Әлем жолдарында күн сайын 3400 адам мерт болады. Олар осындай жағдайға жаяу немесе велосипедпен я болмаса автокөлікпен келе жатып душар болады. Біздің елімізде жыл сайын 3000 адам жол апаты салдарынан көз жұмып, 17 мың адам түрлі дене жарақаттарын алады. Облысымызда үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде 304 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қайғылы қазаға ұшырағандар саны – 42, жарақат алғандар – 382 адам.
2005 жылдың 26 қазанында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы өзінің қарарында әлемнің барлық елдерін жол-көлік оқиғаларын еске алудың Бүкілдүниежүзілік күні ретінде қараша айының үшінші жексенбісін белгілеген болатын.
Солтүстік Қазақстан облыстық әкімшілік полициясы осыған орай барлық жүргізушілерге үстіміздегі жылғы 17 қарашада қолдау көрсету ретінде жергілікті сағат 12-де жақын жарықты жаға, соған қоса дыбыс беретін сигналды баса отырып, жол-көлік оқиғасынан қаза болғандарды және жапа шеккендерді еске алуға шақырады.
СҚО ІІД-нің Әкімшілік полиция басқармасы.