Әйелдердің маскүнемдігі жайында көпшілік айтарлықтай біле бермейді. Мәселен, ащы сумен дос болған әйелдердің саны ерлерге қарағанда әлдеқайда аз дейді. Бірақ бұл – қате.
Татьяна ЕВТУШЕНКО,
дәрігер-нарколог.
Шындығында, ерлердің ішімдікке салынуы бірден көзге түсіп қалады. Ал әйелдер болса мұндай жаман әдеттен ұялады, көп ретте ондай қылықтарын жасырып жүреді. Әсіресе, ет жақындарына білдірмеуге тырысады. Әйелдердің араққа салынуы әлдеқайда ұятты жағдай, бұл біздің қоғамда қалыптасқан қасаң ой.
Мұндай жолға түсуге түрлі жағдай себепші болады. Дер кезінде оның түбіне балта шаппаса, түбінде ішімдікке тәуелді болып, оған әбден үйреніп кету қаупі туындайды. Әдетте барлығы да кішкене мөлшерден басталады. Мәселен, әйел ұйықтай алмаса немесе жаны күйзеліп тұрса, ащы судан аздап ұрттап алады. Арада алты ай немесе бір жылдай уақыт өткенде әйел күнделікті ішіп жүрген “дәріден” бас тарта алмайтын жағдайға жетеді.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда әлі де саламатты өмір салтын ұстанып, бассейнге, фитнес-орталыққа бару деген ой барынша жүзеге аспай отыр.
Әйелдердің ішімдікке тәуелді болуының бірден-бір себебі, бізге бұрыннан аян. Мәселен, көп ретте әйел адам жұмыс сатысы бойынша алға басуының орнына бос уақытын бала тәрбиелеуге арнайды. Сонымен қырыққа аяқ басқан кезде ерлі-зайыптылар арасындағы арақатынаста айтарлықтай өзгерістер байқала бастайды. Олардың ортақ әңгімесі азайып, бір-біріне деген қызығушылықтары жоғалады. Мұндай көріністердің соңы көбіне шаңырақтың шайқалуына әкеліп соғады. Әрине, бұл кезде балалар ержетіп, өздері бөлек өмір сүреді. Ал жападан-жалғыз қалған әйел өзін ешкімге керегі жоқтай сезініп, соңында бұл қапастан шығудың бір амалын табады. Яғни, әйел өзі (кей кездерде құрбыларының ортасында) аздап ішімдік ішіп, көңіл күйін көтереді. Кейін бұл жағдай оған ұнап, жалғастыру жағдайын ойластырады. Сөйтіп, әйел жалғыз өзі, асүйде, сырт көзден жасырынып “ащы су” ішуді әдет қылып алады.
Тағы бір басқа жолы жақында пайда бола бастады. Бұл топқа жататындар ауқатты отбасылардағы әйелдер деуге болады. Яғни, оларда барлығы бар. Күйеу, бала, үй. Бірақ күйеу тек өз жұмысымен ғана айналысса, ал балалары мектепте немесе балабақшада уақыттарын өткізеді. Мұндай кезде әйел-ана үйде жалғыз қалады. Ол қымбат ішімдік ішіп, тіпті, есірткі пайдалануы да мүмкін. Әйелдің ішімдікке салынуының себептері мұнымен шектелмейді. Мәселен, әйел күйзеліске ұшыраған кезде ішіп кетуі мүмкін. Отбасы, жұмысы бар, бірақ, жан тыныштығы жоқ делік. Түрлі жаман ойлар тыныштық бермей, мазаны алады. Мәселені шешу үшін ол аздап спирттік ішімдіктен ішеді. Сонымен әрі қарай жалғасып кетеді. Ал ең қорқыныштысы – бүгінгі таңда сыраны жарнамалау. Бұл алкоголизмді дамытудың механизмі болып табылады. Сыраны қазір кез келген оқушы мен студент сатып ала алады. Себебі, ол арзан әрі қолжетімді. 14-18 жас аралығындағы балалар (қыздар да бар) бір күн ішінде сыраның бірнеше бөтелкесін іше алады. Сөйте тұра, оның салдары жайында ойлай да бермейді.
Ішімдікке тәуелді болудың үш түрі болады. Біріншіде, адам ішкен кезде тоқтай алмайды. Екінші кезең ел ішінде бас жазу қажеттілігі бойынша белгілі. Үшінші баспалдақта адам арақ ішпесе, өмірдің қызығын көре алмайтын жағдайға тап болады. Ол сынықты сылтау етіп қана қоймай, сондай себептерді өзі ойлап тауып алады. Міне, осындай кезеңге келген ішкіш адам маскүнемдікке салынып кетеді.
Әйелдер арасындағы алкоголизмді емдеу ерлерге қарағанда әлдеқайда қиын деген де ой бар. Иә, ішімдікке тәуелді болу екі жағдайда да бірдей болса, емдеу тәсілдеріне келгенде өзіндік бір ерекшеліктері бар. Бүгінгі таңда біздің мекемеде алкоголизмнен емделіп жатқан адамдар саны – 8 мың 182. Оның ішінде 1 мың 346-сы – әйел, он төрт жасқа дейінгі 4 бала және 15-17 жас аралығындағы 42 жасөспірім бар. Бұл 2013 жылғы қазан айының 1-іне дейінгі көрсеткіш (соның ішінде 210 адам аты-жөнін айтпай емделуде). Өткен жылы бұл көрсеткіш 9 мың 760 адамды құраған. Білікті мамандардың жоспарлы жұмыстарының арқасында көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді.
Әйелдерді бұл сырқаттан емдеудің арқасында жүйке жүйесі қалпына келтіріліп, оларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Бұл жолда кездесетін басты қиындық – ішімдікті өзі қоя алмайтын қыз-келіншектердің айналасындағы адамдардың алып-қашпа сөздерден қорқып, дәрігерге дер кезінде көрінбеуі. Осының салдарынан орталыққа ауру асқынған кезде бірақ келеді. Сондықтан да осындай жолдан өз бетінше шыға алмай жүрген нәзік жандарды көрсеңіздер, дәрігерге қаралуына көмектесіңіздер. Қамқорлық, қолдауды көрген кезде олар өмірдің мәнін түсініп, тезірек жазылуға ден қояды.
Алдын алу шарасын да жүргізуге болады. Бұл жерде ең бастысы білікті психолог, психотерапевт немесе психиатр сияқты мамандардың көмегі арқылы ғана тығырықтан шығу керектігін түсіну қажет.
Татьяна ЕВТУШЕНКО,
дәрігер-нарколог.