Қаздың еті – жеңіл қорытылатын дәмді тағам, майы – емге дәру, мамығы – жастық, қанаты – сыпырғыш. Ең бастысы – қаз етін нарыққа шығарған кезде ол басқа үй құстарымен салыстырғанда қымбатқа сатылады. Ал қаз өсіріп, табыс табуға ниеттенетіндердің қатары қалың болғанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Чистое” аталатын көлдің үстінде топтасқан үй қаздары су бетінде жылжиды. Күннің таңғы шуағына шағылысқан айдын көлде жүзген аппақ қаздар тылсым табиғатпен үндесіп, айналаға әсем бір көрініс беретіндей. Қанаттылар көлдің өз мекені екенін сезе ме, жақын тұрған біздерге аса мән берер емес. Ал олар көл жиегіне шыққан кезде бір адым жақындай түсіп едік, бірі бастап, басқалары қостап, қаңқылдай ала жөнелгенде не істерімізді білмей, қасымызда тұрған Константин Николаевичке қарадық.
Константин Гурьянов – осы көлдегі бір мыңға жуық қаздың иесі, яғни құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер. Оның бала күннен құс өсірудің мәнісін үйренгендігі шығар, бүгінде ол – бұл салада өз ісін дөңгелетіп отырған жан.
– Бірде округ әкімдігінен келген кісі кәсіпкерлікке жол ашқысы келетін тұрғындарға мемлекеттің қаржылай көмегі бар екендігін жеткізді. Оның аныққанығын біліп, несие қарызының сомасы мен жылдық сыйақы мөлшерлемесі, қайтару мерзімі мен талаптары көңілден шыққан соң, “Ауыл шаруашылығын қолдау қорының” облыстық филиалына барып, жинаған құжаттарымды тапсырып, аз уақыттың ішінде қаржылы болдым, – дейді жас кәсіпкер.
Константин Николаевич осыдан екі жыл бұрын отын жинап, оларды сатып, табыс тапқанын, ал бүгінде өзіне ұнайтын істің құлағын ұстап отырғанын жеткізді. Құс өсіруді ол былтырдан бастап қолға алған. Өткен жылы өз қаржысына алынған 400 бас балапанды өсіріп, сатып, бизнестің дәмін татып көріпті. Ал биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы алған 1 миллион теңге қаржыға мың бас қаздың балапанын сатып алып, енді олардан табыс табар күнді көкжиектен көре бастады.
– Ауыл тұрғыны болған соң, құс өсірудің маған ауыртпалығы жоқ. Оны үстіне бұл кәсіп – өзіме ұнайтын шаруа. Қазды құстардың ішіндегі ең қасиеттісі деп білемін. Оның тағам ретіндегі артықшылықтарын айтпағанның өзінде, қазды өсірген кезде аз шығын шығарып, мол пайда беретін жақтары тағы бар. Бұл – таза құс. Оның тіршілік әдеттері басқа құстарға қарағанда ерекшеленеді. Оның осындай қасиеттерін білгендіктен шығар, бұл қанаттыны өсіруге бел будым. Бастаманың көңіліңе жағуын табысқа жетудің бір жолы деп білемін, – дейді.
Былтыр Константин Николаевич өңірімізде кеңінен таралған қаздың италиялық тұқымын өсіріп, ондағы бизнесінен көңіл көншітерлік табыс көрсе, биыл оның назары қаздың басқа тұқымына ауған.
– Ол – “Линда” деп аталатын қаз тұқымы. Интернет арқылы құстардың тұқымын сараптап көргенімде осы түрінің өсімталдығы, салмағы туралы жылы лебіздер оқыдым. Ал оның шын мәнінде өсімтал құс екендігіне сатып алғаннан кейінгі бір айдың ішінде көзім жетті. Бизнестің тоқетері қалай болатынын көп кешікпей тағы білемін, – дейді кәсіпкер.
Қаздың бұл тұқымы біздің өңірге әлі жеткізілмеген көрінеді, сондықтан ол балапандарды Башқұртстанға барып, алып келген. Ресейлік тұқымның артықшылығын байқап үлгерген кәсіпкер шешімінің оң нәтиже бере бастағанына разы. Жаз бойы таңсәріден көлде жүзіп, күн ұзаққа көкорай шалған шөпке жайылып, жақсы күтім көрген құстардың өсімтал болмауы да екіталай ғой. Күз келіп, қаздар өз бетімен көл жағасында ақ мамықтарын шаша бастағанын көрген адамға бұл малдың зейнеті аз сияқты көрінер, алайда оның жолында қандай қиындықтың еңсерілгенін кәсіпкер ғана біледі.
– Сап-сары қаздың балапанын аяғынан тік тұрғызу үшін маңдай теріңді төгесің. Суға сәл тигізіп алсаң, балапанды аман алып қалу оңайға соқпайды. Балапандар бір ай бойы жақсы бапты талап етеді. Менің бақытыма қарай құс өсіруді қолға алған кезде айға жуық жауын-шашын болмады. Он-оннан қағаз жәшіктерге бөліп салып, бақтым. Әрине, бұл кәсіпке тәуекелге бел буып, кіріскенімді білемін. Құсты қалай бағуды білсең, қапы қалмайсың. Ал одан кейін бұл қанатты еш ауыртпалығын көрсетпей, өз бетінше өсе береді. Оған жемазық та аз керек. Тек су мен жайылым жер болса болғаны, – деп ол қаз өсірудегі біліктілігімен бөлісті.
Таңертең көл жағасына жіберілген құстардың күнұзаққа иесін мазаламай, жайылып жүргенін көрдік. Кешке қарай үй орамында қожайынның жемазығы күтіп тұратынына дағдыланған олар бір-біріне ілесіп, тобын бұзбай, өздері кейін қайтады. Алайда, бұл құс тұқымы жұмыртқа салып, оларды басуға бейімсіз болады екен. Дегенмен, құстың “Линда” тұқымын ұнатқан кәсіпкер келер жылы да осы ісін жалғастырмақ ойы бар. Бүгінгі мың бас қаздан бірнеше ондаған аналық пен аталықтарын іріктеп алып, жұмыртқа салдырып көрмекші. Биылғы түсетін табыстан инкубатор құрылғысын сатып алуды жоспарлап отырғаны да сондықтан.
– Бір мың жұмыртқа бастыртатындай мүмкіндік болса, керемет болар еді. Өз инкубаторыңнан шыққан балапандармен кәсібіңнің еңсесін көтеріп, аз уақыттың ішінде несие қарызынан құтылудың да мүмкіндігі болады. Балапан сату ісі де табысты екенін көріп жүрміз, – деп жоспарлы іс-әрекетімен де таныстырды.
Кәсіпкер өткен жылғы бизнесінде тауар сату ісінің аса қиындық тудырмағанын айтады. Ол Астана нарығына шығып, құс етін саудалапты. Тіпті, Ресейдің Сібірінен келіп, ет әкеткен тұтынушылар болған. Одан қалды ауылдастары да оның қаздарынан дәм татқан. Осы үдеріс биыл да сәтті болар деген үміті бар. Тек аман-есен құстарын сойып, жұлып, жуып алса игі. Әрине, көп құсты үй жағдайында іске жарату да оңай шаруа емес. Сондықтан оның жолдарын бүгіннен ойластырып қойған. Әңгіменің осы тұсында кәсіпкер Мамлюткада құс жұлатын машинкасы бар адаммен келісіп қойғанын, олар өз еңбегіне мамық алатынын жеткізді.
Кездесу соңында күнұзаққа су басында жүрген құстар қолды болып кетпей ме деген біздің күмәнді ойымызды кәсіпкер былай сейілтті:
– Ауылда ондай әрекеттерді байқаған емеспін. Оның үстіне қаздар өздерін қорғай біледі. Кей кездері менің өзім олардың тобырына 10 метрге жақындап қалсам, құстардың бірі бастаса, басқалары да қаңқылдап ала жөнелген кезде ұры тұрмақ, өзімнің құлағым бітеліп қалады. Ерте заманда Римге жасырын келген жаудың пиғылын қаздар сезіп, баршасы қаңқылдап, бүкіл қаланы оятып, елді жаугершіліктен аман алып қалды емес пе? Сондықтан қаз – өзін қорғай алатын құс.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.