«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ 84 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖЕТКІЗІЛМЕК ақжарлық ауыл шаруашылығы қызметкерлері осындай ойда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы”АҚ облыстық филиалында аудан әкімдерінің қатысуымен өтетін тікелей эфирдегі кезекті брифингте Ақжар ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков хабарлама жасады. Онда Мұхит Сексенбайұлы Ақжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды. 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

17885 тұрғыны бар Ақжар ауданын барлық сала бойынша дамытуға қыруар шаруаның атқарылып жатқанын айтқан аудан әкімі үстіміздегі жылы егіс алқабының көлемі 272 мың гектарды құрағандығын жеткізді. Ал мал шаруашылығын дамыту үшін “Сыбаға” және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары бойынша 1438 бас ірі қара сатып алынған. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында қаржылық емес секторда өнеркәсіп өнімдері өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артып, 938, 4 миллион теңгені құраған. 2010-2012 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша екі жоба жүзеге асырылыпты. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары бойынша да үстіміздегі жылдың өткен 9 айында жалпы аумағы 1032 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Ауданда шағын және орта бизнес өкілдері ретінде 573 субъекті тіркелген. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2 жоба жүзеге асырылыпты.

Хабарлама барысында бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға тоқталған Мұхит Сексенбайұлы Талшық, Ленинград, Ақжарқын ауылдарын орталықтандырылған су құбырына қосу жұмысы жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Екінші мәселе – аудандық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына 90 миллион теңге қаржы бөлініп, оның толық көлемде игерілгендігі айтылды. Ауыл тұрғындарын автобус бағыттарымен, телефон байланысымен сапалы және толыққанды қамту үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізген аудан әкімі денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жақсы көрсеткіштерді тілге тиек етті. Қулыкөл ауылындағы 70 орындық бұрынғы балабақша ғимаратын қайта жаңарту жұмысы аяқталса, ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту 100 пайыз көрінеді. Мәдени орындар мен спорт нысандарының да ахуалы жақсы жағынан айтылды.  

Аудан әкімі сөзін аяқтағаннан кейін республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері сауалдарын жолдады. Аудандағы орташа еңбекақы көлемі, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған кәсіпорындардың толық көлемде жұмыс істемейтіндігі, шағын жинақталған қанша мектеп жабылуы мүмкін және бірі – автомагистральдың, екіншісі темір жолдың бойында орналасқан Ащыкөл және Ақжарқын ауылдары әлеуеті төмен елді мекендердің тізімінде болғандықтан, қаржыландырылудан қағылып отырғандығы… Осы сұрақтарға жауап берген Мұхит Тұрысбеков бүгінде ауданда орташа еңбекақы көлемі 58 мың теңгені құрап отырғандығын, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргендердің жалақысын 84 мың теңгеге дейін көтеру үшін жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеп жатқандығын айтқан аудан әкімі жаңсақ мәліметтің кәсіпорын басшыларының статистика органдарына қажетті деректерді уақытында бермеуінен пайда болғандығын жеткізді. Бүгінгі таңда Ақжар ауданында бір шағын жинақталған мектеп жабылса, қалған бесеуінің тағдыры қыл үстінде. Ал Ащыкөл мен Ақжарқын ауылдарының жері пайдалануға жарамсыз болғандықтан, әлеуеті төмен елді мекендердің қатарына енгізілген. Осы орайда ауылдық елді мекендерді дамытуға бөлінетін қаржыдан қағылып отырған ауылдардың жағдайын оңалту үшін аудан басшылығы бұл мәселе жөніндегі хаттарын депутаттарға да, Өңірлік даму министрлігіне де жолдаған. Осының арқасында аталмыш ауылдарды жандандыру мүмкін болып отырған көрінеді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі, деді Мұхит Тұрысбеков.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp