«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Виктор ЛАДУНСКИЙ: “ЕҢБЕКАҚЫЛАРЫ ЖАҚСЫ БОЛҒАНДЫҚТАН, ЖҰМЫСШЫЛАР ӨЗ МІНДЕТТЕРІН АДАЛ АТҚАРАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылында орналасқан “Магзум и Миллениум” фермерлік шаруашылығы егін және қара мал өсіреді. Бұл салада әжептәуір тәжірибесі бар ФШ-ның жұмысымен танысуды жөн санап, оның басшысы Виктор Ладунскиймен кездестік. 

– Виктор Адольфович, бұл кәсібіңізді қалай бастап едіңіз?

– 1991 жылы фермер болдым. Сол жылдары 100 тонна ет өткізіп, оны тек 36 мың теңгеге бағалағанда көңілім қалып, қолымды бір-ақ сілтедім. Кейін осы салаға оралғанда барлығын қайтадан бастауға тура келді. Бұл жолы жұмысым жоспардағыдай жүруде. Бір түсінгенім, рухыңды түсірмеу керек екен. Аздаған қиыншылыққа төтеп беріп, алға жылжу жеңіске жетелеп, оның жемісін көрсетеді. Жер алып, мал өсірдік. Ал қазір осы екі саланы кеңейтудемін. Бүгінгі таңда 1000 гектар жеріміз бар. 20 бас қазақтың ақбас сиырының санын 186-ға жеткіздік.

– Бұл саладан қол үзе алмағаныңызға қарағанда, жаныңызға жақын болғаны ғой.  

– Кезінде “Арықбалық” кеңшарында жұмыс істеп, директордың жүргізушісі болдым. Сол кездегі кеңшар директорлары өз ісінің білгірлері еді. Жандарында жүріп, айтқандарын естіп, жұмыстарын көрдім. Егіншілікті және мал шаруашылығын таңдауыма сол кісілерден үйренгенім түрткі болды.

– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Бүгінде ФШ-да 15 кісі жұмыс істейді. Бізде орташа еңбекақы мөлшері 80 мың теңге шамасында.

– Астық пен етті қайда өткізесіз?

– Астық сақтайтын орынды жыл сайын ішін ақтап, таза ұстаймыз. Сол себепті біздің астығымыз таза әрі құрғақ. Осының арқасында клиент іздемейміз. Астығымыздың сапалы екенін білетіндер өздері іздеп келеді. Ал етті Көкшетау, Астана қалаларына жөнелтеміз. Қазір біз етті ірі көлемде өндіріп жатқан жоқпыз. Сол себепті етті өткізіп тұратындай тұрақты орын іздемедік. Алдағы уақытта бұл жағын ойластыратын боламыз.

– Яғни, шаруашылықты кеңейтпексіз ғой?

– Иә. Осы үшін құрылыс жұмыстарын жүргіздік. ФШ-ның кеңсесін, 200 басқа арналған мал қорасын салдық. Алдағы уақытта ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашқымыз келеді. Бүгінгі таңда ауданда мұндай кәсіпорын жоқтың қасы. Сондай-ақ өзіміздің азық цехын ашуды жоспарлап отырмыз. Жыл сайын 300-400 тонна ірі азық әзірлейміз.

– Егіншілікте мол өнім алудың басты амалы қандай?

– Алқапқа минералды тыңайтқыштарды сіңіріп, қар тоқтатып, егіс науқанын уақытында және сапалы аяқтау қажет. Сондай-ақ жаз бойы күннің райына қарап отырмай, егінді күтіп-баптаған жөн. Ал орақ науқанында егінді шашау шығармай жинап алу – маңызды жұмыс. Егін өсіріп отырғандардың дені осы жұмыстардан тұтылады. Егер егіншілікпен айналысып, оның пайдасын көргің келсе, осының барлығына үлгеруің керек. Олай болмаған жағдайда ешқандай пайда да болмайды, жемісін де көрмейсің.

– Өткен жылы және биыл қанша астық жинадыңыздар?

– Былтыр егін өнімділігі 25 центнерден айналса, биыл – 16 центнерден. Әр жылдың өз ерекшелігіне қарай жақсы өнім алдық қой деп ойлаймын. Өткен жылы астықты жоғары бағаға өткізіп, техника паркін жаңарттық. Биыл да астығымыз жақсы бағаға өтер деген сенімдемін.

– Қажетті техникамен қамтылғансыздар ма?

– Техника паркінде 3 жаңа комбайн, “КамАЗ”, “Киров” зауытының 3 тракторы, 4 “МТЗ” бар. 5-7 жыл бұрын алынған техникалар да жақсы жұмыс істеп тұр. Себебі, механизаторлар күтіп ұстайды. Еңбекақылары жақсы болғандықтан, жұмысшылар да өз міндеттерін адал атқаруға тырысады. Қолдан кран істеп, құрылысқа пайдаландық. Фермерлік шаруашылықта істейтін азаматтардың қолдары шебер. Барды күтіп ұстап, жоқтан қажетті құрылғыны жасайды. Сол себепті өзім де жұмыс істейтіндердің біліктілігін жоғары бағалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp