«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ – ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗГЕ – 20 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттіліктің басты нышандарының бірі саналатын ұлттық валютамыз – теңгенің егемен елдің сенімді ақша-кредиттік саясатын жүзгізуші құралына айналып, қаржы айналымына енгеніне биыл 20 жыл толып отыр. Елбасының Жарлығы бойынша 1993 жылдың 15 қарашасында сағат 08.00-де ел аумағында енгізілген теңге тәуелсіз еліміздің тірегіндей болып, сын сәттерден сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін танытып келеді. 

Жомарт ҚАЖЫРАҚЫМОВ,  

Ұлттық банк облыстық филиалының директоры.

Қазақстан төл валютасын қиын да күрделі жағдайда дайындап, қабылдаған болатын. Сол кезеңде ұлттық валютаны енгізуден бұрын экономикалық байланыстардың үзілуі, ортақ инфрақұрылымдардың бұзылуы үрей тудырды. Сондықтан саясаткерлердің қандай да бір қате қадамы, күрт шешімі тұрақсыздыққа ұрындырар еді. Ел басшылығының кәсіби мамандарға арқа сүйеген жұмысы үлкен жетістікке ие болды. 90-жылдардың басында құрылған жүйе соңғы екі онжылдықтағы сынақтардан сүрінбей өтуге, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруге ықпалдасты.

Қазақстанның тәуелсіз қаржы жүйесі 1990 жылдың желтоқсанында “Қазақ КСР-індегі банктер және банк қызметі туралы” Заңы қабылданған уақыттан бастау алып, қалыптаса бастады. Бұл заңның қабылдануы сол уақытта аса қажетті қадам болатын. Өйткені, бір жағынан нарықтық бағам айқындалып, жоспарлы шаруашылықтан нарыққа ауысу жоспарланса, екінші жағынан банк жүйесі жоспарлы шаруашылықтың бұрынғы құрылымы болып қалды. Ал банктер және банк қызметі туралы заң банк жүйесін қайта құрылымдайтын заң базасының негізі болды.  

1993 жылы ұлттық валютаны енгізуде жүйелі әрі маңызды жұмыс қолға алынып, қаржы жүйесінің қаңқасы құрыла бастады. Ұлттық банктің қызметі нақтыланып, екінші деңгейлі банктермен қарым-қатынасының принциптері нақтыланды. Барлық жұмыс экономиканың бүкіл саласын қамтитын өзгерістер аясында жүргізілді.

Бұрынғы Кеңес Одағы елдері өздерінің ақша бірліктерін енгізуі республикаға бұрынғы үлгідегі ақшаның бақылаусыз ығысуына әкеліп соқтырды. 1993 жылы 1 доллар 990 сомды құрады. Бірнеше мемлекет аумағында ақша айналымын бақылау ережелерінің болмауы қазан айының аяғында ақша жүйесінде тәртіпсіздік туғызып, инфляцияны жеделдетіп, халықтың өмір сүру деңгейін төмендетті. Мұның барлығы әлеуметтік және қаржылық күйреуге әкеліп соқтырды. Әрі Ресей 1961-1992 жылдардағы ақша үлгісіне ауысуға дайындалып, мұны біржақты тәртіпте жасады. Осыған байланысты өзіміздің валютаны енгізу мәселесін жедел шешу қажет болды. Осылайша ұлттық валютаны енгізудегі басты мақсат бұрынғы КСРО елдерімен қарым-қатынасты үзу емес, тұтыну нарығын, ел экономикасын жаппай күйреуден сақтау еді. Қазақстанның Кеңес Одағының рубльдік аймағынан соңғы шығуының себебі де осы. Алайда, ұлттық валютаны енгізу Қазақстанның экономикалық егемендігін қамтамасыз етіп, қаржы нарығын құруда саясатты өздігінен жүргізуге жағдай жасады.

1993 жылдың ортасында ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы шешім қабылданды. Оның төрағасы болып Премьер-Министр Сергей Терещенко тағайындалды. Құжаттарды әзірлеумен Дәулет Сембаевтың басшылығымен құрылған жұмыс тобы, ал ұлттық валютаны әзірлеу жұмысымен Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалимов сынды жоғары кәсіби дизайнерлерден құралған арнайы топ айналысты. Барлық жұмыс Елбасының бақылауында болды.

Жұмыс барысында елдің мәдени дамуының тарихи аспектілері зерттеліп, талқылау барысында валютаны “теңге” деп атау туралы идея туды. Ақшаны ауыстыру дайындығы кезінде Ұлттық банк үшін жауапты әрі маңызды кезең – банкноттың сыртқы түрін таңдау және теңге мен тиынның номиналды құрамын және сандық ретін айқындау болды. Ұлттық валютаның сыртқы бейнесі алғашқы рет қалыптасып жатқандықтан, оның көркем безендірілуі жағынан келісімді болуы, сондай-ақ қолдан жасаудан қорғаудың қажетті деңгейімен қамтамасыз ету міндеті тұрды.

Теңгенің алғашқы банкноттарында қазақ халқының мемлекеттік өміріне, мәдениетіне және ғылымына өшпес із қалдырған тарихтың әр кезеңіндегі ойшылдар бейнеленді. Барлық жұмыс қысқа мерзімнің ішінде атқарылды.

Ұлттық валютаның алғашқы топтамасы Англияда “Харрисон және оның ұлдары” ағылшын компаниясында шығарылды. Қазақстанда басу фабрикасы 1995 жылы ғана ашылған болатын. Осылайша Қазақстан өздігінен ақша-кредиттік және экономикалық саясатын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Еліміздің қаржы жүйесінде маңызды шешімдер аз болмағанымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валютаны енгізу туралы шешімі егемен елдің тарихында жаңа бетбұрыс болды.

Теңгенің айналымға шығуына барлығы даяр болғаннан кейін ұлттық валютаға көшудің тетігін ойластыру ғана қалды. Бұл мақсатқа ресми түрде мемлекеттік комиссия құрылды. Қандай көлемде, қандай бағам бойынша және қалай айырбас жасалатыны шешілді. Сол кездері халық шаруашылығы сұранысын қолда бар ақшамен қамтамасыз етуде қиын-қыстау кезең қалыптасты. Ұлттық мемлекеттік банк қызметкерлері үшін ғана емес, өңірлердегі барлық билік өкілдеріне де оңай тимеді. Ұлттық банк жергілікті билікпен бірлесе отырып, тиісті шараларды қолға алды.

1993 жылдың 13 қарашасында теледидар арқылы кешкі жаңалықтардан ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаның енгізілгені жайында хабарлап, Ұлттық банк төрағасы ақшаны ауыстыру тәртібі және барлық техникалық мәселелерді түсіндірді. Бұл күні баспасөз беттерінде де Елбасының Жарлықтары, валютаны ауыстыру туралы ережелер жарияланып, теңгенің суреті басылып шығарылды. Ескі ақшаны жаңа теңгеге ауыстыру 15 қараша күні сағат 8-де басталып, 20 қарашада сағат 18-де сәтті аяқталды. Алғашқы бағам 1 долларға 4,75 теңге болып бекітіліп, ал әр теңге 500 кеңес сомына ауыстырылды. Нәтижесінде Қазақстан бойынша 1961-1962 жылдардағы сом банкноттардың 950,6 миллиард сомы тәркіленді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 362 мың адамнан 19,6 миллиард теңгенің ескі сомы ауыстырылды. Бұл екі ауысым бойынша істелген ауқымды да қиын жұмыс болатын.

Банк жүйесі республиканың тәуелсіздік жылдарында экономикамен бірге дамыды. Оның даму уақытын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Алғашқы кезең – теңгеміз айналымға енген 1993 жылдың қарашасынан бастап, 1999 жылға дейінгі аралық. Қаржы жүйесінің қалыптасуы 1994 жылы басталды. Бұл жылы долларға шаққандағы теңге бағамының құлдырауы тоқтатылып, инфляция алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. 1995 жылдың соңында инфляцияны 58 пайызға дейін төмендетіп, бұл үрдісті жыл сайын бірқалыпта ұстап тұруға қол жеткіздік. Сол себепті бұл кезеңді инфляцияның төмендеп, екі деңгейлі банк жүйесін құру кезеңі деп атауға болады.

