«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ АУЫЛДЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН Бибігүл жұрт сенімін ақтап жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен үстіміздегі жылдың тамыз айында еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл округтері әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылып, халық қалаулыларының сеніміне ие болғандарына елді мекендерді басқару тізгіні ұстатылды. Біздің облыста аудандық маңызы бар 4 қала мен 194 ауылдық округте әкімдер сайланды. Солардың көшіне қосылғандардың бірі – Мамлют ауданындағы Белое ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған Бибігүл Қасенова.

Саяси маңызы зор бұл шараның мақсаты абыройлы, іскер, қабілетті әкімдер арқылы елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу екендігін жақсы білетін Бибігүл Нұрманқызы осыдан алты жыл бұрын қолға алған бұл міндетінің жауапкершілігі күшейтілгенін түсінеді.

– Ауыл округі әкімінің міндеті – тұрғындардың мүдделері мен қажеттіліктерін үйлестіре отырып, жалпы мемлекеттік саясатты іске асыруға өз септігін тигізу. Ауылдағылардың тұрмысын қолайлы ету, округтің тұрақты да қарқынды дамуына бағыт беру үшін әкімнен сауаттылық пен біліктілік талап етіледі. Біздің округке қарасты жеті елді мекен болса, олардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Бұл аумақта заман көшіне ілесе алмай, болашағы бұлыңғыр жатқан ауылдар да бар. Ол елді мекендердегі тұрғындардың әрқайсысының тағдырына бірден-бір жауапты тұлға әкім екендігі, айтпаса да түсінікті. Ендеше біздің жұмыста дамыл жоқ, – дейді Бибігүл Қасенова.

Ол өз әңгімесінде ауылдық округ тұрғындарына қолайлы жағдай жасау ісін үлкен сүйіспеншілікпен атқаратынын жеткізді. Осы жердің тумасы болғандықтан ба, ауылдардың әр тұрғынын бұрыннан жақсы танитындықтан ба, әлде бойында патриоттық сезімнің молдығынан ба, округ аумағындағы әр мәселені жүрегіне жақын қабылдап, өзінің алдына келген адамға көмек қолын созуға қашанда дайын тұрады. Сондықтан шамасына қарай қолға алған ісін соңына дейін жеткізбеу оның мінезіне жат қылық.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Әртарапты. Бұл қызметте ең бастысы – тұрғындармен тіл табыса білу керек. Бала кезден танып өскен ауылдастарыма жаным ашиды. Олар маған өтініш-тілектерін айтып келген кезде, біріншіден, өзіме жүктелген міндетті ойласам, екіншіден, ауылдастарымның тағдыры мені қашанда толғандырады. Елмен араласу арқылы өзімнің өмірім де қызықты жалғасуда, – деген ол, әрі қарай көпшілікпен жұмыс істеуді қыз кезінен бастағанын айтып, осы міндеттерді атқаруда әкешешесінің берген тәрбиесінің маңызды болғанын да сөз етті. Үлгілі отбасынан шыққан қыздың мінезі бала күннен ауылдастарына жақсы таныс. Сондықтан тәрбиелі, өнегелі, адамгершілік қасиеттері мол болып өскен оның қоғамдағы орны бөлек.

Жұртты қоғамдық жұмыстарға қатыстыру, жаңа жұмыс орындарына орналастыру есебінен еңбекке қабілетті жұмыссыз тұрғындар санын төмендетуді қадағалау – жергілікті билік басында отырған адамның бір міндеті. Сондықтан ол мемлекеттің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларына құлағын түрік ұстап, көптеген отбасылардың табалдырығын ақыл-кеңесімен жиі аттайды. Мәселен, жиырма үйі бар Прогресс ауылының зейнеткері Ислам Омаровтың немесе Чистое елді мекеніндегі Константин Гурьяновтың “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша несие алып, өздерінің жекеменшік шаруашылықтарын ашуына түрткі болғаны бар.

Әкімнің жұмысына терең үңілсек, одан нарға артқан салмақтай ауыр жүкті көреріміз анық. Бірақ сенім артқан бір жарым мың адамның көңілі де әкімнің жалтақтауға, жігерсіз болуына мұрша бермейді. Бүгінде округ әкімдерінің қолында билік болғанымен, өз бюджеті жоқтығы да бірқатар мәселелерді шешуге кедергі жасауда. Алайда, күйбең тіршіліктің көптеген сауалдарын нәзік те болса, жігерлі әйелдің бір ретін тауып шешіп жататынына жұрт куә. Округ аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен сыйластық қарым-қатынас орнатқан Бибігүл Нұрманқызының тілектерін олар да шамалары жеткенше аяқсыз қалдырмауға тырысады. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орнын есепші-экономист мамандығы бойынша бітірген бойда өзінің кіндік қаны тамған жерге келіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елдің ертеңі үшін толғанып жүретін нәзік жанның мінезіндегі көптеген игі қасиеттерін жерлестері жоғары бағалайды.

– Бүгінде округ әкімдеріне қойылатын талап күрделенді. Олар заң жүзінде мақұлданды. Бұл талаптардың біразын біз бұған дейін де атқарып келген болатынбыз. Сондықтан одан тартынатындай еш қиындық жоқ. Бүгінде әкімнің функциональдық міндеттері айқын. Бұл бізге сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тек ендігі кезекте қаржы мәселесі оңтайлы шешілсе, елді мекендерде туындаған проблемалардың шешімін өзіміз табуға мүмкіндік алар едік. Бүгінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне үлкен сенім артылып отырса, ол сенімді ақтауға біз де дайынбыз, – дейді округ әкімі Бибігүл Қасенова.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp