2011 жылдың 18 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елімізде “OTAU TV” Ұлттық жерсеріктік сандық телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Қазақстанның шалғай орналасқан елді мекендерінің тұрғындарына 38 отандық және 50-ден астам шетелдік телерадиоарнаны көріп, тыңдауға мүмкіндік туды. Бүгінгі күні аталмыш желі үлкен сұранысқа ие.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
www.otautv.kz. сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл жоба Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған, әрі Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Ол, ең алдымен, республиканың түкпір-түкпіріндегі тұрғындар арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға бағытталған. Жерсеріктік хабар таратудың жаңа жүйесін енгізгелі республика халқы, соның ішінде шалғай жатқан елді мекен тұрғындары тұңғыш рет 38 республикалық және жергілікті телерадиобағдарламаны тегін қабылдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ абоненттер ақылы негізде түрлі тақырыптағы 56 шетелдік телеарнаны көру мүмкіндігін иеленді. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында “OTAU TV” отандық операторының қызметін пайдаланушылардың санының 377 мыңға жеткені жария етілді. Жоғары сапалы бейнені қамтамасыз ететін отандық спутниктік телеарнаның нарыққа шыққанына екі жылдан енді ғана асқанын ескерсек, көрермендерінің 400 мыңға жуықтауы жаман көрсеткіш емес. “Отау ТВ” ұжымы жыл соңына дейін тұтынушылар санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Әсіресе, “Отау ТВ”-ның арқасында қазақтілді арналарды көруге мүмкіндік алған ағайынның алғысы зор.
Өз облысымызда да аталмыш ұлттық желіні қосушылар саны артып келеді. Мәселен, қазіргі күнде Уәлиханов және Ақжар аудандарында тұрғындар саны аз болғанымен, “Отау ТВ”-ны қосқандар қатары қалың. Өңір бойынша ұлттық желідегі хабарларды тамашалаушылардың жалпы саны 10 мыңнан асып жығылды. “Әзірге Тимирязев, Есіл және Мамлют аудандарындағы клиенттеріміздің саны аздау. Бірақ қазір жарнама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Солардың қатарында акциялар да ұйымдастырылып тұрады”, – дейді “Қазтелерадио” АҚ филиалы сату орталығының басшысы Руслан Рамазанов.
“Технодом” тұрмыстық техника және электроника желісінің барлық дүкендерінен “LG” теледидарын сатып алғандар жерсеріктік “OTAU TV” телехабар тарату желісінің клиенттік қондырғысын тегін иеленді. Мұнымен сый-сияпат таусылмайды. 2013 жылдың 1 маусымы мен 30 қыркүйек аралығында осы акциямен жерсеріктік желінің “Стандарт” және жоғары айқындықтағы HD “Элит” топтамасына қосылған 20 абонент телеарналарды алғашқы екі апта тегін көруге мүмкіндік алды. Ал Шал ақын ауданының тұрғыны Айсұлу Смағұлова “Отау ТВ”-ны қосып, теледидар ұтты. Қарттарды қолдау айлығы аясында Қызылжар ауданының басшылығы 18 Ұлы Отан соғысының ардагеріне “ОтауТВ” арналарын тегін қосып берген.
“Отау ТВ”-ға қосылу аса қымбат емес, небары 25 мың теңгені құрайды. Ай сайынғы төлем “Негізгі” пакет бойынша (44 арна) тегін, “Стандарт пакеті” (81 арна) – 1 мың, “Элит” пакеті (101 арна) 2 мың теңге аралығында. Ең бастысы, қазақ тілінде берілетін хабарлар басым, мәселен, мұнда балаларға арналған арнайы телеарна бар. “Орыс ағайындар көп ауылда тұрамыз. Балаларымның өз ана тілдерін білулеріне алаңдаймын. “Отау ТВ”-ға қосылғалы күмәнім сейілді. Қыздарым қазақшаға судай. Олар күні бойы қазақ тіліндегі мультфильмдер мен балғындарға арналған хабарларды тамашалайды”, – дейді Мамлют ауданының тұрғыны Әлия Сейітқұмарова.