1993-1994 жылдары коммерциялық банктердің саны 150-ден асты. Олардың дені қаржыға мұқтаж болатын. Сол себепті ендігі кезекте банк секторын оңалту міндеті тұрды. Елбасының “ҚР Ұлттық банкі туралы” Жарлығы бойынша банк қызметін реттеу өкілеттілігіне ие болған Ұлттық банк 1995 жылы аталған мәселені шешуге кірісті. Сол кездері қайта құрылымдалған банк жүйесі бүгінде әлемдік дағдарыс кезеңін еңсеріп, кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте тұрақты жүйелердің бірі болып отыр. Ұлттық банк бар күшін инфляцияны төмендету міндетіне және ұлттық валютаның тұрақтылығына қол жеткізуге бағыттады. Аталмыш іс-әрекеттің нәтижесінде 1993-1995 жылдары инфляция 60 пайызға дейін төмендеді.

1997 жылы зейнетақы жинақтау жүйесінің құрылуы маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, 1998-1999 жылдардағы ресейлік қаржы дағдарысы біздің жас ұлттық валютамыздың беріктігіне сын болды. Осы жылдары теңге қатаң девальвациялық қысымға ұшырады, айталық, 1999 жылғы инфляция 17,8 пайызға дейін өсті. Бұл ақша-кредит саясатында өте қауіпті жағдай тудырды. Теңгенің бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру үшін 1999 жылдың сәуір айында теңге бағамы ырықтандырылды. Келесі жылы Ұлттық банк Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) алдындағы 390,5 миллион доллар көлеміндегі барлық міндеттемесін уақытынан бұрын өтеді. Ұлттық банктің сыртқы қарызының болмауы ел рейтингісінің өсуіне ықпал етті. Ұлттық банк және мемлекет ХВҚ-мен өзара қарым-қатынастың жаңа деңгейіне көтеріліп, басқа да халықаралық ұйымдармен де қарым-қатынасы жақсара түсті.

2000-2007 жылдар аралығын қаржы жүйесінің қарқынды даму кезеңі мен экономикамыздың буырқана дамуы деп атауға да болады. 2000 жылдан бастап әлемдік қаржы нарықтарының тұрақтануы, әлемдік тауар нарығындағы баға жағдаяты, әлем экономикасының жандануы Қазақстанның макроэкономикасына оң ықпал етті. Осы кезеңде инфляция тұрақты деңгейде (6,4-8,4 пайыз) сақталды, орташа жылдық ішкі жалпы өнім өсімі 10 пайыздан асып түсті. Баға тұрақтылығына қол жеткізу өндіріске оң әсерін тигізді.

Елбасының Жарлығына сәйкес экономиканы тұрақтандыруды арттыру мақсатында 2000 жылдың 23 тамызында ТМД кеңістігінде алғаш рет болашақ ұрпақ қоры – Ұлттық қор құрылды. Ол тұрақтандыру және жинақтау сияқты маңызды екі қызметті атқарды. 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде аталмыш қор тұрақтандыру қызметін ойдағыдай атқаруының арқасында еліміздің дағдарыс кезеңін еңсеруіне ықпал етті.

2007 жылдан басталатын үшінші кезең әлемдік қаржы дағдарысы және дағдарыстан кейінгі уақытты қамтиды. 2007 жылдың басында АҚШ-тың ипотекалық қарыз нарығында орын алған дағдарыс еліміздегі инфляциялық қысымның өсуін және қазақстандық банкілердің өтемпаздығының жетіспеушілігін тудырды. Өтемпаздықты сақтауда қабылданған тиісті шаралар банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Алайда, 2007 жылдың болжамды инфляциялық межелері сақталған жоқ, орташа жылдық инфляция 10,8 пайызды құрады. Ал 2007-2009 жылдарға арналған ақша-несие саясатының басты бағытымен анықталған болжам дәлізі 8,2-9,2 пайызды құрады.

Қаржы жүйесін және экономиканы тұрақтандыру мақсатында 2009-2010 жылдарға арналған Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау жөніндегі агенттіктің бірлескен іс-қимыл жоспары жасалды. Осы жоспарды жүзеге асыру аясында Ұлттық қордан 10 миллиард теңге бөлінді. Осы шаралардың арқасында жұмыссыздықтың өсуіне және экономиканың құлдырауына жол берілмеді.

Ұлттық банк іс жүзінде озық технологияларды қолдана отырып, ақша белгілерін қолдан жасаудан қорғауды жетілдіру жөніндегі жұмысты тұрақты жүргізіп келеді. Бүгінде теңге экономикасы дамыған әлем валюталары үлгілерімен бір қатарда, тіпті, кейбір өлшемдері жағынан басым түседі. 2007 жылы Бангкок қаласында өткен валюта конференциясында ҚР Ұлттық банкінің номиналы 10000 теңгесіне 1-орын берілсе, әр жылдары өткізілген түрлі деңгейдегі байқауларда “Ғарыш” монетасы, “Диадема қалдығы”, “Шыңғыс хан” ескерткіш күміс монеталары үздік деп танылды. Ал 2011 жылы Берлинде (Германия) өткен көрмеде “Аттила” күміс монетасы “Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета” аталымында “Жылдың ең үздік монетасы” наградасына ие болды. 2012 жылы Халықаралық банкнот қауымдастығының байқауында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 мың теңгелік ескерткіш банкнот ақша белгісінің дизайні және оның идеологиясы, сондай-ақ техникалық орындалуы мен қорғаныштығы бойынша “2011 жылдың ең үздік банкноты” болып танылды.

Қазақстанның банк жүйесі банк қызметінің негізгі халықаралық стандарттарына сай. Елімізде ТМД елдеріне ұқсамайтын зейнетақы жүйесі мен дамыған инфрақұрылымы бар қаржы нарығы жұмыс істеп, қаржы жүйесіне озат ақпараттық технологиялар енгізілуде.

Өткен жиырма жыл ішінде Қазақстан қаржы секторының барлық буындарында құрылымдық реформаны жүзеге асырды және заң базасын құрды. Бүгінде республика бойынша екінші деңгейлі 38 банк жұмыс істеуде. Солтүстік Қазақстан облысындағы банк секторында екінші деңгейлі банктердің 18 филиалы және 62 құрылымдық бөлімшесі бар. Сонымен қатар, 129 ақша айырбастау пункті, 272 банкомат, 1083 pos-терминал бар.

Ұлттық валютамыз – теңге қолданысқа енген осы жылдар ішінде Ұлттық банктің статистикасы бойынша кредиттік салымдар 0,4-тен 98,9 миллиард теңгеге дейін артты. Соңғы жылдардағы өсім қарқыны 10 пайыздан артық. Өңірімізде экономиканың нақты секторына және тұрғындарға тұтыну кредиттері түрінде берілген қаржы биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда 18,5 пайызға артқан. 2013 жылдың 9 айы ішінде берілген несие 78,7 миллиард теңгеге дейін артты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 66,4 миллиард теңге болатын. Жалпы несиелеудің ішінде тұтыну несиелеріне – 23,1 миллиард теңге, ипотекалық несиеге – 5,4 миллиард теңге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға 15,0 миллиард теңге берілді.

Депозиттік базаның жыл сайын артуы – тұрғындардың банк жүйесіне сенімінің басты айғағы. 20 жылдың ішінде депозиттік база 0,04 миллиард теңгеден 58,7 миллиард теңгеге дейін өсті. Олардың 97,6 пайызы – тұрғындардың салымы.

Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің 20 жылдық айналымда болуы оның еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін тарихи мәнін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Ұлттық банк нарықтық экономиканың талаптарын қамтамасыз ету бағытындағы мақсатты шараларды жүзеге асыру жұмысын жалғастыра бермек.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp