9-31 қазан аралығында Петропавл қаласы мен 13 ауданның орталығында egov.kz – “Электрондық үкіметтің” порталымен жұмыс істеу жөнінде оқыту семинары өтті.
Жаттықтырушылар аудан мен қала тұрғындарына электрондық сандық қолтаңба, сол арқылы мемлекеттік электрондық қызмет алу жайын түсіндірді. Тегін сабақтар 3 сағатқа созылып, осы уақыт аралығында тыңдаушылар теориялық және практикалық білім алды. Сондай-ақ порталдан түрлі қызметтерді табуды, салық, айыппұлдарды, коммуналдық қызметтерді төлеу, қажетті ақпаратты алу жолдарын үйретті. Қазақстанның “Электрондық үкіметі” 191 түрлі қызмет көрсетеді. Оның ішінде тек электрондық үлгіде ғана көрсетілетін мекенжай және жылжымайтын мүлік жөніндегі анықтама алу бар. Портал арқылы санаулы минуттардың ішінде баланы балабақша кезегіне қойып, АХАЖ-ға өтінім беруге болды. Сондай-ақ бизнесті бір күнде тіркеуге болады.
Курс аяқталғаннан кейін бағдарламадан өткен қатысушыларға куәлік тапсырылды. 2011-2012 жылдары “Электрондық үкіметтің” порталымен жұмыс істеу жөніндегі оқыту курсынан 13 мың 950 солтүстікқазақстандық өтті. Үстіміздегі жылы 7 мың 600 адам оқыды.
Бағдарлама аясында компания ұжымдары кеңселеріне барып, корпоративтік оқыту өткізу қарастырылды. Сондай-ақ семинар жөнінде ақпаратты Бірыңғай байланыс-орталығы 1414 нөміріне хабарласып, білуге болады (ұялы және стационарлық телефоннан хабарласу тегін).
Тренинг ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп өткізілді.
Аталмыш курстарды келер жылы да өткізу жоспарланған.
(Ресми ақпарат).