Бағлан ҚОЖАҚОВ,
журналист.
Біз сөз еткелі отырған Александр Воронов Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1977 жылы қарапайым тракторшы болып бастап, 1989 жылдан “Лобаново” кеңшарында трактор-егіс бригадасын басқарды. Экономиканың тоқыраған кезінде Шалқар ауылында “Юлия” шаруа қожалығын құрып, егіншілікпен айналыса бастады.
Агроқұрылымның жалпы егістік алқабы 3321 гектарды құрайды, оның 2041 гектарына биыл дәнді дақылдар еккен болатын. Александр Васильевич ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, 14,5 центнерден өнім жинады.
Шаруашылық дәнді дақылдар өсірумен қатар соңғы он жылға жуық уақыттан бері мал шаруашылығымен де айналысады. Өз қаражаттары есебінен 318 бас қара мал алып, ет, сүт өндіруді жолға қойған.
Жыл сайын шаруашылық машина-трактор паркін жаңартуды да естен шығармайды.
Александр Васильевич отбасында зайыбы Лидия Владимировнамен бірге үш бала және үш немере тәрбиелеп отыр. Юлия атты өзінің сүйікті қызының есімімен шаруа қожалығын, ауылдағы дүкенді атаса, ұлы Юрий қожалықтың жанындағы диірмен кешенімен айналысады. Ал кіші ұлы Владимир Көкшетау қаласында тұрғанымен, көктемгі егіс, күзгі орақ науқандарында шаруашылыққа келіп, әкесі мен ағасына қолғабыс етеді, Юрий екеуі тракторға және комбайнға отырып, жұрт қатарлы жұмыс істейді.
ШҚ басшысы ауылдың әлеуметтік-мәдени саласынан тыс қалып көрген емес. Елді мекенді көркейту мен көгалдандыру жұмысына атсалысады. Ол жергілікті мектептің және ауылдық дәрігерлік емдеу мекемесінің жөндеу жұмыстарына үнемі демеушілік көмек көрсетеді. Биыл Шалқар орта мектебінің жөндеу жұмыстарына шаруашылық есебінен 500 мың теңге қаражат бөліп, оқу орнының жаңа маусымға сақадай сай болуына жағдай жасады.
Вороновтар соғыс және еңбек ардагерлеріне де материалдық көмек көрсетіп, қариялардың алғысына бөленіп жүр. Тұрғындардың аз қамтылған бөлігіне жыл сайын қосалқы шаруашылықтарын жүргізу үшін жемшөппен де көмектеседі, қажет кезінде отын және көмірмен де қамтамасыз етеді.
Шаруа қожалығы жыл сайын өтетін аудандық, облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне өз өнімдерімен белсене қатысып, жергілікті тауарлардың сапалылығын танытып жүр.
Осындай ісімен көзге түсіп жүрген Александр Вороновты жерлестері “Еңбегі – ерен, қимылы – берен” біздің Саша деп айтады. Айтса, айтқандай.
Айыртау ауданы.