Елбасы өз Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға үнемі басымдық беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сол себепті осы салаға тікелей қатысты шетін мәселелерге Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде назар аударылуы тектен-тек емес. Онда сөйлеген сөзінде Президент кәсіпкерлікті қолдау тақырыбына арнайы тоқталып, оны өрістетуде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы тиімді тетікке айналғанымен, әлі де қадау-қадау проблемалардың кезігіп отырғанын жасырмады. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жайына арнайы тоқталды. Өміршең тәсілді тиімді пайдалана алмай отырған өңірлер арасында біздің Солтүстік Қазақстан облысы да аталып, 2008 жылдан бері сараптамаға бірде-бір концессиялық ұсыныстың жасалмағаны, даму институттарының, банктердің, зейнетақы қорларының, сақтандыру компанияларының аталмыш бағдарламаларға белсене қатыспайтынын қатты сынға алынды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Иә, қарап отырсақ, бизнесті үйлесімді өркендету қарқынды қадамдар мен маңызды ынталандыру шараларынан кенде емес. Алайда, осындай қолайлы мүмкіндіктер бола тұра, шағын және орта бизнесті экономикалық, әлеуметтік жаңғырту әлеуеті үдерісіне тарту үлесі неге жеткіліксіз деген сауал төңірегінде әңгімелейтін болсақ, бірінші кезекте аса маңызды стратегиялық міндеттерді шешуде жергілікті басқару буынындағы түрлі оралымсыздықтар қылаң береді. Біздің бұлай ой түюімізге жуырда өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің өткен отырысында өзекті мәселелердің талқылануы тамызық болды. Елбасы тапсырмаларын орындауды басты арқау еткен алқалы жиында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендігі, билік тұтқасындағы лауазымды тұлғалардың тиісті бағдарламаларды жүзеге асырудағы кәсіби біліксіздігі, жобаларды жылдамдата жүзеге асырудың орнына бюрократтық пен сөзбұйдалыққа, түрлі заңсыздықтарға салынып, кәсіпкерлерді ығыр ететін жайттар көлденең тартылды.
Бүгінде облыста 14 балабақша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жұмыс істеп, 1218 бүлдіршінді қамтыса, 9 меморандум негізінде қолға алынған жобаның 4-еуі ғана қаржыландырылған. Тек әкімдіктің отырысында “Балапан” бағдарламасының атқарылу барысы қаралып, жергілікті бизнес әлеуетін тиімді пайдалану талаптарынан кейін сең қозғала бастады. Қазір балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 3 пен 6 жас аралығы бойынша 88,6 пайызды құрайды. Геннадий Зенченко, Еркебұлан Мәмбетов, Анатолий Рафальский жетекшілік ететін агроқұрылымдар иесіз қалған ғимараттарды балабақшаларға айналдырып, коммуналдық меншікке өткізген. Облыс орталығында бұрынғы үш балабақша қайтарылып, жекеменшік иелерін тарту көзделген. Десек те, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде білім беру ұйымын ашуда іркілістер жоқ емес. Басты кедергі – қаражат тапшылығы. Жеке кәсіпкер Балдырған Ілиясов “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Баларман” жекеменшік балабақшасын ұйымдастыру үшін банк есігін әбден тоздырғанын, ал басқа кәсіпкерлер қолжетімділік болмағаннан кейін бизнес-жоспарларын қайтарып алуға мәжбүр болғанын айтады.
Әрине, тек биліктегілер мен банктерді ғана кінәлап, күйелей бергеніміз жөн болмас. Жоғарыда аттары аталған ірі шаруашылық басшылары секілді 50х50 бастамасымен өз қаражаттарына әлеуметтік нысандарды қалпына келтірушілер қатары неге аз деген сұрақ туындайды. Біз жақында Шал ақын ауданында іссапармен болғанымызда “Асылхан-Агро” ЖШС өзінің инвесторлық міндетін адал атқармағанының, оның орнын басқан “ТНС-2020” және “Степное-2020” агроқұрылмдарының қысқа уақытта 2,5 миллиард теңгенің инвестициялық, демеушілік көмектерін көрсеткенінің куәсі болдық. Нағыз жанашырлық, халыққа қамқорлық деп осыны айт! Әйтпесе, құр уәдеге тойдырып, жеме-жемге келгенде берген серттен тайып, жалт ете түсетін алдампаз алпауыттар қатары сиремей тұр-ау!
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы Инвестициялық саясат және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Татьяна Долгих кей салалар бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жөнінде іс-шаралар жоспары жасалғанын, мысал ретінде Петропавл қаласында бір ауысымда 500 науқасты қабылдауға қауқарлы кешенді емхана құрылысын, жеке балабақшалар ашуға кәсіпкерлер тартылып жатқанын атады. Құны 2 миллиард теңге тұратын денсаулық сақтау нысаны жалпы тізбеге енгізіліп, ұсыныс Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінен қолдау тауыпты. Бағдарлама үйлестіруші мен инвестордың қатысуымен әзірленген бірлескен жоба кемі 2,5 жылдың ішінде толық жүзеге асатын көрінеді. Баянды болғай дейміз!