Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың тек үштен бірі ғана даярланатынына тоқталды. “Сонымен қатар, материалдық-техникалық база қанағаттанғысыз күйде қалуда, жатақханалар жетіспейді, өндірістік тәжірибесі бар білікті мамандар қатарына жататын оқытушыларға тапшылық бар. Жоғары білім беру жүйесінде де проблемалар бар секілді”, – деп атап өтті. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу мақсатында жоғарыда атап өтілген кемшіліктерді түзете білуіміз керек. Ол үшін жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.
Алма ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық Білім
басқармасының кәсіптік
білім және кадрларды
даярлау бөлімінің басшысы.
“Тек қана еңбекпен бақытты боласың”, – деді Елбасы өз сөзінде. Міне, осы қанатты сөздердің мән-мағынасын ұғына білген жастар мемлекет тарапынан жасалып жатқан бар мүмкіндікті мүлт жібермей, пайдалана білу керек. Осы орайда облысымыздағы жұмыс істеп жатқан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысы жайында айтып өткенді жөн санадық. Бүгінде олардың саны – отыз. Онда 15027 оқушы, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 9235 адам немесе 61,3 пайызы оқиды. Колледждерде әлеуметтік серіктестермен өзара қарым-қатынас бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Колледждер мен кәсіпорындар арасында жасалған 742 келісім мен шарт бар, соның ішінде 116-сы үшжақты және 626-сы екіжақты. 2013 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша 5744 адам, соның ішінде 1871 адам немесе 32,6 пайызы ақылы жұмыс орындарында өндірістік тәжірибеден өтті.
Жыл сайын облыс әкімдігінің қаулысымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс беріледі. Кадрларды даярлауға мемлекеттік білім тапсырыстарының өсімі сақталуда: 2012 жылы – 3336 оқушы, 2013 жылы – 3770 оқушы. Бірінші рет жастарды өндірістен қол үзбей оқыту (оқудың сырттай түрі) үшін 255 адам көлемінде мемлекеттік тапсырыс берілді.
Еңбек нарығының сұранысына байланысты мамандықтар шоғыры кеңеюде. Үстіміздегі жылы бірінші рет Петропавл қаласы құрылыс колледжінде “Жол-құрылыс көліктерін техникалық пайдалану (түрлері бойынша)” мамандығы “Кран машинисі” біліктілігі бойынша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс берілді.
2013 жылы 5070 білікті кадрлар даярланды, оның ішінде күндізгі оқу түрі бойынша 3963 адам оқыды, 1107 адам сырттай білім алды.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2822 адам немесе түлектердің жалпы санының 55,7 пайызы даярланды. Нақ осы тапсырыс бойынша биылғы түлектердің 2187 немесе 77,5 пайызы жұмысқа орналасты.
Үстіміздегі жылы колледждерде білім беру саласына 254 маман даярланды, соның ішінде “Дипломмен – ауылға!” бойынша 26 адам ауылдық мектептерге жұмысқа орналасты.
Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі облыс денсаулық сақтау орындарына 280 орта буын маман даярлады, оның 54-і – ауылдық жерде жұмысын жалғастыру бағыты бойынша.
2013 жылы облыстың үш колледжі Дүниежүзілік даму банкі есебінен қаржыландырылатын “Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту” жобасын іске асыру шеңберінде конкурсқа қатысып, 380 мың АҚШ долларын жеңіп алды. Олар: Петропавл құрылыс-экономикалық, Есіл ауданындағы Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылық, Тайынша агробизнес колледждері. Бұл оқу орындарына жоғары технологиялық қондырғылар мен техника әкелінді, 12 оқытушы алыс және жақын шетелдердің кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті.
2013 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарды күрделі жөндеуден өткізуге 95 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Айыртау ауыл шаруашылық колледжінің 150 орынға шақталған жатақханасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Новоишимка аграрлық-техникалық колледжінің шатырын жөндеу жұмыстарына енді басталды.
Сондай-ақ жеті колледж республикалық бюджеттен 175 млн. теңгеге оқу-материалдық базасын нығайту үшін арнайы техника, құрылғылар алды, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50 млн. теңгеге артық.
Елбасы съезде сөйлеген сөзінде: “Жастар – біздің алтын қорымыз! Жас қазақстандықтардың партия бағытын қолдауы, олардың Стратегия – 2050-ді жүзеге асыруға кеңінен атсалысуы зор тарихи және тұрақтандырушы маңызға ие. Мен партия съезі мінберінен барлық қазақстандық жастарға тағы да сөзімді арнағым келеді. Біздің елімізде жасалғандардың бәрі ең алдымен Сіздер үшін! Сіздер үшін Қазақстанда барлық есіктер ашық! Халықтың бірлігін сақтаңыздар! Біз үшін осындай Қазақстанды құрып жатқан ата-аналарымыздың, аға буынның еңбегін бағалаңыздар! Біздің Отанымыздың ұлы болашағы үшін қажырлылықпен және лайықты оқып, еңбек етіңіздер!” – деп атап өткен болатын. Президентіміздің осы сөздері баршамызға ой салып, жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру бағытында баршамыз бірлесіп, өзіндік бір үлес қосамыз дегенге сенімдімін.