«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЙТСЕМ ӘДЕМІ КӨРІНЕМ?” Қыз-келіншектердің көкейлеріндегі сауал осы …

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдемі көріну әркімге ұнайды. Тіпті, бұл барлық қыз-келіншектердің арманы десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен де, табиғи ажарына көңілі толмайтын кейбір бойжеткендер жасандылыққа тым үйір боп кеткен сияқты. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазір жасанды сұлулық таңсық емес. Қалтаңда ақшаң болса, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде кірпікті ұзартып, қасты жаңартып, тіпті, ерінді де өзгертіп алуға болады. Міне, осындай “жаңартудан” кейін әдемі қыздың өзі қуыршақтай сұлу болып шыға келеді. Қалай таңғалмасқа?! Бір сөзбен айтқанда – тамаша.  

Бірақ “Айдың да дағы бар” дегендей, бұл әдеміліктің тамырын басып көрсек, талай-талай таңғалатын жаңалықтарды да білуге болады. Мәселен, кірпікті қайта-қайта өсіре берсе, түптің-түбінде ол мүлдем түсіп қалуы да мүмкін. Ал оны қайта қалпына келтіріп, “емдеу” үшін кететін уақыт та аз емес. Кірпік дейміз-ау, жасанды қастың да жайы осындай. Көз алдыңызға мынадай көріністі елестетіп көріңіз. Қиылған қас салғызу үшін бұрынғы табиғи қастың орнын тазалап, сызып, кейін түрлі химиялық қосындыларды қолдана отыра, Сізге қажеттісін жасап береді. Мұның барлығы сәтті өтсе, жолыңыздың болғаны. Ал егер қажетті нұсқаулар орындалмаса, ондай жағдайда түрлі тері ауруына шалдығуыңыз да мүмкін. Ақ халаттылардың кеңесіне сүйенер болсақ, жасанды қас, тырнақ салғызып алу үшін, ең алдымен, медициналық тексеруден өтіп, содан кейін ғана шешім қабылдау керек. Бір қарағанда, бұл оп-оңай. Бірақ осының өзіне ерініп, тура жолды таңдайтындар аз емес. Ол – үлкен қателік. Бұл жерде ең бастысы сұлулық емес, таразы басында денсаулық тұрғанын естен шығармау керек. Осылай жасанды сұлулыққа мәз-мейрам болып жүргенде табиғат берген әдемілікті жоғалтып алмасақ болғаны.

Өзі де әдемі қыздардың жасанды сұлулыққа неге сонша жаны әуес келетінін түсіну оңай емес. Мүмкін, айналадағыларға әдемі көріну үшін шығар. Бірақ олар мұндай сұлулықты қалар ма екен? Ендігі кезекте осы жайында сөз қозғап, әр жастағы адамдардың пікірін тыңдап көрейік.

Айзат Қосымбаева,

зейнеткер:

– Біз жас кезімізде бояну дегенді білмейтінбіз. Ал қазір, тіпті, қолдан сұлулық жасап алу да мүмкін болыпты. Меніңше, бұл дұрыс емес сияқты. Әр адам өзінің табиғи сұлулығын қанағат тұтса, игі. Жалпы адамның жаны сұлу болса болды ғой.

Дәулет Бірімжанов,

студент:

– Қыздар кірпіктерін ұзартса, қастарын бояса, әдемі боламыз деп ойлайды. Әрине, мұның бәрінде бір шектеу болып жатса құба-құп. Бірақ кейде артық кетіп жататын кездер де болады. Осындай сәтте олар құдды бір дүкендегі қуыршаққа ұқсап кетеді. Сұлулығымен қатар, жаны да жасанды ма деп қаласың… Қыздардың бойында инабаттылық, ұяңдық болса, олар боянусыз-ақ әдемі болып көрінеді.

Дана Құсенова,

жас ана:

– Әдемілік адамның ішкі дүниесімен үйлесіп тұрса жеткілікті. Тым асыра сілтеудің қажеті жоқ. Кескінді мұндай жолмен әдемілеу біреуге жарасса, біреуге жараса бермейді. Сондықтан да осы жағын да ескерген жөн.

Иә, әдеміліктің де өз өлшемі бар екенін естен шығармау керек. Қалай болғанда да, сұлулық пен жылылық кескінде емес, жанымызда болса жақсы емес пе?!

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp