Семейде құлағы нашар еститін мүгедек спортшылар арасында шағын футболдан Қазақстан біріншілігі өтті. Спорттық шараға 16 команда қатысты.
Ең алдымен барлық құрамалар топтарға бөлініп, өзара сайысты. Өз тобында солтүстікқазақстандық былғары доп шеберлері Астана командасын 4:2, Қарағанды ойыншыларын 6:3, ал өскемендіктерді 4:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалда жерлес спортшылар алаң иелерінен 6:2 есебімен басым түссе, ақтық ойында қарағандылықтармен кездесті. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталғанымен, пенальтиде жерлестеріміз 3 гол соғып, жеңіске жетті.
Сайыс қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық Елнұр Юнусов біріншіліктің “Үздік ойыншысы” аталымын жеңіп алса, “Үздік жаттықтырушы” аталымына құрама бапкері Станислав Фоленвейдер лайық деп танылды.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы.