“Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер” дегендей, заман талабына сай ерінбей еңбек етіп жүрген асыл жандардың бірі – Ләззат Көпебаева. Шеберлігі арқасында алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, өзіне, отбасына ғана емес, қоғамға да пайда келтіріп отырған жеке кәсіпкерді мақтан тұтуға әбден болады. Бүгінгі таңда ол облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясында өз асханасын ашып, жемісті еңбек етуде.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Арманшыл адам болмайды ғой. Бала кезімде ақ халатты дәрігер болсам деп ойлайтынмын. Содан шығар, мектепті аяқтаған соң медицина саласын таңдадым. Медициналық училищені аяқтап, облыстық балалар ауруханасына жұмысқа орналастым. Бірақ ол жерде көп істеген жоқпын. Себебі, білімімді жетілдіргім келіп, жоғары оқу орнына түстім. Сонымен, ұстаздық жолға деген баспалдағым басталды. Бүгін санап отырсам, ұстаздық жолда жиырма төрт жыл еңбек етіппін, – деді ол әңгімесін жалғастыра отырып.
Кешегі ұстаз – бүгінгі кәсіпкер. Міне, мұндай өзгеріс әйел адамның бір жұмыспен шектеліп қана қоймай, алға, жарқын болашаққа қарымды қадаммен аяқ басып келе жатқандығын көрсетеді.
Мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық мүмкіндікті мүлт жібермей, оңтайлы пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған Ләззат бүгінде он адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мені өмірдің өзі жетелеп әкелді. Әрине, медицина саласында, я болмаса ұстаздық жолда алаңсыз жұмыс істей беруіме де болар еді. Бірақ өзімді осы салада да сынап көргім келді. Басында қиын болды. Алайда, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін бар жігерімді сала еңбек еттім. Қазір жұмысым дөңгеленіп қалды. Соңғы бес жыл ішінде айтарлықтай ауқымды жұмыс атқардым. Нәтижесінде бірқатар мектеп ішінде асхана ашуға мүмкіндік туды. Қазір қарамағымда он адам жұмыс істейді. Еңбекақылары – елу мың теңге. Барлығының тиісті мамандықтары бар. Жастарды да жұмысқа тартамыз. Ұжым ұйымшыл. Білмегенді бір-бірінен үйреніп, үнемі ақылдасып, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл да оңай шаруа емес екендігін мойындау керек. Себебі, мен кішкентай балалармен жұмыс істеймін. Яғни, оларды күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырамын. Одан басқа тоқаштар, тәттілер, сусындар да бар. Бұл жерде бастысы – олардың денсаулығы. Осы себептен де жұмысқа аса жауапкершілікпен қараймыз. Жұмыс істегенде уақытпен санаспаймын. Кей кездерде таңғы алтыдан басталған жұмыс күнім кешкі сегізге дейін созылып кетеді. Оған бойым әбден үйреніп алды. Өйтпесе іс біте ме? Мойныңа жауапты жұмыс алған соң еңбектенуің керек. Заманның талабы осы, – дейді асхана иесі.
Еңбегінің арқасында еленіп, қоғамға өзіндік бір пайдасын тигізіп жүрген Ләззат – үш бала тәрбиелеп отырған асыл ана, аяулы жар. Отбасылық өмірдегі қызық-қуанышты бірге бөлісіп, бала тәрбиесіне де ерекше мән бере білген жұбайы Адақ Уәлиханұлы да жұмыссыз отырған жан емес. Ол – жеке кәсіпкер. Қарамағында бес адам еңбек етеді. Жалпы ерлізайыпты бір салада жұмыс істейді. Олар қаладағы екі мектепте асхана ашып, тиісті тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Ләззат Көпебаеваның айтуына сүйенер болсақ, бір ғана қазақ мектеп-гимназиясында күніне үш ауысымда 420 оқушы тамақ ішеді екен. Сонымен қатар аз қамтылған отбасы мен Балалар ауылынан келіп оқитын оқушылар да ұмыт қалған емес. Олардың саны – жиырма екі. Барлығы да асханадан тамақты тегін ішеді.
Ләззат – “Ботақан” қоғамдық бірлестігінің әйел-аналардың басын біріктірген мүшесі. Өткен оқу жылында оның қолдауымен екі бала елордамыз Астана қаласына барып, оның көрікті жерлерін тамашалап қайтты. Мұндай игілікті іс адам жанын жылылыққа толтырып, үміт отын ұялатады. Ал балаларға керегі де осы емес пе?!
Еңбексүйгіш отбасының үлкен ұлдары Нұрсұлтан Астана қаласында жоғары білім алып, бүгінде ата-анасымен бірге жұмыс істеп жүр. Анасының қарамағына жұмысқа орналасқан Нұрсұлтан мектептің асханасына қажетті азық-түлік, көкөністі сатып алумен айналысады. Бұл оның еңбек сатысындағы бірінші баспалдағы ғана екені айдан анық, бірақ мақсаты зор. Жас болса да өзіне берілген жұмысты тиянақты етіп істеуге үйренген Нұрсұлтан ата-анасын өнеге етеді. Және олардың үмітін ақтауға тырысып бағуда.
“Еңбек пен бақыт егіз” дегендей, адал еңбектері арқылы талай асуларды бағындырып, замандастарына үлгі болып отырған отбасына қарап тұрсаң, қуанасың.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.