Ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген өнерпаздарымыз республикалық конкурстардан жүлдемен оралды. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров республикалық дирижерлер сайысында 2-ші орынға ие болды. Облыстық филармонияның “Әлқисса” фольклорлық-этнографиялық ансамблінің де бағы жанды: ұжым “Шабыт” халықаралық фестивалінде үздік үштіктің қатарына енді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жерлесіміз Қайырлы Ғафуров тұңғыш рет жүлдеге ие болып отырған жоқ. Десек те, Атырауда өткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сейілхан Құсайынов атындағы дирижерлер байқауы өзгелерінен ерекше. Өйткені бұл байқау елімізде алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Төрт облыстан сегіз үміткер қатысқан додада Қайырлының өнері жоғары бағаланды. “Бұл сында кәсіби шеберлікке көп көңіл бөлінді. Қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов төрағалық етті. 2 кезеңдік байқауда алуан түрлі шығармалар ойналды. Бұл жерде оркестр берілген туындыны ғана емес, сонымен бірге шертпе күй орындады. Кейін көлемді, вокальдық шығармалармен қоса шетелдік композиторлардың туындыларын әуелеттік”, – дейді өнерпаз.
Ал жыл сайын өткізілетін талантты жастардың халықаралық “Шабыт” фестивалі осымен 16-шы рет өткізілді. “Әлқисса” фольклорлық ансамблі мұнда “Халық музыкасы” аталымы бойынша бірнеше туындыны шебер орындап, ІІ дәрежелі лауреат атанған. Ансамбльдің құрамында 40 өнерпаз қызмет етеді. Олар домбыра, шертер, қобыздың бірнеше түрі, саз-сырнай, жетіген, дабыл сияқты ұлттық халық аспаптарында ойнайды. Жақында Мәскеуден арнайы тапсырыспен жасалған домра-альт пен домра-прима аспаптары келген. Ансамбль мүшесі Руслан Асылхан: “Халық музыкасы” аталымы бойынша 8 ансамбль қатысты. Солардың ішінен біз 2-ші орынды қанжығамызға байладық. Біздің аталымда 7-еуі – Қазақстаннан, 1-еуі – Татарстаннан. Қатысқан ұжымдардың деңгейлері жақсы”, – деді .
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.