«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПӘТЕР ҰРЛЫҒЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерлан МАХМЕТОВ,

СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері.

Бүгінгі күні қылмыстың 70 пайызын пәтер тонау құрайды. Олай болса, мұны алаңдатарлық жағдай деп түсінген жөн. Жуырда Мемлекеттік күзет қызметі бөлімі қызметкерлерінің Петропавл қаласындағы жекеменшік күзет агенттіктері жетекшілерімен болған кездесуде осы мәселе әңгіме өзегіне айналды.

Басқосуға төрағалық еткен облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Серік Ыдырысов пәтерлерде орын алатын ұрлыққа қарсы әрекет жасау және оның алдын алуға баса назар аударды. Ұрлықтың басым бөлігі күзетілетін нысандардан дабыл қабылдап-беру қызметін атқаратын 6 жекеменшік күзет ұйымы орналасқан облыс орталығында жасалатыны аталды.

– Барлығы пульттің көмегімен жүргізілетін орталықтандырылған бақылау жүйесі арқылы 3128 нысан күзетілетін болса, солардың 457-сі – қаладағы пәтерлер. Солардың бірінен дабыл қағылғанда жекеменшік күзет ұйымдары мобильдік топтарының 13 экипажы тиісті әрекет жасауға шығады, – деп баяндады СҚО ІІД-і Мемлекеттік күзет қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Амангелді Әбілғазин. Ол сондай-ақ өз сөзінде пәтер иелерінің жеке меншік күзет ұйымдарына не себепті бермейтіндігін тарифтің тым жоғары және үгіт-насихат жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігімен түсіндірді.

Күзетке алынған пәтерлер үшін базалық абоненттік төлем айына 2-2,5 мың теңге көлемінде, ал әлжуаз топтар мен зейнеткерлер үшін ол біршама төмен. Осы мәселені талқылау барысында жекеменшік күзет ұйымдарының өкілдері абоненттік төлемді азайтуды, осы мәселеге орай көрнекі үгіт материалдарын шығарып, оларды тұрғындарға полицияның учаскелік инспекторлары арқылы тарату жөнінде ұсыныс жасады.

Жалпы ұры-қарылардың қылмыстық әрекеттеріне есікке орнатылатын қоңыраудың әсер ететіні сондай, олар көп жағдайда күзетілетін пәтерге түсуден бас тартуға мәжбүр болып жатады. Пәтерге түскеннің өзінде олар өздерінің арам ойларын жүзеге асыра алмақ емес. Себебі, мобильдік топ қылмыс орнына 2-3 минут аралығында жетіп үлгереді.

Қандай да бір нысандарды күзетумен айналысатындардың бұл орайдағы мақсаты қылмыс жасалуын күту емес, керісінше, оның алдын алу болса керек. Міне, сондықтан да оны ұйымдастыратындардың алдында күзетке қажетті құрал-жабдықтарды техникалық жағынан барынша жарақтандыру және ұрлыққа жол беріле қалған жағдайда талапқа сай іс-әрекет жасау болып саналады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp