«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗБЕН КӨРІП, ҚУАНЫП ҚАЙТҚАНДАР көңілге түйгендерін де ортаға салды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бокстан өткен әлем чемпионаты 14-26 қазан күндері Алматы қаласына жер-жаһанның назарын аудартты. Чемпионатқа дүниежүзінің 120 елінен 500-ден аса былғары қолғап шеберлері жиналды.
Осы әлемдік додаға өз қаражатымен барып, жекпе-жектерге тікелей куә болған бокстан КСРО спорт шебері, Тимирязев ауданының ардагерлер кеңесіне басшылық ететін Ғазез Шаяхметовті әңгімеге тартқан едік.

– Негізгі жекпе-жектерді бастан-аяқ тамашаладыңыз. Жеңімпаздарымыз және жүлдегерлеріміз жайында қандай пікірдесіз?

– Құрамаға қабылданған он боксшының алды Біржан Жақыпов жиырма тоғыз жаста болса, соңы Жәнібек Әлімханұлы небары жиырмада.

49 килограмм салмақта сынға түскен Біржан өте тәжірибелі, әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында ысылған және жүлделер еншілеген. Ол осы жолы да әдеттегі өзі машықтанған ойын өрнегін сақтай, қарсыластарын өзінің ыңғайына бағындыра отырып, қимылдады. Әсіресе, жақын қашықтықтарда мүлт кетпеуге тырысты. Бұл әдіс өзінің жемісін берді де. Тісқаққан деген осы ғой. Соның арқасында ақтық айқасқа да жетіп, онда алжирлік Мұхаммед Флиссиді анық ұтты. Алғашқы алтынды қоржынға салып, жастарға үлгі көрсетті.

Ақтық жекпе-жектерге жол тартқан қалған бес боксшының ойын өрнегі жайында өзімнің тәжірибеме және бүгінгі уақытқа дейінгі бапкерлік машығыма сүйене отырып, баға беруіме болатын шығар. Біріншіден, жігіттердің бәрі де жаттықтырушылардың нұсқауларын орындауға тырысты. Оларды жүзеге асырды да. Алайда, қарсыластары да, әсіресе, жартылай финалдан кейін, осал емес қой. Олар да жаттығуларда тер төккендер. Сондықтан финалға жете алмаған Қайрат Ерәлиев (56 кг.), Берік Әбдірахманов (60 кг.), Ілияс Сүлейменов (52 кг.) осындай  парапар қарсыластарына жол беріп қойды.

64 килограмда сынға түскен Мерей Ақшалов өзінің ысылған және айлакер боксшы екенін дәлелдеді. Әдетте, боксшылар алғашқы раундта аңдысады, бір-бірінің осыл тұстарын байқап көреді, қалған кезеңдерде өзінің ойын өрнегін жүзеге асыруға тырысады.

Мерей осының бәрін өз пайдасына шеше білді. Ол финалда кубалық мықты қарсыласы Яснер Лопесті осындай өрнекпен жеңді.

Чемпионаттан соң АИБА-ның “Ең шебер боксшысы” атағын иеленген Данияр Елеусінов 69 килограмда Мерейден кейін үшінші алтын алқаны тарту етті. Оған да кубалық боксшы тап келді. Дене бітімі мығым, соққылары жойқын қарсыласты Данияр шеберлігінің арқасында тізе бүктірді. Алғашқы раундтан-ақ кубалықтың соққыларын дарытпаудың кілтін тауып, өзі мүлт кетпестен қимылдады. Бұл орайда біздің боксшымыздың қорғаныс әдісін мықты меңгергені де көзге анық шалынды. Екі қарсылас жақын тұстан жұдырықтаса кеткенде төреші оларды ажырату үшін бұйрық береді. Осы клинчтен шығар сәтте, басқаша айтқанда, ажырасар тұста, Данияр міндетті түрде қарсыласына қатты соққы жасап үлгереді екен. Кубалықпен ұрыста ол осы амалмен көп ұпай жинады. Мұндай әдісті көп боксшылар қолданайын десе де, қолдарынан келе бермейді. Данияр болса әбден машықтанған екен.

Төртінші алтын алқаға қол жеткізген жігітіміз бар болғаны жиырма жасар Жәнібек Әлімханұлы – құрамамыздың жас саңлағы. Әсіресе, оның ақтық айқаста ирландиялық Джейсон Куиглиді айқын басымдықпен ұтқаны, қарсыласын ұрып жығып, нокдаунға жібергені сүйсінтті. 75 килограмм салмақта ол 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына ең лайықты үміткер болатыны сөзсіз. Табиғи күш-қуаты бірден байқалады. Аманшылық болса, әлі де толысып, шеберлігін үстей түсері анық.

Мен 81 килограмда жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов кубалық Хулио Перазаны ұтатын болар деп үміттеген едім. Бірақ үмітім ақталмады. Жеңісті үш төрешінің екеуі кубалыққа берді. Оған дауым жоқ.

Әділбектің жеңілуінің себебі мынада ма деп ойлаймын. Ол қарсыласына бейімделе алмады. Бокста бұл – қажет амал. Кейде қарсыластың қимылына орай өрнекті өзгерту де қажет. Бұған дейінгі жекпе-жектердің бәрінде ол қашықтықта жүріп, ұпайлар жинаған еді. Ал кубалық нақ осы тәсілдің шебері екені анық байқалды. Демек, одан жүрексінбестен клинчке кіре жүріп, соққылаған дұрыс еді. “Төбелесуден” қашқақтаған Перазаны осылай сынап көргенде Әділбек жеңіске жетер ме еді деп ойлаймын. Алайда, Әділбек кубалықтың жақындамай жұдырықтасатын кәнігі әдісінен шыға алмады. Пераза алжирлік мықты боксшы Беншабланы осылайша ұтқанын қаперде ұстау керек еді.

91 килограмм біздің ең осал тұсымыз екенін тағы да аңғардым. Василий Левитті алмастырған Антон Пинчук ширек финалға жете алмай қалды.

Ал ең ауыр салмақта сынға түскен Иван Дычко әзірбайжандық Магомед-Расул Меджидовтен Бакудегі 2011 жылғы чемпионаттағыдай тағы да ұтылды. Ол жолы да есеп айырмасы тым алшақ болып, әзірбайжандықтың үстемдігі айқын аңғарылып еді. Биыл екі раунд алда тұрған Дычко нокаутпен ұтылды. Үшінші кезеңде екі мәрте аса жойқын соққыларды өткізіп алды. Алғашқы раундтардағы басымдық көп ретте алдамшы болады. Иван содан сақтану керек еді. Ол бойы өзіне қарағанда аласа Меджидовтің ішке кіріп соғуына жол беріп қойды. Әзірбайжандық ресейлік Магомед Омаровты және италиялық Камареллиді (2008 жылғы Пекин Олимпиадасының жеңімпазы) осылайша ұтқанын есте ұстамағаны қалай, деп таң қалып та отырмын.

– АИБА-ның шлемсіз жұдырықтасуға рұқсат бергенін қалай бағалайсыз?

– Бұл дұрыс шешім болды. Біз өз кезімізде шлемсіз жұдырықтасып едік қой. Ондай бокс әрі тартымды, әрі боксшының өзіне қолайлы болатын. Өйткені, шлем киіп шыққанда ол көзіне түсе беретіндіктен, боксшы ойын үстінде қос қолымен оны кейін сырғытып әлекке түседі. Сондай-ақ шлеммен жұдырықтасу боксшыны қабағы жарылудан сақтандырады деген уәж айтатындар бар. Өз тәжірибеме сүйене айтсам, қабақ соққыдан емес, қарсыластың баспен, шынтақпен ұру сияқты қасақана қимыл-әрекеттерінен зақымданады. Шаршыдағы төреші мұны қалт жібермей, қатаң қадағалап, қарсыласына осындай зақым жасаған боксшының ұпайын кемітіп жазалауы керек. АИБА-ның жаңа шешімі бойынша бұдан былай төреші осындай жаза қолдануға міндеттелетін болды.

– Біздің өңіріміздің боксшылары ел мерейіне үлес қоса алмай жүргенінің қандай себебі бар деп ойлайсыз?

– Рас, біздің жігіттер соңғы жылдары лайықты жеңістерге жете алмай, Федерация кубогының ойындарында Қостанай, Көкшетау командаларынан ойсырай ұтылғаны қынжылтады. Жастар барын білемін. Қазір аудандарда бокс өрлей бастаған елді мекендер барын менімен бірге жаттыққан бапкерлер, мысалы, “Жеңіс” мамандандырылған олимпиадалық резервінің Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек ететін Виктор Окаванцев айтып жүр.

– Ал ересектер Азия, әлем чемпионаттары түгіл, елімізде де жеңіске жете алмауда…

– Бұл бірауыз сөзбен доғара салатын мәселе емес. Біз дағдарыс жылдарына кезіккенде барымыздан әп-сәтте айрылып қалғанымызды енді түсініп отырмын. Мысалы, атақты боксшымыз, осы таяуда өмірден озған Камиль Сафин біздің өңірде бар болғаны он шақты бокс үйірмелері ғана қалса, Шымкентте, Жамбылда, Атырауда, Алматы өңірінде жүзден, тіпті, екі жүзден асатын үйірмелер барын, олардың бәрі де жақсы залдармен, жабдықтармен, қосалқы құралдармен жарақтандырылғанын көзі көріп қайтқанын айтып еді. Біздің өңірде мұндай жағдай тапшы. Бәрі қаражаттың аздығына тіреледі. Тәуір машықтана бастаған жастар есейе келе қарайып қалады. Жаттықтырушылар олармен одан әрі жұмыс істеуге дәрменсіз. Біздің өңірде боксқа көзқарасты мүлде қайта қарау керек. Оған республикалық федерация тарапынан қозғау салынса, жөн болар еді.

– Меніңше, біздің өңірде спорттың олимпиадалық түрлеріне емес, оған кірмейтіндеріне көбірек көңіл бөлінетін сияқты.

– Міне, бокста тап сондай жағдай қалыптасқан.

– Ал қараша айының соңында Атырауда еліміздің чемпионаты өтеді. Онда біздің жолымыз болатынынан дәмеленудің реті жоқ қой деймін?

– Мұны уақыт көрсетеді…

Мен келесі сауалымды Ғазез Шаяхметовпен бірге оңтүстік астанада өткен әлем чемпионатын тамашалап оралған Виктор Окаванцевке де қойдым.

– Әдеттегі ең күшті бокс елдерінің қатарында саналатын Ресей, Украина, Өзбекстан құрамалары осы чемпионатта көрінбей қалғанының қандай себебі бар деп ойлайсыздар?

Ғ.Шаяхметов:

– Ресей құрамасы командалық төртінші орын алды. Қазақстан – бірінші, Куба – екінші, Әзірбайжан – үшінші. Украина мен Өзбекстан алғашқы алтылыққа да ене алмады. Мысалы, Ресей құрамасының бас бапкері Александр Лебзяктың өз боксшыларының діттеген межеге жете алмағанын осы чемпионат аяқталғанда мойындағанын білдім.

Украинаның Василий Ломаченко және Тарас Шелестюк сияқты және басқа да бой көрсете бастаған боксшылары кәсіпқой рингке ауысып кетті. Олардың лайықты ізбасарлары уақытында бапталмағанын аңғару қиын емес.

В. Окаванцев:

– Жекелеген боксшыларға ғана үміт арту осылайша опық жегізетінін уақыт талай мәрте дәлелдеген. Ағыс үнемі толысып жатпаса, өзен суалады ғой. Соның мысалын көргендей боламын.

– Виктор Петрович, мысалы, соңғы жылдары Қазақстан, Куба, Ресей боксшылары бірлескен жаттығулар өткізіп, тәжірибе алмасты, олар бір-бірінің амал-тәсілдеріне қанықты деп айтылып жүр. Осындай жаттығуларға бейімделу үшін жаттығулар жақсы жолға қойылған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Алматы облыстарына бапкерлеріміз неге барып көрмейді?

– Бұл да қаражат мәселесіне байланысты. Оны республикалық бокс федерациясы ұйымдастыруы керек.

– Менің осы сұхбаттан түйгенім – Сіздер жеңістерімізді көзбен көріп, қуанып қайтсаңыздар да, көңілде жүрген, алда бұдан да биік белестерге жетсек деген тілектеріңіз барын аңғарттыңыздар.

– Әрине, ондай ойымыз бары рас. Алдағы ең ұлық жарыс – 2016 жылғы Олимпиада ойындары. Сол ойындарда да Көкбайрағымыз желбірей берсін деген тілектеміз!

– Әңгімелеріңізге рақмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

  “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp