«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ МҰРАЖАЙДАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданының Дубровное ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Сергей Гуденко атындағы орта мектептің бір мақтанышы – осындағы тарихи-өлкетану мұражайы. Ол мектептің бірінші қабатында орналасқан. Оған осы мұражайдың қалыптасуына өзінің оқушы кезінен бастап атсалысқан география пәнінің мұғалімі Татьяна Безгина жетекшілік етеді.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Мұражай жалғыз мектеп жәдігерлерінен ғана тұрмайды, бүкіл ауыл тарихынан сыр шертеді. Ол Ресейдің отарлау саясатына байланысты қазақ даласының қасірет белдеуінде 1850 жылы іргетасын көтерген. Содан басталатын ауыл тарихы одан кейінгі өткен азамат соғысы, ұжымдастыру, Отан соғысы, тың игеру және бертінгі бейбіт өмір кезеңдері оқиғаларымен жалғаса отырып, мұражайда көрініс тапқан. Сондай-ақ ауылдықтардың қол жеткізген жетістіктері, еңбек ардагерлері туралы, ауылдан шыққан белгілі азаматтар жайлы мағлұматтар алуға болады.

– Ауылдың басынан өткен оқиғалар жайында жеке-жеке тақырыптық стенділеріміз сыр шертеді. Ауылдың көнекөз қарияларының ескі отбасылық жиған-тергендерінен әскери редут ретінде құрылған қоныс-жайдың алғашқы ұйымдастырушыларының суреттері мен ұстаған заттарын тауып, арнайы бөлімге топтадық. Одан кейін азамат соғысының жәдігерлеріне орын берілген. Бұл жерден Колчак әскері өтіп, Қызыл армиямен ұрыс салғандықтан, жиналған ескі қару-жарақ көп. Оларды мектеп оқушыларының өздері іздестіріп тапты. Ал одан соңғы ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы және Тың игеру жылдарының жәдігерлерін жинастыру жеңілірек түсті. Өйткені, олардың көбісі ауыл тұрғындарының өз ауласынан табылды. Сырттан әкеліп қосылғаны – Ұлы Отан соғысында оқ тескен жауынгер каскасы ғана. Оны біздің ізкесуші оқушыларымыз Украинаға барып, Батыр жерлесіміз Сергей Гуденко қаза тапқан жердегі окоптардың бірінен тауып әкелді, – дейді Татьяна Александровна.

Мұражайдың ауыл өміріндегі мән-маңызы ерекше. Оқушылар ондағы жәдігерлер бойынша өлкетану жөнінде ғылыми жобалық жұмыстар жазып, туған жер туралы танымдарын кеңейте түсуде.

Бұрнағы жылы аудандық Білім бөлімі арқылы бюджет қаржысы бөлініп, мектеп мұражайына жаңа жиһаз сатып алынған. Олар ондағы жәдігерлердің кезең-кезеңге бөлінген тақырыптық жүйеде жайғастырылуына жағдай жасады. Сөйтіп, жәдігерлері мектеп оқушыларын өлке тануға баулитын бұл мұражай бүкіл ауыл тұрғындары игілігін көріп отырған мәдени орталыққа айналған.

СУРЕТТЕ: мұражай жетекшісі Татьяна Безгина.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp