бұл – қолөнердегі еңбектің ауқымы оның көлеміне байланысты екендігін ескерсек, қос құрбының ең үлкен картинасының ені – 1 метр де, биіктігі – 70 сантиметр. Сондай-ақ 15х30 сантиметрлік кішкентай туындылар да бар.

Өзінің бұл өнерге деген ынтызарлығын Зоя апай былай жеткізді:

– Біз жеңіл өмір сүрген жоқпыз. Зауыттың жұмысы ауыр болды. Күндіз өндірісте жүріп, одан кейін үй шаруасын тындырып, іңірде қол босаған соң отырып алып, кестені бастаймын. Уақытпен санаспай, ұзақ отырамын. Түннің біруағында жұбайым: “Өшір жарықты, ұйқы бермедің ғой. Қазір тұрып, қолыңдағы заттарыңды пешке лақтырамын”, – деп қорқытқан кезде ғана басым жастыққа тиеді. Кестелеу ісі мені қатты қызықтырады. Тек былтыр ғана көзім көрмей қалған соң бұл ермегімді доғардым. Жас болса 80-ге таяды.

Бүгінде олардың әрқайсысы өз шаңырағында жалғыз тұрады. Балалары Ресейге қоныс аударған. Екеуі күніне бір-біріне бірнеше рет қатынап, жағдайларын білісіп, көмек керек болса, қолғабыс етіп, жанашырлықпен өмір сүруде. Жалғыздан қалған қос құрбы жастары ұлғайса да, үй шаруаларын өздері істеп, өмір сүруге мәжбүр. Қариялар үйреніп қалған елді мекенінен кеткілері келмей ме, әлде бір-бірін қимай ма, не десек те, қартайған жандарға жеке тіршілік ауыр болса да, балаларының қолына барар ойлары жоқ.

– Жастарға өнеге болатын – адамдар. Олардың еңбекке деген құлшыныстарын былай қойғанда, қариялардың қиындыққа ешқашан мойымайтын жігерлі мінездеріне қарап, тәнті боласың. Таяққа сүйеніп жүрсе де, шаруаларын өздері тындырып, бір-біріне көмектесіп жүреді. Талай жыл абыройлы болған әжелер ауылдастарына да сыйлы. Олар – бірінен-бірі өткен қолөнерші, олар – бір-біріне адал құрбы, олар – жұрт қызығарлық тату көрші, – дейді Белое ауылдық округінің әкімі Бибігүл Қасенова.

Ауылдастарының, қыз-немерелерінің арасынан кесте тігу шеберлігіне үйренемін деушілер табылса, әжейлер әлі күнге дейін қолғабыс беруге дайын. Бірақ қарияларды бұл қолөнер түрінің бұрынғыдай дәріптелмейтіні қапаландырады.

– Біз де жас болдық. Ұзатылғанда берілетін жасауымызды өз қолымызбен дайындайтынбыз. Ол кезде бойжеткеннің қолөнерден мақұрым қалуы ұят саналатын. Сондықтан біз үй шаруасында көп нәрсені біліп өстік. Ал қазір жұрт керегін дүкеннен сатып алады. Сондықтан болар қолөнер бұйымдарына қызығушылық жоғалған. Ал өз қолыңмен, өз көз майыңды тауысып істеген зат қандай ыстық болатынын білсеңіз ғой?! Түкке үйретпеу – жас-өспірімді жалқаулыққа, жауапсыздыққа итермелеудің бір жолы. Бүгінгі жастар зерек, үйреткен нәрсеңді тез қағып алады. Әттең, қолөнерге құлықтары жоқ, – дейді қос әжей.

Үлкенді-кішілі матаға кестеленген картиналар – олардың ұрпағына мұра. Елена Ивановна мен Зоя Филипповна өздерінің қолөнер туындыларының біразын балалары мен немерелеріне сыйға тартқан. Бүгінде олар жәдігер ретінде олардың әрқайсысының шаңырағында ілулі тұр. Осылайша 50 жыл бір-бірінің қуанышы мен қайғысын бөлісіп келе жатқан қос қария өз өмірлерінде өнерден өшпес із қалғанына қуанышты.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp